Жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы механизмі

90

0

Фото: ашық дереккөз

2023 жылғы 3 наурыздан бастап елімізде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) қолданыста.

Заң жеке тұлғалардың қарызымен байланысты мәселелерді шешу үшін 3 рәсім ұсынады: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Соттан тыс банкроттық рәсімін банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар 1 600 АЕК кем болғанда қолдануға болады (борыш 5,9 млн.теңгеден аспайды). Өтініш ХҚКО-да, eGov.kz электрондық үкімет порталы, сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы беріледі.

Рәсім 6 айға созылады, ол аяқталғаннан кейін банкроттың міндеттемелері тоқтатылуға жатады.

Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 29,6 млрд сомаға 13 384 азамат банкрот деп танылды, 6 612 азаматқа қатысты рәсім жүргізілуде.

Сот арқылы банкроттық рәсімін азаматтар егер банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы борышы 1600 АЕК-тен асса немесе сомасына қарамастан өзге де борыштар бойынша, сондай-ақ мүлкі болған кезде қолдана алады.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі сотта қарыздарды бөліп төлеу мүмкіндігін (5 жылға дейін) алуды көздейді. Бұл рәсімнің артықшылығы – одан кейін адамға «банкрот» мәртебесі берілмейді, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.

Сот арқылы банкроттық рәсімін және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға 2,6 мыңнан астам азамат жүгінді. Сот арқылы банкроттық рәсімі 200 борышкерге қатысты жүргізілуде. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіруде – 4 азамат.

Ұсынылған мәліметтерден көріп отырғанымыздай, Заңның ережелері өзінің мақсатты аудиториясын тапты.

Сонымен қатар, құқық қолдану практикасы рәсімдерді оңайлату қажеттігін көрсетті.

Осыған байланысты, 2024 жылғы 19 маусымда Заңға түзетулерге қол қойылды, олар келесіні көздейді:

  1. рәсімдерді қолдану негіздерін қайта қарау

– төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін қарыздар бойынша мерзімін өткізіп алудың болуы және мүліктің болуы міндетті болып табылмайды;

– соттан тыс банкроттық рәсімін жеке тұлғалардың банктік қарыз шарттары, қарыз (несиелік) шарттары және микрокредит беру туралы шарттары бойынша талап ету құқықтарына ие барлық ұйымдар, соның ішінде лицензиясынан айырылған, тарату сатысында тұрған, тиісті тізілімнен шығарылған ұйымдар алдындағы міндеттемелер бойынша қолдануға болады.

2. соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш беруді жеңілдету

борышкер өтініште кредитор туралы, борыш сомасы туралы мәліметтерді көрсету және оған қандай да бір құжаттарды қоса беру міндетінен босатылады.

3. соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдану үшін төлемнің болмау мерзімін есептеуді нақтылау

борыштары бойынша 1 АЕК-тен кем төлемдер өтеу болып есептелмейді, ал ал коллекторлық агенттікке берілген шарттар бойынша өтеудің болмау мерзімі құқық (талап) берілгенге дейін соңғы төлем жасалғаннан күннен бастап есептелетін болады.

4. реттеу мерзімін өзгерту

егер төлемдердің болмау мерзімі 12 айдан асса, қарызды реттеу талап етілмейді.

Аталған түзетулер 2024 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<