Домбыраға құштар Аделина

74

0

Қызылордалық оқушы Аделина Финансова  домбыра үйреніп, ән-күй орындауды жақсы меңгеріп келеді.

Оның қызығушылығы 7-сынып оқып жүргенде басталған екен. Музыка әлеміне жаны жақын жас өренді домбыра бірден-ақ баурады. Алғашқыда ұстазы Жәнібек оны қалай ұстауды үйреткен. Аделина қазір қазақтың ән-күйлерін орындауға машықтанып алды.

– Әрбір музыкалық аспаптың өз құпиясы, өз сыры бар. Сол арқылы халықтың жан дүниесіне бойлай түсетінің анық. Өзім музыкаға жақынмын. Сондықтан үйренуге ықыласым ерекше. Қазақ халқының болмыс-бітімін айшықтайтын домбыра өзіне ерекше баурады. Сол себепті оны үйренуге, арнайы дәріс алуға шешім қабылдадым. Оған ата-анам да қарсы болған жоқ. Қолдау білдірді. Осылайша домбыра үйірмесіне бардым. Алғашқы ұстазым болған Жәнібек ағайға алғыс айтамын. Ол кісі ынта-ықыласымды байқап, қыр-сырын үйрете бастады. Сырт көзге барлығы оңай көрінетін шығар. Десе де мен өз мақсатыма жетуге бар күшімді салдым. Бүгінде осы бір ғажап аспапта шығармаларды орындай алатын деңгейге жеттім. Қазір қосымша домбыра сыныбына барып жүрмін. Болашақта биохимия саласының маманы болғым келеді, – дейді ол.

Аделинаға қазақша үйрену қиынға соға қойған жоқ. Достарының барлығы дерлік қазақтар.

– Бала жасымнан ауызекі тілде сөйлеп өскенмін. Зияткерлік мектепке келгеннен кейін мұнда оны тереңдетіп оқи бастадым. Бұл жөнінен Әсима апайға ризашылығымды білдіремін. Отбасында қазақтың салт-дәстүрін ұстанамыз. Мерекелерді жергілікті жұртпен бірге тойлаймыз, – дейді Аделина бізбен әңгімесінде.

Әділжан ҮМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<