Жария талқылау: Қазақстанға АЭС керек пе?

12

0

Сурет ашық дереккөзден

Сейсенбі күні облыстық жастар ресурстық орталығында Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті. ҮЕҰ өңірлік Альянсы мен облыстық Қоғамдық кеңес ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық кеңестің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, экологтар, саяси партиялардың, БАҚ өкілдері, облыс тұрғындары қатысты.

Жиынды облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов жүргізді. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықпен алдын ала талқылай отырып, Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастамашы болды. Сондай-ақ биылғы маусымда БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесі бойынша референдум алдағы күзде өтетінін айтты. Референдум халықтың АЭС салудың керектігі немесе қажет еместігі туралы таңдау жасауына мүмкіндік береді.

Әріп Хожбанов жария талқылауға азаматтық қоғам институттарының бастамашы болғанын айтты. Бір айға жуық уақыт бұрын Анар Ізден басқаратын облыстық Азаматтық Альянс қауымдастығынан мәселеге қатысты жария талқылауды облыстық Қоғамдық кеңес алаңында өткізуді ұсынған хаты түскен.

– Бүгінгі күнге дейін республиканың оннан астам аймақтарында АЭС салуға қатысты жария талқылаулар өтті. Негізгі мақсат – халықты кеңінен ақпараттандыру, ұсыныс-пікірлерді білу. Өзге өңірлерде тұрғындар тарапынан жүйелі мәселелер көтеріліп, салмақты ұсыныстар басшылыққа алынды. Тақырыптың өте өзекті болуына орай қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп, түрлі алып-қашпа әңгімелердің де еруі – заңдылық. Оның негізгі себебі кәсіби мамандар тарапынан толық және жан-жақты сараланған ақпараттың халыққа кеңінен жетпеуі деп білемін, – деді Әріп Хожбанов.

Жиында тақырып бойынша ҚР Энергетика министрлігінің, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Ядролық физика институты» РМК өкілдері сөз сөйледі. Спикерлер атом энергетикасын дамытудың жоспары, атом электр станциясы құрылысының қауіпсіздігі, экологиялық тазалығы және экономикалық тиімділігі жайында әңгімеледі.

Көмір станцияларына инвестиция бөлінбейді

ҚР Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова еліміздегі электр энергиясына деген сұраныстың артуы мен СО2 шығарындыларын азайтуға деген ұмтылысты ескере отырып, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту қажеттілігіне жиналған қауымның назарын аудартты.

– Қазақстанда өндірілген энергияның 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін стансаларда өндіріледі. Станциялардың тозу деңгейі өте жоғары. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну 3 пайызға өсуде. Болашақта жаңа станциялар салу керек. Сондықтан Үкімет алдағы 10 жылда, яғни 2035 жылға қарай 26,5 ГВт-тан астам жаңа генерация енгізуді жоспарлады, – деді Гүлмира Мұрсалова.

Бүгінде елімізде жаңартылған энергия көздері дамытылып жатыр. Күн, жел электр станциялары жұмыс істеуде. Қызылорда, Түркістан облыстарында, Алматы, Шымкент қалаларында газбен жұмыс істейтін станциялар да салынады. Мұндай ірі жобалармен қатар көмірмен жұмыс істейтін станциялар да салынуда.

Алайда қазіргі халықаралық экологиялық саясатқа байланысты көмірмен жұмыс істейтін станцияларға инвестиция бөлінбейді. Халықаралық қаржы ұйымдары оған тыйым салған. Себебі олардың СО2 шығарындылары өте жоғары. Мысалы, Қазақстандағы көмірқышқыл газ шығындыларының 80 пайызға жуығы энергетикаға тиесілі.

Сондықтан біз жасыл энергияға қарап отырмыз. Жасыл энергияға АЭС те жатады. Мысалы, қуаттылығы бірдей 1 ГВт көмірмен жұмыс істейтін және АЭС-пен салыстырсақ, біз СО2 шығарындыларын 7-10 миллион тоннаға дейін қысқарта аламыз.

