Талай шәкірт шыңдаған

175

0

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Қазалы ауданы «Лақалы ауылдық клубы» – мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосып келетін орны. Олай дейтініміз, осы аядай ғана клубта республикаға танымал өнер майталмандары шыңдалып шыққан.

Біздің кейіпкеріміз – Мейрімхан Мақсатбай осы салада ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп келеді. Ол өнерлі отбасында дүниеге келген. Алты жасынан бастап ән айтып, домбыра, баян тартуды үйренген.

Ауыл мектебін бітірген соң әскери борышын абыроймен өтеп, елге оралады. Сонан соң 1995 жылы «Лақалы ауылдық клубында» сүйемелдеуші болып алғашқы еңбек жолын бастады. 2004 жылдан бүгінге дейін осы клуб меңгерушісі қызметін атқарады. «Мақсатбаевтар» отбасылық ансамблінің негізін қалаушы.                                                                                                                                       

Талай таланттың шыңдалып, қияға қанат қағуына үлес қосты.

2021 жылы Шәкір Бейсенбаевтың 80 жылдығына арналған «Шәкең салған ізбенен» атты облыстық байқауда бас жүлде иегері атанды. Осы жылы мәдениет саласына қосқан үлесі үшін Қазалы ауданы әкімінің «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясымен марапатталды. 2022 жылы «Мәңгілік ел алыптары» ІV республикалық  рухани-патриоттық байқауының «Құрмет грамотасы» табысталды. Өткен жылы Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры А.Райымқұлованың алғыс хатымен марапатталды.

Бірнеше музыкалық аспапта еркін ойнайтын Мейірімханның қоржынында бірнеше ән бар. Сазгер шығармашылығы ел арасында кеңінен орындалып жүр. Алғашқы туындыларының бірі – «Қазақстан», «Соңғы қоңырау», «Қыс қызығы», «Астана» әндері тыңдарманның оң бағасын алып келеді.

– Жақында «Рухани қазына-2024» фестивалінде «Үздік ауылдық клуб» аталымы бойынша үздік атандық. Алдағы  қазан айында Астана қаласында аймақ намысын қорғаймыз. Қызметтік міндетті тиімді атқару үшін алдымен адамның кәсіби деңгейі, біліктілігі жоғары болуы тиіс.  Жас жеткіншектерді ән, домбыра үйірмесіне тұрақты қатыстырып отырамын. Шәкірттерім аудандық деңгейден халықаралық деңгейге дейінгі өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Бұл – біздің жетістігіміз, – дейді өнер өкілі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<