Шағырай батыр

12

0

Тәуелсіздік алғаннан бері қазақтың жаңаша тарихы жазылуда. Табылған тың деректер, ғылыми айналымға жаңа көзқарас әкелуде. Зерттеуші, тарихшы ғалымдардың арқасында еліміз бен жерімізді сыртқы жаулардан қорғаған аруақты батырларымыздың ерліктері жан-жақты сараланып, кеңінен насихатталып келеді. Қазақ батырлары – біздің ұлттық рухымыз, намысымыз. Олардың күш қуаты мен бітім-болмысы арқылы қазақ елі танылуда. Өкініштісі, қазақ  тарихында батыр бабаларымыздың барлығы бірдей толық танылды дей алмаймыз. Міне, осындай батырлардың бірі – Шағырай Мырзакелдіұлы.

Шағырай батыр 1710-1711 жылдар шамасында Арал теңізінің батысындағы қазіргі Ақтөбе облысының Жем өзені бойындағы  «Шағырай үстірті» маңында дүниеге келіп, Сыр бойында, қазіргі  Қызылорда облысы, Қазалы ауданында өмір сүрген. Есімі халық арасында Қарасақал руының ұраны ретінде белгілі. Ал қазақтың ұраны – әулет, аталық, ру-тайпаны, ел-жұртты аса маңызды іс пен әрекетке жұмылдыру үшін, сол жолда жұртшылықты жігерлендіріп, олардың рухын көтеру үшін жар сала айтылатын дабыл сөз. Қазақтың дәстүрлі қоғамында, негізінен ру-тайпаның бастау тегінде тұрған тарихи адамдар, ел-жұрттың басына түскен сындарлы кезеңдерде ақыл-қайратымен таңылған әйгілі тұлғалар мен атамекен атаулары ұранға шығатын болған.

Яғни, ұран шақырғанда тарихи адамдардың, әйгілі тұлғалардың есімдері немесе атамекендері аталған. Сондықтан да ешқашан ұсақ-түйек тірлікке бола ұран шақырылмаған.

Кезінде белгілі тарихшы Құрбанғали Халид былай жазған еді: – «Қазақ халқының «ұран» дейтін сөздері бар. Бұл «орнат» деген сөзден алынған. Қыздыру, жиналу, қайрат беру мағынасында айтылады. Бұл тайпалар көмек шақыру орнына, я Аллаһ, әуелде болған пәленше бабамыз сияқты біздің бағымызды үстем ет деп жалбарынып, өздерінің атақты батыр, ел бастаған зиялы адамдарының атын атап, айқайлап шақырады. Әр рудың өзіне тән ұраны болады». Сөйтіп, ұранға шығу кез келген жұмырбасты пенденің пешенесіне бұйыра бермеген.

Шағырай батырдың Қарасақал руының ұранына шыққандығын  көптеген дуалы ауыз ақсақалдар растаған. Шағырайдың  тарих сахнасына көтеріліп, саяси белсенділігімен көзге түсуі XVIII ғасырдың  бірінші жартысына сәйкес келеді. Бұл кезең ел егемендігін сақтап қалу жолында халқымыздың сыртқы жауларға қарсы күресімен ерекшеленеді. Соның ішінде елімізге батыста Еділ қалмақтары, шығыста жоңғарлар айрықша қауіп төндірді. Міне, осы қалмаққа қарсы соғыста Шағырай батыр мен замандас Сыр бойының қаншама даңқты ерлері ерен ерліктерімен көзге түсіп, батыр болмысымен танылды. Себебі, қазақ ру-тайпаларының ұранына шыққан батырлардың біразы – Шағыраймен бір дәуірде өмір сүрген үзеңгілес тұлғалар. Шағырай батырдың тегі Кіші жүз, Қаракесек  бірлестігі, Әлімұлы, Қарасақал руынан. «Қарасақал руы малдың жайымен жазда Қарақұмда Ырғыз, Торғайға дейін, күзде-қыста Қызылқұм Жаңадария бойы, Бируни, Үшқұдық, Тамды, Дәуқара, Самарқан, Бұқараға дейін көшкен. Осы рудың бір бөлігінің отырған жерлері – «Қалыңбас» деген үлкен болыстық пен Қарақалпақтың Дәуқара өңірі аралығы. Қазіргі Қармақшы ауданының осы Алдашбай ахун, Қуаңдария, Жаңақала ауылдарының, Сулы қасқа, Нысан қазған, Ноғай, Шағай, Дәуқара деген жерлерінде Қарасақал руының «Қалыңбас» болысының халқы отырған. Қарасақал руын батырлар елі деп атаса болады. Өйткені, осы рудан батырлар көп шыққан.  Даңқты Тәуке хан Жәңгірұлы билігі кезінде дүние есігін ашқан бала Шағырай сол тұстағы қатал жаугершілік заманға сай қалыптасып жетілді. Ел іргесіне зобалаң салған қалмақ шапқыншылығын көріп өскен бала жастайынан құба қалмаққа қарсы күресте көзге түсіп, ерлігімен таныла бастаған.

