Әсем даусы әуелеген Ақмарал

185

0

Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаеваның есімі Сыр еліне ғана емес, өнерді кие тұтқан бар қазаққа таныс. Жыр дүлдүлі жуырда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай өткен профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері А.Исағұлова атындағы І Халықаралық сырнайшы-әншілер байқауында ІІ орын иеленіп, лауреат атанды.

Өнер өкілі – Шиелі ауданының тумасы, өткен ғасырдың орта шенінде  «Жезкиік» әнімен елге танылған жезтаңдай әнші Әлмырза Ноғайбаевтың қызы. Өмірде ғана емес, өнерде де әке жолын жалғастырған талант иесі.

Ол 1980-1990 жылдар аралығында мектеп қабырғасында жүргенде аудандық музыка мектебінде қосымша білім алып, аккардеон аспабын үйренді. Жас әншінің бойындағы тұнып жатқан талантты өнер жолындағы алғашқы ұстазы Махмуд Асқаров жазбай таныған еді. Жанары ұшқын атқан, жаны таза, қайсар қыздың болашағынан үлкен үміт күтті. Осылайша Ақмарал әке аманатын, ұстаз үмітін, ауыл-аймақтың сенімін арқалай жүріп, өнердің өріне қанат қақты.

Мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Музыка» факультеті жанынан ашылған «Халық әні» кафедрасына оқуға түсті. Университетте білім ала жүріп, ғылыми ізденістерінің нәтижесінде «Әридай», «Қымыз құйғыш», «Бегілер-ай», «Жамалым-ай», «Үкілім-ай» сияқты халық әндерін іздеп тауып, үлкен сахналарда орындап, көрермен көңілінен орын алды.

Еңбек жолын өзі оқыған орта мектепте бастаған әнші қыз одан кейін Маңғыстау облыстық М.Өскінбаев атындағы филармонияда, Атырау облыстық Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінде қызмет атқарып, тәжірибесін толықтыра түсті. Бүгінде облыстық филармонияда дәстүрлі әнші, сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер-жыр» кафедрасында ұстаздық етеді. Сыр сүлейі Нартай мұрасын жалғастырушы жас талапкерлерге бағыт-бағдар беріп, өнер жолына жетелеп келеді. «Педагогика-психология» мамандығының магистрі. Сондай-ақ халықаралық М.Уәлиқызы атындағы конкурстың лауреаты, Ә.Әбуов атындағы облыстық конкурстың бас жүлдегері, Хамза қажы атындағы конкурстың лауреаты, «Дала дауысы» радиофестивалінде, Н.Бекежановтың 125 жылдығында жеңімпаз атанды.

Иә, Шиелі десе көз алдымызға сырнай сазын мың құбылтып, дауысын сәнімен созып, шалқыта шырқайтын Сыр сүлейі Нартай Бекежанов бейнесі келеді. Жас әнші Ақмарал да Нартай сазын ерекше ұнататын. Сондықтан әу бастан құмартып, таңдаған өнері – сырнаймен ән салу. Қолына сырнайын алып, ашық дауысымен әуелете шырқағанда, тыңдаушының тұла бойын шымырлатып, еріксіз елітіп әкетеді. Сөз қандай, сөздің құдіретін танытып тұрған саз қандай десеңші!..

– Сөйлеуден тыйылмаған

қызыл тілім,

Өттің бе зырлауменен,

қайран күнім.

Түлкінің қызылдығы өзіне сор,

Болғандай,

болдың маған өнер, білім.

Жатпадым су түбінде сәдәп болып,

Күнінде шықпас па едім,

дүрге толып,

Байғыздай тас жастанып

жатпай тауда,

Секілді болдым қарға ұшып-қонып.

Бұлттай жауатұғын қайнағаным,

Бұйырған – жұтқан,

күмән шайнағаным.

Өзіме тыныштық жоқ жаныма қас,

Бұлбұлдай жағып

жұртқа сайрағаным, әгигай-ау-ай!

– деп шарықтата түсіп, әсем сазды нақышымен әуелете қайыратын Нартай шығармасы әншінің де жан дүниесімен  үйлесіп, мән-мағынасы арта түскендей.

Өнер әлемінде өзіндік дара болмысы қалыптасқан Ақмарал Ноғайбаева  бұл күні Сыр өнерпаздарының аға буын өкіліне айналды. Тек біздің аймақтың ғана емес, еліміздің әр өңіріндегі үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген талантты әнші өзі қалаған өнер жолында, оның ішінде Сыр саңлағы Нартай Бекежановтың сарқылмас мұрасын дәріптеуде ерекше еңбек етіп келеді.

Атадан қалған асыл сөздің қадірін біліп, қасиетін танып, насихаттап жүрген дәстүрлі өнер иесінің ізінен ерген шәкірттері де ілкі өнердің байрағын биік ұстап, Сыр мәдениетінің дамуына серпінді үлес қосуда.

Қазақта «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» деген керемет тәмсіл бар. Шындығында, ұлттық тәрбиеге тұнып тұрған кешегі Сыр сүлейлерінің мұрасы келер ұрпақтың санасына тамшыдай болсын, сәуле түсірсе ғанибет емес пе?! Олай болса, осынау ғибратты жолда талмай еңбек етіп келе жатқан талант иелері халық алдында қашан да қадірлі.

Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<