Дүние дүрмек

170

0

Жойқын селдің зардабы

Күні кеше Қырғызстанның Жалал-Абад облысына қарасты Арстанбап ауылында қатты сел жүрді. Көршілес мемлекеттің төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны салдарынан бір аурухана, сауда үйі, бес көпір зақымданып, 23 автокөлікті су шайып кеткенін хабарлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Толассыз жауған жаңбыр ауылға жойқын су ағынын әкелген. Құтқарушылар селдің зардаптарын жоюмен айналысып жатыр.

Бұған дейін Ош қаласында 14 шілдеде сел жүрген. Қала әкімдігінің хабарлауынша, «Мол-Бұлақ» демалыс аймағында ана мен үш қызын сел алып кеткен. Табиғи апат салдарынан құтқарушылар Озгур ауылындағы «Бөрүбай-Ата» демалыс аймағынан 500-ден астам адамды қауіпсіз жерге көшірген.

Қырғызстан министрлер кабинетінің мәліметінше, 20 сәуір мен 1 шілде аралығында республика бойынша 230-дан астам сел оқиғасы тіркелген. Көктем басталғалы Қырғызстанда сел салдарынан ондаған адам қаза тапты.

АҚШ құпия қызметінің басшысы отставкаға кетті

13 шілдеде бұрынғы президент Дональд Трампқа жасалған қастандыққа байланысты Кимберли Читл отставкаға кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Пенсильвания штатының Батлер қаласында өткен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде 20 жастағы Томас Крукс жиналған топқа оқ атқан.  Салдарынан бір адам мерт болып, Трампты қосқанда үш адам жарақат алған болатын. Сол сәтте күзеттегі снайпер Круксты атып өлтірді.

Құпия қызметтің басшысы Читл Конгрессмендер палатасының комитетінде 6 сағат бойы куәлік беріп, сұрақтарға жауап берді. Ол Трампқа жасалған қастандық соңғы онжылдықтағы «ең үлкен сәтсіздік» екенін мойындады және жауапкершілікті өз мойнына алды.

Екі негізгі партияның конгресмендері Читлге өз еркімен қызметінен кетуге кеңес берді. Осылайша Кимберли Читл отставкаға кетті.

АҚШ президенті Джо Байден Читлдің отставкасын қабылдап, осы оқиғаға байланысты арнайы мәлімдеме жасады және оған ондаған жылдар бойы мемлекетке қызметі үшін алғысын білдірді.

Бұған дейін Кимберли Читл отставкаға кетуден бас тартқан еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<