Жасыл энергияның да кемшілігі бар

Сондай-ақ, спикер еліміз жасыл энергияға көшуді, 2060 жылға дейін көмірқышқыл газдарының шығындыларын нөлге дейін жеткізуді мақсат етіп отырғанын айтты. Қазіргі уақытта 148 нысан жаңартылған энергия өндіреді. Оның ішінде 46 күн электр станциясы, 59 жел электр станциясы бар. Бұған дейін 2025 жылға қарай жаңартылған энергия көздерінің үлесін 6 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған болса, бұл межеге былтыр қол жеткізілген. Қазіргі таңда бүкіл өндірілетін энергияның ішінде жаңартылған энергия үлесі 6,5 пайызды құрап отыр.

– Осы жаңартылған энергия көздерінің бір кемшілігі бар. Жел мен күн жоқ кезде электр энергиясы да жоқ. Жаңартылған энергия қуатын пайдалану коэффициентін қарасақ, жел электр станцияларының тек 35-40 пайызын, күн электр станцияларының 18 пайызын ғана аламыз. Сол себепті бізге тұрақты, үздіксіз жұмыс істейтін станцияларды салу қажет. Қазіргі уақытта тәулік бойы энергия беретін тек көмірмен жұмыс істейтін станциялар. Алайда, ол жасыл энергияға жатпайды.

Жасыл энергияға жататын тұрақты энергия атом энергиясы. Сол себепті бүкіл әлем осы атом энергетикасын дамытуды мақсат етіп отыр, – деді Гүлмира Мұрсалова.

Қазір әлем бойынша 416 реактор жұмыс істеп тұр. Ең көп реактор АҚШ-та – 94, жер аумағы шағын Францияның өзінде 56 реактор жұмыс істейді. БАӘ осы жылы бірінші АЭС-ін салып бітірді. Беларусь мемлекеті алғашқы АЭС-ін іске қосты. Сондай-ақ Түркия өзінің алғашқы АЭС-ін салып жатыр. Көршілес Өзбекстан да АЭС салуды жоспарлап отыр.

Бұл ретте министрлік өкілі Қазақстанның атом саласында тәжірибесі өте жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ еліміз уран өндірумен қатар, Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытында дайын ядролық отын дайындайды. Атом энергетикасында қауіпсіздіктің ең басты факторларының бірі осы ядролық отын десек, қазірдің өзінде еліміз оны өндіріп, Қытай сияқты алпауыт елдерге экспорттап, еліміздегі жұмыс істеп тұрған үш зерттеу реакторларын да қамтамасыз етіп отыр.

Төрт технология таңдап алынды

Жиында «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы басқармасының жетекші инженері Асуан Сиябеков АЭС үшін елімізде екі орын қарастырылып отырғанын айтты.

– Олар – Абай облысы Курчатов қаласы мен Алматы облысының Үлкен ауылы. Бұл екі жердің де барлық жағдайы, болашақта энергия тапшылығы туындауы ескеріліп таңдалған, яғни, техникалық сипаттамалары бірдей. Бұған дейін АЭС үшін 13 реакторлық технология қарастырылған болатын. Олар техникалық, экономикалық сипаттамалары бойынша сүзгіден өтіп, нәтижесінде Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея мен Франция технологиялары іріктеп алынды. Төрт технологияның да сипаттамалары бірдей. Қуаттылығы 1200-1400 МВт-ға дейін, – деді ол.

Сондай-ақ АЭС салу экономикамызға оң серпін беретінін айтты. АЭС салынатын болса экономиканың барлық салаларына, сондай-ақ ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң мультипликативтік әсер етеді. Жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді.

Атом энергиясының артықшылығы неде?

Қазақстанда АЭС салу атом индустриясы үшін және тұтастай алғанда, еліміздің бүкіл экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Мысалы, ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлардың өсуіне, өнеркәсіпті дамытуға, өзімізде өндірілетін ядролық отын базасын кешенді пайдалануға мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, құрылыс кезінде 8 мың жаңа жұмыс орны, пайдалану кезеңінде 2 мың адамға дейін сапалы кадрлар құрылады. АЭС салу кезінде әрбір жұмыс орны экономиканың аралас салаларында оннан астам жұмыс орнын құрады. Ең бастысы – нысан халықты 60 жылдан астам уақыт тұрақты, сенімді энергиямен қамтамасыз етеді.

