Қазақстанда қауын мен қарбыз қанша тұрады

108

0

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Елімізде бақша дақылдарының маусымы басталды. Дүкен сөрелерінде қауын мен қарбыз қаптап, сәйкесінше өнім бағасы арзандай түсті. Қыста сырттан әкелінген қарбыздың келісі 700 теңге немесе одан да жоғары болса, қазір бағасы айтарлықтай арзандаған. Kazinform агенттігінің тілшісі еліміздің түкпір-түкпіріндегі қарбыз мен қауынның бағасына үңіліп көрді.

Шымкент пен Түркістанда қарбыздың келісі 200-300 теңге, ал қауынның бағасы 200-500 теңге. Бұл қалалардағы қауындар еліміз бойынша ең арзан болып саналады.

Ал Қызылордада қауын бағасы 1000-1300 теңге тұрады. Мұндағы қарбыздар да ең арзан өнім қатарында. Әр келісі 90 теңгеге бағаланып отыр.

Ақтөбе, Тараз, Ақтау, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Семей, Жезқазған, Талдықорған, Орал, Өскемен, Астана және Алматы қалаларында қарбыздың келісі 120-190 теңге аралығында сатылады. Атырау мен Павлодарда баға жоғары. Қарбызды кем дегенде 200-250 теңгеге сатып аласыз. Ал, Қонаев қаласында ең қымбат қарбыздар сатылады. Әр келісіне 500 теңгеден санап бересіз.

Қауынның бағасы қарбызға қарағанда қымбат екені айтпаса да түсінікті. Аймақтар бойынша келісіне 200-600 аралығында ауытқиды. Қауынның ең арзаны – Талдықорған мен Таразда (180-200 теңге). Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Көкшетау, Өскемен және Астанада 240-300 теңгеге тең. Десе де, елордалық интернет-дүкендер қауынның келісін 960 теңгеден ұсынып отыр. Қауынның бағасы Қонаев, Петропавл, Қарағанды, Орал, Атырау, Павлодар, Семей қалаларында 450-500 теңге аралығында сатылады. Қостанай мен Жезқазғандағы қауындар ең қымбаты – әр келісіне 590-600 теңге жұмсайсыз.

Қарбыздың әлемдегі ең қымбат сорты – «дэнсукэ» Жапонияда өсіріледі. Оның түсі қара, жолақтары жоқ. Дәмі кәдімгі қарбызға ұқсайды. 2019 жылы 11 келілік «дэнсукэ» аукционда 750 мың жапон иеніне немесе 2,2 миллион теңгеге сатылғанын атап өткен жөн.

Қауынның ең қымбат түрі «юбари кинг» болып саналады. Жапон базарларында бір қауынның бағасы 50-200 долларға бағаланады. 2019 жылы аукциондардың бірінде Токионың Pokka Sapporo Food & Beverage Ltd компаниясы 46 мың долларға, яғни 19 миллион теңгеге екі қауын сатып алған болатын. Юбари өсіру кезінде жемістерге массаж жасалып, өрнек біркелкі және айқын болуы үшін қабығы тегістелетіндігімен танымал. Дәмі қарбыз мен ананас қоспасына ұқсайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<