Зейнетақы қорындағы ақшаны тіс емдеуге жұмсауға тыйым салынады

107

0

Фото: Pexels

Протездеу және тіс имплантаттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаражат пайдалануды 2024 жылғы 10 тамыз бен 2025 жылғы 1 ақпан аралығында уақытша тоқтата тұру жоспарланып отыр.

Біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор «Отбасы банк» АҚ мәліметіне сенсек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражатты стоматологиялық қызметтерге пайдалану кезінде нысаналы емес шығару жағдайлары тіркелген.

Банктің мәліметінше, ол жүргізген қызметтік тексерулердің барысында жалған құжат пайдалану және нақты медициналық қызметтерді көрсетпеу фактілері анықталды.

Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылы 15 ақпанда қабылданған «Емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер енгізу туралы» бұйрықтың жобасын әзірледі. 

Осы бұйрық арқылы протездеу және тіс имплантаттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаражат пайдалануды 2024 жылғы 10 тамыздан 2025 жылғы 1 ақпанға дейін *алты ай мерзімге уақытша тоқтата тұру көзделіп отыр. 

Осы уақыттың ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор БЖТ қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол бермеу және стоматологиялық қызметтер көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде тиісті жұмыс жүргізуге ниетті.

Бұйрықтың жобасы 2024 жылғы 24 шілдеде талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілер порталында орналастырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<