Қызылордада «Мың бала» спорт кешені ашылды

112

0

Фото: Қала әкімдігі

Бүгін қала әкімі Серік Қожаниязов «Ақмешіт» мөлтек ауданында «Мың бала» спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Шаһар басшысы тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Қызылорда – өркенді өзгерістер мен жаңа жобалар қанат жайған мерейлі мекен. Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің үйлестіруінің арқасында қаламызда тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамалар сәтті жүзеге асуда. Халықтың игілігі, балалардың кемел келешегі үшін заманға сай әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүруде.

Озық ойлы ұлт қалыптастыруда балаларымыздың білімді, салауатты, адал азамат болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Оның дәлелі, облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», «Оқушылар сарайы, физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты, музыкалық колледж және «Жайлы мектептер» салынуда. Бұл – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңірудегі ауқымды шаралар деп түсіну керек.

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының ұйымдастыруымен қаламызда заманауи спорт нысандары бой көтеруде. Биыл қаламызда үстел теннисі орталығы, халықаралық талаптарға сай 10 000 орындық жаңа стадионның құрылысы қарқынды жүруде.

Халықты бұқаралық спортқа баулуға бағытталған игілікті істердің жалғасы ретінде 30 000 баланы спорттық үйірмелермен қамтуға мүмкіндік беретін көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені салынады.

Бүгін Франция елінде бүкіл әлем көз тіккен байрақты бәсеке – XXXIII Жазғы Олимпиада ойындары басталады.

Дүбірлі додаға қаламыздың 4 спортшысы: Қамшыбек Қоңқабаев, Айдос Сұлтанғали, Жұбаназар Абылайхан, Шархан Нұрлыхан қатысып, ел намысын қорғайды. Спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестік білдіреміз, – деді Серік Салауатұлы.

Спорт кешенін салған «Абай-Дәулет» серіктестігінің басшысы Мұрат Абайұлы Сарсенбаевқа қала тұрғындары атынан алғыс білдірілді.

Құны 500 млн. теңгені құрайтын «Мың бала» спорт кешенінің жалпы ауданы – 5000 шаршы метр. Мұнда бокс, кикбокс, таэквондо, дзюдо, самбо, қазақша күрес, грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, футбол, ұлттық би, ұлттық садақ ату спорт түрлерінен 1000-нан аса бала өз шеберліктерін шыңдайтын болады. Бұл кешен «Ақмешіт» мөлтек ауданындағы М.Саламатов көшесінің бойында орналасқан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<