Ел сыйлаған азамат

12

0

Шиелі – Сыр Ана мен қарт Қаратаудың екі арасын алып жатқан киелі мекен. Бұл жерде екі мәрте Социалистік Еңбек ері, дала академигі Ыбырай Жақаев дүниеге келген. Әбділда Тәжібаев, Шахмардан Есенов, Мұстафа Шоқай, Нартай Бекежановтың кіндік қаны тамған жер. Қай кезде де елдің ардақ тұтар азаматтары ауызбірлікті сақтаған, үлкенге құрмет, кішіге ізеттік танытып, парасатты болмыс иесі атанған. Міне осындай ағалардың бірі  Сәду Ысқақұлы 1922 жылы «Ортақшылға» қарасты «Жүз сом» деген жерде дүниеге келген. «Жүз сом» тоғаны әлі күнге дейін тұр.

Атасы Ысқақ Қойшыбекұлынан Салық, Сәду, Өтеген, Мәулен атты 4 ұл тараған.

Сәду Ысқақұлы 1950 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының «Мақтарал» ауданында бригадир, колхоз басқармасының орынбасары, колхоз бастығы, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған.

1972 жылы ұрпақтарын туған жерге, өзінің елі Шиелі ауданына Шымкент қаласынан көшіріп алып келді.

Келгеннен соң «Сырдария» қаракөл қой совхозының №1 фермасына меңгерушілік қызметке кірісті. Ферма орталығы дарияның арғы бетіндегі «Қызылқайың» ауылы. Қызылқұмның етегіндегі қой шаруашылығында қызу еңбекке кірісіп кетті. Шаруашылықты басқару – үлкен өнер әрі жауапкершілік. Сәкең үлкен-кішімен тіл табысып, барлық мәселені кеңесе отырып ақылмен шешетін. Сабырлы мінез, байсалдылығы, салауаттылығы мен салихалылығы, іргелі істерді шешудің негізгі жолы еді. Төбеде отырып төрелік айту екінің – бірінде кездесе бермейтін жаратылыс. Осындай қасиет дарыған жан еді. Дастарқан басында, ағайын арасында, жиындарда қай деңгейдегі болмасын басшылықтар алдында қасқайып тұрып ойын жеткізе алатын, тізесін бүкпеген батыл да арлы азамат болды. Ұрпақ өсірді, оларға білім берді. Күлпатша Қозыбайқызы жеңгеміз екеуі 1 ұл, 5 қызды дүниеге әкелді.

Үлкені Тұрғанай Сәдуқызы – ұстаз, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры болды. Болғанай мен Ұлжан да – ұстаз.

Ұлы Оспан Ысқақов – Самарқан зоотехникалық қаракөл институтын бітірген. Ғалым-зоотехник. «Сырдария» қаракөл совхозының бас зоотехнигі болды, аудандық ветеринария саласын басқарды. Аудандық партия комитетінде түрлі қызмет атқарды. «Ортақшыл» ауылдық округінің әкімі болды. Қазір құрметті демалыста.

Айжан Ысқақова – Қазақстан теміржолында қызмет атқарған. Ал Тоғжан Ысқақова ұстаздық қызметте болып, еңбек демалысында.

Сәкең жақсы басшы әрі өзіндік тәжірибе мектебі қалыптасқан маман болды. Өзімен қойын-қолтық жүріп, бірге күндіз-түні еңбек еткен Қапбар Тымбаулиев, Сағымбай Үсенбаев, Қыдырбай Әбдіреев, Серікбай Мұсалдаев, Асылбек Тымбаулиев, Хамит Қалиасқаров, Сайлау Сейітов, Аспандияр Уалиханов, Мамытбек Құлтаевпен түсінісіп, сыйластықта болып қызмет жасады. Мал басын аман сақтап, мемлекет берген жоспарларды асыра орындап отырды. Қай кезде де тіршілік тұтқасын ұстайтын тұлғалардың болатыны шындық. Өз ауылындағы бүкіл совхоз басшылары Сәкеңді сыйлады, құрметтеді, пір тұтты. «Қызылқайың» ауылын тоздырмай ұстап тұрды. Оның бойындағы қабілет пен қарым – кез келген кісіге қонбайтын дүние. Осындай абзал жанның өмірден озуы бәрімізге оңай тиген жоқ.

Мен Сәкеңмен ағайын бас қосқан жиындарда, елде болатын келелі кеңестерде, аудандағы халық санағы, сайлау науқандарында талай мәрте бірге болдым. Ойға алып жүрген естеліктерімді аз да болса осылай қағазға түсіруге тура келді. Өйткені, өмір жолы өнеге, халқына салиқалы қызмет жасап, ізгілік ізін қалдырған абзал ағаның ғибратты жолы ұрпаққа  тәрбие болуы тиіс.

Сәруар ЕСЕНҚҰЛОВ,

ардагер-ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<