Тамара Дүйсенова: «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда өңіраралық байланысты нығайту керек»

76

0

Фото: Облыс әкімдігі

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасты.

«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде Салтанат Ражатова 8,6 млн теңге несие иеленіп, жылыжай өсіруді қолға алған. Былтыр басталған кәсіп алғашқы жемісін бере бастады. 160 шаршы метр аумаққа қияр егіліп, 60 келі өнім жиналған.

«Отбасымызбен осы жылыжай жұмысын жүргізе бастадық. Әзірге нәтиже жаман емес деп санаймын. Өнімге сұраныс бар. Кәсіпкер үшін маңыздысы осы. «Ауыл аманаты» бойынша берілетін несие шарттары өте тиімді. Тек еңбек етуге ниет болуы керек», – деді Салтанат Ражатова.

Ауданда ауыл шаруашылығынан өзге бағытты таңдағандар да бар. Толқын Бижанова алғашқыда кондитерлік өнімдерді үйден әзірлеп, ауылдастарының тапсырысы бойынша жұмыс істеп келген. «Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп, кәсібін кеңейтіп, цех ашуды ұйғарған. 6,5 млн теңге жеңілдетілген несиенің арқасында мақсаты орындалып, 4 адамды жұмыспен қамтуда.

Ал, Ғалия Қартабаева – аудандағы жас кәсіпкер. «Ауыл аманаты» бағдарламасына ер азаматтар атқаратын тірлікпен айналысуды көздеп, жоба ұсынған. 5,4 млн теңге несие алып, автокөлік жөндеу және жуу орталығын ұйымдастырған. Жұмыспен қамтылған екі адам күніне 5 көлікке қызмет көрсетеді.

«Еңбек етуге ниеті бар адам кез келген кәсіпті қымсынбай қолға алуы керек», – дейді Ғалия Қартабаева.

Қазалыда түйе ұстайтын шаруалар баршылық. Алайда, сүті сауылған күйі сатылуда. Оны терең өңдеуге қатысты кеңес берер, қажет болса, үйретер жандар бар. Мысалы, Алматы облысындағы «Дәулет-Бекет» ауыл шаруашылығы кәсіпорны шұбаттан бірнеше өнім әзірлейді. Тіпті сусынның ұнтақталған түрін ұсынуда.

Аймақ тұрғындарымен, аудан, ауыл әкімдерімен кездескен вице-премьер ауылдарда кооперативке бірігу тәжірибесін кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Елімізде 3-4 адам емес, бір шаруашылық аясында бүтін ауыл боп жұмылудың мысалдары бар. Мәселен, Батыстағы Қоскөл ауылы. Елді мекендегі барлық 227 ауланың басын қосқан серіктестік тәжірибесі туралы ауыл әкімі Әділет Мұсағалиев айтып берді.

Ал, өндірілген өнімді кәдеге жаратудың бір жолы ретінде Түркістан облысының тәжірибесі ұсынылды. Мұнда кәсіпкер Данияр Қалымбетов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аймақтағы әлеуметтік нысандардың асханаларын жөндеп, оларды азық-түлікпен қамту ісін қолға алған. Мектеп-интернаттар, медициналық әлеуметтік нысандарға қызмет көрсетуде. Тағамға қажетті өнімдерді орталықтандырылған жолмен сатып алып, мекемелерді қамтамасыз етеді.

Аталған тәжірибе Сыр өңірінде де енгізілуі мүмкін. Осы ретте «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның көмегі қажет. Шаруалардан сатып алынған көкөніс, ет, сүт өнімдері әлеуметтік нысандар асханаларының қажетіне жарайтын болады.

Тамара Дүйсенова елдегі оң тәжірибелерді кеңінен тарату, өңіраралық байланысты нығайтудың маңызды екенін атап өтті.

«Әр облыстың әрине, өзіндік ерекшеліктері бар. Алайда, өзара байланыс арқылы бірлесіп жетістікке жетуге болары даусыз. Сайып келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға елеулі әсер етеді. Әр азаматтың, отбасының бақуатты болуы мемлекетіміздің тұрақтылығының кепілі екенін естен шығармайық», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<