Тарихи маңызға ие сапар

14

0

«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессоны салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстан мен Конго президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессо БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Шағын құрамда өткен келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Конго арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады. Өзекті мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Осыдан кейін екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Конго Президентінің қазақ жеріне алғашқы сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

– Біз Конго Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс пен инвестиция, жаңа технологиялар мен ғарышты игеру бағыттары бойынша екі ел арасындағы ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгінгі қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Осы ниетіміздің айғағы ретінде біз Конгоға Елші тағайындаймыз, – деді Президент. 

Мемлекеттер басшылары Қазақстан-Конго серіктестігінің даму перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, тараптар сауда-экономика, энергетика, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру, тау-кен өндірісі және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықты кеңейту мәселелеріне айрықша назар аударды. Келіссөз соңында Дени Сассу-Нгессо Қасым-Жомарт Тоқаевты Конго еліне сапармен келуге шақырды.

Мұнан кейін Қазақстан мен Конго президенттері БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Қазақстан Президенті, ең алдымен, өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге ресми сапармен келгені үшін Дени Сассу-Нгессоға ризашылығын білдірді. – Бұл сапар екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға жол ашады. Құрлықаралық байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Біз бірқатар маңызды мәселеге қатысты келіссөз жүргіздік. Мазмұнды әрі мағыналы кездесу болды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазір халықаралық саясатта және әлем экономикасында Африка мемлекеттерінің рөлі артып келе жатқанына тоқталып, бұл елдермен ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі екенін айтты. – Біздің мемлекеттеріміз бір-бірінен алыста жатыр. Соған қарамастан тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз. Конго Республикасының өзара тиімді ықпалдастық орнатуға деген ниетін толық қолдаймыз. Биыл Астана мен Браззавиль арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 25 жыл толды. Осы кезеңде достық пен өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынасымыз нығая түсті. Оны тың қарқынмен дамытуға мүмкіндік бар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоның елімізге сапары тарихи маңызға ие екенін айтты. – Бұл сапар Қазақстан мен Конгоның қарым-қатынастарына тың серпін береді деп санаймын. Сонымен қатар Орталық Азия мен Африка арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге ықпал етері сөзсіз, – деді Президент.

Конго Республикасы Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<