Асуан Сиябеков АЭС салудың одан бөлек басқа да бірқатар экономикалық, әлеуметтік, техникалық және экологиялық артықшылықтарға ие екенін айтты. Жыл сайын өсіп келе жатқан энергия тапшылығын, Қазақстан үкіметі ресми түрде қабылдаған көміртексіз энергетикаға көшу бағытын, сондай-ақ елде шикізат және өндірістік базаның болуын ескере отырып, Қазақстанда атом-энергетика саласын дамыту қисынды және заңды қадам.

Қауіпсіздік жайы да сөз болды

Бұдан бөлек, Асуан Сиябеков АЭС-тің суды тұтынуына қатысты да алаңдауға себеп жоқ екеніне, қауіпсіздік үшін сейсмика және су тұтыну мәселелері мұқият қаралатынына назар аударды. АЭС-тің заманауи технологиялары, мысалы, құрғақ градирняларды пайдалану су тұтыну көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

Жария талқылау кезінде осы қауіпсіздік жайы да сөз болды. «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық Орталығы» РМК «Атом энергиясы институты» филиалы директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев әлем елдеріндегі АЭС реакторының даму эволюциясына тоқталды.

– Алғашқысы 1950-1960 жылдары салынды. Бұл – ядролық энергиядан жылу энергиясын, электр энергиясын алуға бағытталған бірінші жоба. Екінші буындағы реакторлар 1970-1980 жылдары салынды. Негізінен коммерциялық реакторлар саналады. Дәл осы реакторлар «Чернобыль» мен «Фукусимада» қолданылды. Қазіргі уақытта осы буынның реакторлары әлі де жұмыс істеп тұр. Үшінші буындағы реакторлар – 1990-2020 жыл аралығында салынған, салынып жатқан реакторлар. Соңғысында бұған дейінгі барлық авариялық жағдайлар ескерілген. Төртінші буындағы реакторлары әзірге жоба ғана. Біздің қарап отырғанымыз 3+ буынындағы реактор. 8 балдық жер сілкінісінде, су тасқынында, жылдамдығы 56 м/с дейінгі қатты жел, дауылда да шыдамды деп танылған. Ауыр авария жайына келер болсақ, 10 миллион жыл ішінде бір оқиға болуы мүмкін, – деді ол.

Елде атом саласына маман жеткілікті

Ал елімізде атом электр станциясы салынған күнде де, кадрлармен қамтамасыз ету, бұл салаға жауапты бола алатын маман бар ма деген сауалға «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев жауап берді. Ғалымның айтуынша, атом саласы еліміз үшін таңсық дүние емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның 15 мыңы – негізгі өндірістік персонал.

Сондай-ақ ондаған жыл бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан «Ұлттық ядролық орталық» пен «Ядролық физика институтының» мамандары шетелдік әріптестерінен білім мен біліктілігі жағынан еш кем түспейді. Бұл орталықтар атом электр станцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтармен бірлесе жұмыстар істеуде екен. Олардың жұмыстарының нәтижелері Жапония, Франция және басқа да ядролық ғалымдарымыз ынтымақтасатын елдердің бірқатар инновациялық атом электр станциялары жобаларында ескерілген.

– Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі талқылаулар мен әртүрлі пікірталастар аясында еліміздің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудағы ұстанымын ерекше атап өткен жөн. Мәселен, Ядролық физика институты негізінде 57 жыл бойы қазақстандық су-сулы реакторы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл республикамыздағы жалғыз стационарлық, көп мақсатты – іргелі, қолданбалы зерттеулер, медициналық және өнеркәсіптік радиоизотопты өнімдерді өндіру бойынша зерттеу реакторы. Ол елімізде атом электор станциясын салу үшін қарастырылып жатқан реакторлардың түп үлгісі болып табылады, – дейді Саябек Сахиев.

Ғалым атомдарды экономиканың барлық салаларында – өнеркәсіпте, медицинада, ауыл шаруашылығында, азық-түлік өңдеуде және басқа да жақсы мақсаттар үшін пайдалануға болатынын айтты. Оның айтуынша, атом электр станциясы – бұл экологиялық таза, сонымен қатар ел тұрғындарын 100 жыл бойы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін негізгі электр энергиясы.

