«Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директоры таныстырылды

87

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұнай-газ саласының мамандарымен кездесіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Кездесуге «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсейіт Союнов қатысып, «Қазгермұнай» БК» ЖШС-ның жаңа бас директорын таныстырды.

Нұрлыбек Машбекұлы «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылығына Сыр өңіріндегі ауқымды жобалар үшін алғыс білдірді.

«ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Қызылорда қаласының сол жағалауынан Оқушылар сарайының құрылысын қарқынды жүргізуде. Жақын күндері ғимаратты халық игілігіне беретін боламыз. Қайырымдылық акциясына да белсенді қатысып, жыл сайын 70 млн теңгеге жуық қаржы бөліп келеді. Еліміздегі су тасқыны кезінде батыс өңірлерге гуманитарлық көмек жөнелтті. 2022 жылы облыстағы мұнай компаниялары «Қазгермұнайдың» «Оңтүстік Ақсай» кен орнындағы шикі газды өндеу зауытына дейін газ құбырын жеткізу туралы Энергетика министрлігімен меморандумға қол қойған болатын. Қазір құбыр құрылысының жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Бұл бастама арқылы компания өңделетін газ қорын ұлғайтуға және облыстың әлеуметтік-экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Кездесуде «Қазгермұнай» БК» ЖШС бұрынғы бас директоры Ринат Ізмұханбетке Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды. Облыс әкімі компанияның жаңа басшысы Зияш Қияқбаевқа сәттілік тіледі.

Қияқбаев Зияш Қалдыбекұлы 1967 жылы дүниеге келген. 1982 жылы Алматы индустриалды техникумынан «Металл кесетін станоктар мен автоматты желілерді монтаждау және пайдалану» мамандығын алған. 1989 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Шығыстану» факультетін, 1997 жылы Алматы менеджмент мектебінің «МВА» бағдарламасын аяқтаған.

Еңбек жолын 1998-2006 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ жобаларды басқару департаментінің директорлығынан бастап, «Меркурий Инжиниринг» ЖШС директорының бірінші орынбасары, бас директоры болып жұмыс істеді. 2008-2009 жылдары «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ жобалау жөніндегі атқарушы директоры, 2009-2012 жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі, 2012-2014 жылдары басқару департаментінің директоры, техникалық қызмет басшысы лауазымдарын атқарды. 2014-2016 жылдары осы компанияның МТК және ТП ГТС директоры, 2016-2020 жылдары ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі даму департаментінің директоры, 2020-2022 жылдары «Жетісу-ОблГаз» ЖШС бас директоры қызметінде болды. 2022 жылдан осы уақытқа дейін «ҚОР» МК» АҚ бас директорының кеңесшісі лауазымын атқарып келді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<