Қызылордалық ғалымдардың бес жобасы грант жеңіп алды

13

0

Фото: Қорқыт ата атындағы ҚУ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана ғалымдарының бес жобасы үздіктер қатарынан табылып, гранттық қаржыландыруға ие болды.

Университеттің ғалымдары 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурсына өз еңбектерін ұсынған болатын.

Химия ғылымдарының кандидаты, профессор, «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың бас ғылыми қызметкері Нұрбол Аппазов «Жаңа 7-азакумарин платформасы негізіндегі ісікке қарсы құралдардың молекулалық дизайны» атты жобасын жүзеге асырмақ.

Ал химия ғылымдарының кандидаты, PhD, «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың жетекшісі Нұрғали Ақылбеков «Ісікке қарсы перспективті агенттер – жаңа 1-сульфонилпирролидиндерді құру стратегиясы» атты жобаны қолға алмақ.

«Биомедициналық қолдану үшін циклдік амидин жүйелерінің және олардың табиғи қышқылдары бар конъюгаттарының дизайны, синтезі және химиялық трансформациясы» атты жоба да қаржылық қолдауға ие болды. Жоба жетешісі химия ғылымдарының кандидаты, PhD, «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың аға ғылыми қызметкері Рахымжан Тұрманов.

Ғылым саласына саналы ғұмырын арнаған профессор Анипа Тапалова «Күріш қауызынан алынатын өсімдік майы май қышқылдарының моно және диглицеридтерін фармакофорлы фрагменттермен модификациялау – ісікке қарсы қосылыстарды жасау» жобасын іске асырмақ.

Жетекші ғылыми қызметкер, техника ғылымдарының кандидаты Роза Нарманова «Биоремедиация стратегиясын таңдау үшін Арал өңірінің мұнаймен ластанған топырақтары микроорганизмдерінің таксономиялық әртүрлілігін және биотехнологиялық әлеуетін зерттеу» атты жобаны ұсынған.

Ғылыми жобалардың бесеуі де өңір үшін өзекті. Грантты иеленген ғалымдар енді жаңашыл идеяларын іске асыруға кіріспек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<