Энергетикалық әлеует: Нарық және алдағы міндет

15

0

ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов аймаққа іссапармен келді. Іссапар барысында вице-министр халықпен кездесіп, тұрғындар сауалына жауап берді. Сондай-ақ, өңірдің отын-энергетикалық кешенінің қазіргі жағдайын  сөз етті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары  Ардақ Зебешев қатысты.

Қызылорда облысы – мұнай өндіру көлемі бойынша республикада 5-ші өңір. Өткен жылы 3,7 млн тонна «қара алтын» өндірілген. Жыл сайын көрсеткіш төмендеуде.

− Қызылорда облысында игеріліп жатқан кен орындарының басым бөлігі игерудің кеш сатыларында тұр. Бұл мұнай өндірудің жыл сайынғы табиғи төмендеуін көрсетеді. Бүгінде жер қойнауын пайдаланушыларды қолдау және кен орындарының өмірлік циклін ұзарту мақсатында Энергетика министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, өндірудің жаңа технологияларын дамытуға және енгізуге міндетті түрде қайта инвестициялау шартымен жетілген кен орындарын, оның ішінде салықтық сипаттағы қолдау шараларының топтамасын ұсыну мәселесін пысықтауда, − деді Ә.Жамауов.

Жиында вице-министр тауарлық газ өндірісіне де тоқталды. Оның айтуынша, былтыр  тауарлық газ өндірісі 197,1 млн текше метрді құраған. Ал биылғы  жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 112,5 млн текше метрге жеткен.

Тауарлық газ өндіру көлемін ұлғайту мақсатында қазіргі уақытта «Оңтүстік Ақсай» газ конденсатты кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілген. Ол жерден жылына 100 млн текше метр шикі газды өндіру жоспарланған. Газдың бұл көлемі «Ақшабұлақ» кен орнындағы газ дайындау қондырғысында өңделетін болады.

Бұдан басқа жергілікті жер қойнауын пайдаланушылармен аймақтың газ ресурстық базасын пайдалану бойынша жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша қосымша 300 млн текше метр газ анықталуда.

Ал газдандыру мәселесіне келсек, аймақтың  газдандыру деңгейі  75%-ды құрайды. Газбен жабдықтау жобаларын іске асыру әртүрлі қаржыландыру бағдарламалары арқылы, жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ «ҚазақГаз» компаниясының қаражаты есебінен жүргізіледі.

Биыл өңірде  13 жобаны іске асыруға 3,9 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген. Үкіметтің 2024 жылға арналған экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау шеңберінде 16 жобаны іске асыру үшін қосымша 24 млрд теңге қарастырылған. Аталған жобалар іске асса, 8 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі.

Еліміздегі өзекті мәселенің бірі – сұйытылған  мұнай газ нарығы. Қазір облыста сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы 1 литріне 70-75 теңгені құрайды. Өңірде 6 газ толтыру, 210 автогаз құю станциясы бар. Осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында қызылордалықтар 52 мың тонна сұйытылған мұнай газын тұтынған.

− Біз ұзақмерзімді баға тұрақтылығын және бағаның алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, сұйытылған мұнай газ нарығын реформалау бойынша шаралар қабылдап жатқанымызды атап өткім келеді. Бұл шаралар сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек сауда бағасын белгілеуге,  күрт өсуін болдырмауға мүмкіндік береді, − деді вице-министр.

Энергетика – экономиканың драйвері десек, биыл өңірде электр энергиясын өндіру көлемі 0,3 млрд кВт сағ құрады. Ал оны тұтыну 1,2 млрд кВт сағ-қа жеткен. Облыстың электр және жылу энергиясына деген қажеттілігін «Қызылордажылуэлектрорталығы» қамтамасыз етеді. Оның белгіленген электр қуаты 113 МВт, жылу қуаты 599 Гкал/сағ. Жергілікті жылу-электр орталығы 1964 жылы пайдалануға берілген. Осы ретте аймақта қуаты 240 МВт және 283 Гкал заманауи үлгідегі бу-газ қондырғысы салынуда.

Жалпы облыста қуаты 89 МВт болатын 6 жаңартылатын энергия көздері объектісі жұмыс істейді. Сондай-ақ «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау бойынша қаржы-есеп айырысу орталығымен» жасалған шарттарға сәйкес қуаты 60 МВт болатын 3 күн электр станциясы жобаларын пайдалануға беру жоспарлануда.

− Барлық мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында. Біз осы міндеттерді толық және уақытылы шешу үшін бар күшімізді саламыз. Сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Е-өтініш» электрондық жүйесі құрылғанын атап өткім келеді. Бұл – азаматтардың барлық өтініштерін қабылдаудың және өңдеудің бірыңғай платформасы. Сондықтан туындаған мәселелер бойынша  осы жүйе арқылы жүгінуге болады, − деді вице-министр Ә.Жамауов.

Жиын соңында вице-министр қатысушылардың сұрағына жауап беріп, онан соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<