«Кемі қола жүлде»: Нұрбек Оралбай Олимпиаданың жартылай финалына өтті

12

0

Фото: ҰОК

Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін қазақ боксшыларынан бірінші болып шаршы алаңға Нұрбек Оралбай шықты. 80 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан отандасымыз ширек финалда әзербайжандық Мурад Аллахбердиевпен жұдырықтасты.

Нәтижесінде Нұрбек Оралбай қарсыласынан айласын асырып, қазақ боксшыларынан бірінші болып жартылай финалға шықты.

Айта кетсек, Нұрбек Оралбай осыған дейін австралиялық Каллум Петерсті жарыс жолынан тайдырып, ширек финалға өткен болатын.

Естеріңізге сала кетейік, кеше ширек финалда 92 келіге дейінгі салмақта Нұрбектің егізі Айбек Оралбай Әзербайжан боксшысы Лорен Берто Альфонсо Домингестен ұтылып, Олимпиада ойындарын аяқтаған еді.

Енді Астана уақытымен 23:30-да әйелдер арасында Карина Ибрагимова ширек финалға шығу үшін пуэрто-риколық Ашлэйн Мотта Лозадамен бокстасады. Сонымен қатар, 3 тамызға ауған түні, 00:20-да ерлер арасында қазақстандық Сәкен Бибосынов пен өзбек Хасанбой Дусматов арасындағы ширек финал жекпе-жегі өтеді.

Бибосынов пен Дусматов былтыр Азия ойындарының екінші айналымында бокстасып, Дусматов жеңіске жеткен еді. Дусматов – Рио Олимпиадасының чемпионы, ал Бибосынов – Токио олимпиадасының қола жүлдегері.

Бүгін қазақстандық спортшылар спорттың 8 түрінен – стендтік ату, академиялық есу, дзюдо, жеңіл атлетика, жүзу, семсерлесу, бокс және батут гимнастикасынан бақ сынап жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<