– Біздегі зерттеу реакторы жұмыс істеп келе жатқанына 57 жыл болды. Бір оқыс оқиға болған жоқ. Ал ол МАГАТЭ үшін мынау атом электр станциясы, мынау зерттеу реакторы, мынаған талапты төмендетейік деген шарт жоқ. Екеуіне талап бірдей. Сондықтан барлық қазақстандықтарға айтарым, Алматының түбінде 20 шақырым жерде, 56 жыл болды, атом электр станциясы бар деп есептей беріңіздер, – деді С.Сахиев.

Сондай-ақ ғалым атом саласының ұлттық кәсіпорындары біліктілігінің жоғары деңгейін және кадрлық әлеуетін атап өтіп, «Ядролық физика институтында» жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер туралы айтып берді.

АЭС мәселесінде ашықтық маңызды

Жария талқылауға қатысушылар АЭС қауіпсіздігіне, оны пайдалануға, жобаны қаржыландыруға, кадрлар даярлауға, сондай-ақ қазіргі жағдайға және отандық энергетикалық кешеннің даму болжамына қатысты сұрақтар қойды. Облыс ардагерлері мен қоғам белсенділері жобаны іске асыру кезінде барлық кезеңдерде ашықтықты, шешім қабылдауға жұртшылықтың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Сондай-ақ энергетика саласының мамандары өз пікірлерін ортаға салып, АЭС құрылысының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін, оның ішінде энергетикалық кешенді ұлғайту, адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін маңыздылығын атап өтті.

Жиын соңында пікір алмасу кезінде И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Әбдікәрімов жария талқылауда ең маңызды үш тақырып – АЭС салу қажеттілігі, оның қауіпсіздігі және халыққа қандай пайда әкелетінін талқыға салынғанын айтты.

– Қауіпсіздік туралы айтқанда, қауіпсіздік шаралары сақталмаған «Чернобыль» АЭС-тегі қайғылы оқиға жұртшылықтың санасында күшейе түскені анық. Осыған қарамастан, бүгінде Украинада бес атом электр станциясы жұмыс істейді. Ал Жапонияда «Фукусима» атом электр станциясындағы апатқа қарамастан, адамдар атом энергиясынан бас тартқан жоқ, қазір бұл елде 21 реактор жұмыс істейді. Бүгінгі таңда әлемнің 18 елі 57 ГВт электр энергиясын өндіреді. Қазір энергияға үлкен қажеттілік бар. Атом электр станциялары жаңа қуат, зор қуат көзі екені анық. Жердің байлығын, қазынасын халық игілігіне жұмсауымыз керек. Сондықтан біз өз елімізде атом электр станциясын салуға тиіспіз, – деді ол.

Шешімді халық қабылдайды

Сонымен қатар, Сенаторлар кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы ауқымды жоба туралы жұртшылықты кеңінен хабардар ету қажетін айтты.

– Елімізде атом электр станциясын салу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Мен Қазақстан Республикасы Президентінің осы мәселе бойынша референдум өткізу туралы бастамасын толық қолдаймын. Бұл дұрыс, өйткені мұндай маңызды міндетті шешу үшін халықтың пікірі қажет. Мен көптеген елде болдым, қазір республикамызда атом электр станциясын салу қажет екеніне көзім жетті. Біріншіден, Қазақстанда электр қуатының тапшылығы артып келеді. Біз уран өндіруден әлемде бірінші орындамыз. Ал бұл саланы одан әрі дамытуда бізде қиындықтар болмайды деп ойлаймын.

Екіншіден, жаңа энергетикалық жоба ғылыми-техникалық прогреске серпін береді. Үшіншіден, көптеген жетекші елде атом электр станциялары бар, соның ішінде Еуропа, Қытай, Ресей, АҚШ, Жапония. Ал Қазақстан да әлемдік державаларға ілесе отырып, заман талабына сай болуы керек. Тағы бір мәселе – атом электр станцияларын кім және қайда салады? Бұл мәселеде әлемдік тәжірибені қолдану маңызды. Халқымыз референдумда еліміз үшін соншалықты маңызды әрі қажетті атом электр станциясының құрылысын қолдайды деп ойлаймын, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Өз кезегінде ұйымдастырушылар жобаны одан әрі ілгерілетуде барлық айтылған пікірлер мен ұсыныстар ескерілетінін жеткізді. Мәселе бойынша түпкілікті шешімді осы күзде өтетінін референдумда халық қабылдайды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<