Декларациядан кімдер босатылды?

12

0

Сурет ашық дереккөзден

Бүгінде жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңі жүріп жатыр. Биыл декларацияны республика бойынша 2,4 млн  жеке тұлға табыстауы қажет болса, қазір 46 пайызы тапсырған. Ұлытау мен Түркістан облысының тұрғындары белсенділік танытуда. Ал облыста қанша адам тапсыруға міндетті? Өңір тұрғындарының ынтасы қандай деген сауалға облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Еркін Елшібеков брифингте жауап берді.

Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны табыстау міндетінен бейрезиденттер, ал биыл  коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшылары (қатысушылары) және акционерлер босатылды. Жалпыға бірдей декларациялаудың  үшінші кезеңінде заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайы (зайыбы), барлық жеке тұлғалар  активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсыруда. Онда елімізде немесе одан тыс жердегі активтер мен міндеттемелерінің бар-жоғын көрсету қажет.

–    Облыс бойынша 86 304 жеке тұлға тапсыру керек болса, қазір 53 285-і немесе декларанттардың жалпы санының 62%-ы орындаған. Декларацияны Сырдария және Арал аудандарының тұрғындары белсене тапсыруда, – деді ол.

Айтпақшы, декларациялаудың аяқталуына 2 ай уақыт бар. Сондықтан үлгермесеңіз, cabinet.salyk.kz ,«Электронды үкімет» порталы (egov.kz) және «е-Salyq Azamat», «eGov mobile», Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға мүмкіндік бар.

Банкроттық рәсімдеуде өзгеріс бар

Шынын айту керек, қазіргі уақытта несиесі жоқ адам некен-саяқ шығар. Өйткені жыл сайын тұтынушылық несие алатындар саны артуда. Ресми дерекке сүйенсек, екінші деңгейлі банктердің ел экономикасына берген несиесі 32 трлн теңгеге жеткен. Оның 13,5 трлн-ы – бизнеске берілген қарыз. Жеке тұлғалар алған кредит те артқан. Оның көлемі бір айда 17,9дан теңгеден 18,3 трлн теңгеге өскен. Оның 11,6 трлн-ы – тұтынушылық несие, яғни азаматтарға берілетін кредит мөлшері бизнестің алған қарызына жетіп қалғанын аңғару қиын емес. Ал ипотека қарызы 5,5 трлн теңгеден асады. Негізі банктен алған несиесін өтей алмай жүргендер де көп. Олардың қарызы – 1 трлн теңге.

Елімізде банк алдындағы қарызын өтей алмай жүргендері қаншама? Олар өздерін банкрот деп жариялап өтініш беруге құқылы. Бастапқыда банкрот деп танылу үшін оның рәсімдері тым «қатаң» еді. Енді оны іске асыруда бірқатар жеңілдік жасалған. Ол қандай жеңілдік? Бірінші,  соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануды оңайлату. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке құжаттарды, оның ішінде берешекті реттеу бойынша шаралар қабылданғанын растайтын құжаттарды қоса беру міндеті алынып тасталды. Екіншіден, соттан тыс банкроттық жағдайында кредиторлар ретінде әрекет ететін қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту. Сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібінің болуын қамтамасыз ету. Міндеттемелердің төленбеу кезеңіне қойылатын талаптар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін қолдану негіздерінен алынып тасталады.  Сонымен қатар мүлік болмаған жағдайда рәсімді қолдануға болады. Борышкердің елден шығуына тыйым салынбайды. Бірақ, алдымен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілуі керек. Сот арқылы банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін, өзінің сыйақысын төлеуді талап ете алады. Борышкер соттан тыс өтініш бергенде кредитор және қаржы сомасы туралы мәліметтерді көрсетпейді. Сондай-ақ өтінішке құжаттарды қосып өткізу міндетті емес. Тиісті рәсімді қолдану үшін жұбайының келісімі қажет. Бұл өзгеріс  25 тамыздан бастап қолданысқа енеді.

Банкроттыққа өтініш беру мерзімі басталған уақыттан бері облыста 7861 адам өтініш беріпті. Оның 1002-сі банкрот деп танылған. 6066-сы бас тартса, 129 адамның өтініші қаралуда.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<