Су жолын бөгеуге болмайды

11

0

Фото: қала әкімдігі

Биыл облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылған болатын. Мекеме қызметкерлері жыл басталысымен су жолдарын зерделеп, каналдар мен арықтарды көктемгі аяқ су беру уақытына дайындады. Ескі насостарды жөндеп, жаңасын алып, мотопомпаларды сайлады. Осылайша аймақ басшысының қолдауымен материалдық-техникалық база жарақтандырылды.

Тыңғылықты дайындықпен жылдағыдан ерте көктемде қалаға аяқ су берілді. Дегенмен, уақыт өте келе кейбір аумақтың тұрғындары тіршілік нәрінің жетіспеушілігін айтып, шағымданды. Әлеуметтік желілерде осы тақырып бойынша қызу пікірталас та туындады. Жағдайға байланысты жауапты саланың мамандары әрбір арықтың бойын жағалап, бөгелген жерлердің көзін ашты. Бұл тұста ерекше атап өту керек, арықтардың бөгелуі кейбір тұрғындардың, кәсіп иелерінің жауапсыздығы мен немқұрайлы көзқарасынан туындап отыр. Осындай олқы ниет салдарынан су діттеген жеріне жетпей келеді.

Қаладағы бірқатар нысандарды аралау барысында қала әкімі Серік Қожаниязов БАҚ өкілдерімен бірге К.Шөкенов көшесінде орналасқан жеке балабақшаның әрекетін әшкереледі. Олар арықты қоршаулап алып, судың жолына кедергілер жасаған.

– Су жолы ортақ мүдде үшін қызмет етеді. Арықты жеке иелігіне бұрып алуға және бөгеуге болмайды. Реті келсе, арықтарды таза ұстап, жолын ашып, жұртқа жақсылық жасағанға не жетсін! Қазақта «Бір құдықтан мың кісі су ішеді» деген сөз бар ғой, бұл да дәл солай. Бір арықтың суы қаншама аумақты суландырады. Осыған қала тұрғындары түсіністікпен қараса деймін, – деп шаһар басшысы журналистерге мәселенінің маңыздылығын түсіндірді.

Шынтуайтына келгенде, қазіргі жаздың аптап ыстығында көктемде егілген ағаш, көгал, гүлдер суға жиі шөліркейді. Осындай мезгілде су жолын бөгеуге жол бермеу керек. Бұл туған қаламыздың жасыл желегі үшін өте езекті екені айдан анық.

Өз кезегінде Серік Салауатұлы қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне бөгелген су арнасын ашып, оған кедергі келтірген азаматтарға заң шеңберінде шара көру жөнінде тапсырма берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<