Шағырай батырдың денесі орта бойлы, төртпақ адам болған екен. Осы әлпетіне орай мынандай айтылған тарих бар. Бір күні бір елдің жақсылары мен жайсаңдары ат арытып, жолшыбай батырдың ауылына іздеп келеді. «Шағырай батырдың ауылы ма? Батыр қайда екен?» – деп сұраса, желі басында бие саудырып жүрген орта бойлы кісіні көрсетіпті.  «Батыр-батыр» дегені осы кісі болса, қанша жерден босқа келген екенбіз» деп аттарының басын бұрып жүре берген кезде, артқы жақтан оқыс жөткірінген дыбысқа өздері селк ете қалыпты.  Сол кезде барып, үлкендері ес жиып, «біз қателескен екенбіз, бұл  кісі аруақты кісі екен ғой, бойын жасырып жүретін» деп, аттарынан түсіп сәлем беріп, кешірім сұрап, танысып, әңгіме-дүкен құрып, қонақ болған екен.

Шағырай батыр әрі билігімен де аты шықты. Оны Сыр сүлейлері де жырына қосқан. Шағырай батырдың атында Қарақалпақстанда, облыстың Қазалы, Қармақшы аудандарында «Шағырай құдығы», «Шағырай қыстауы» және «Шағырай үйтамы» деген атаулар кездеседі. Қасиетті Хадистен адам өмірінде құдық қазса, көпір салса, жол ашса қандай үлкен сауап алатынын білеміз.

Шағырай батырдың Бурабай батыр, Түйебай батыр, Жеке, Жауғашар батыр, Дәуіт, Сиқым атты балалары болған. Бұл күнде осы алты ұлынан өрбіген  ұрпақтары Қарақалпақстан автономиясында сонымен қатар Қызылорда, Жамбыл, Түркістан,  Алматы облыстарында, Шымкент қаласында бар. Даңқты батыр 80 жасында, 1790 жылы қайтыс болды. Батырдың бейіті Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қуаңдария ауылының маңайында. Батыр ұрпақтары Қармақшы ауданындағы бейітін көтеріп, ескерткіш тақта орнатты.

Қорыта айтқанда, Шағырай батыр – ел басына күн туған қиын-қыстау заманда халқына қорған бола білген біртуар тұлға. Оған ел жадында сақталып, бүгінге жеткен фольклорлық мұраларымыз толық куә. Батырдың ерлік істері ұрпаққа үлгі әрі өнеге болмақ. Сонымен қоса осындай тағылымы мол іс-шаралармен қатар оның тарихын әлі де болса дәйекті деректер негізінде зерттеп, есімін көше, нысан, ауыл атауларына беріп, кеңінен ұлықтау қажет. Мұның кейінгі ұрпақты өнегеге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор.

Бақытжан Ахметбек,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі,

Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<