Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Ұлы дала дүбіріне бір айдан астам уақыт қалды

13

0

Сурет ашық дереккөзден

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 37 күн қалды. Қазір дүбірлі дода өтетін Астана қаласында дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Халық көп жүретін орындар мен әртүрлі нысанның алды безендірілген. Жарысқа 90 ел қатысуға ниет білдірген. Екі мыңнан аса спортшы келеді деген жоспар бар.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Қатысушылар мен қонақтарды қабылдау үшін 21 қонақүй мен 343 көлік жұмылдырылады. Шарадан қазақстандық және шетелдік 1000-ға жуық журналист ақпарат таратпақ.

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға екенін айтқан еді. «Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз» деді Президент.

Сол кезде жарысты өткізуге 8 миллиард теңге бөлінгені хабарланған болатын.

Шара қайда өтеді?

Ойындар үш бағыт – спорт, мәдениет және ғылым бойынша өтеді. Шараны өткізу үшін Астананың 6 нысаны таңдалған. Олар: «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені, «Думан» кешені.

«Қазанат» ипподромында және Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстармен аң аулаудың ұлттық түрлері бойынша жарыстар өтеді. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдыны сарайында ұлттық күрес, жекпе-жек және халық ойындары бойынша жарыстар өткізіледі. Ал «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар өтсе, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналастырылмақ.

Ойындардың ғылыми бағдарламасының іс-шаралары ҚР Ұлттық музейінде өткізіледі деп жоспарланып отыр. «Қазанат» ипподромына іргелес жатқан оңтүстік-батыс жақтағы 10 гектар аумақта «Көшпенділер әлемі» этноауылы орналастырылады. Бұл «V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» мәдени бағдарламасын өткізетін басты алаң болады.

Бұл жерлерден бөлек осы ойынға қатысты іс-шаралар Астананың түрлі алаңдарында, саябақтарда, скверлер мен басқа да қоғамдық кеңістіктерде, театрлар мен концерт залдарында, кинотеатрлар мен мұражайларда, көрме павильондарында өткізілмек.

Ковбойлар да көкпар тартады

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының сайтында спорттың 21 түрінен жарыс өткізілетіні жазылған. Сондай-ақ олар бойынша 100-ге жуық медаль жиынтығы ойнатылатыны хабарланған. Ол ойындар қатарында асық ату, ордо, арқан тартыс, бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, ашыртмалы аба гүреши, кореш (белбеу татар күресі), көкборуу, алыш, мас-рестлинг, powerful nomad (алыптар сайысы), тоғызқұмалақ, мангала, овари, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік, құраш (өзбек күресі) бар.

Айта кетсек, америкалық ковбойлар да дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар тартады. Бұған дейін АҚШ-тың көкпардан ұлттық құрамасы 2018 және 2022 жылдары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев кейінгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан көкпаршылары бас жүлдені жеңіп алғанын, биыл да спортшыларымызға зор сенім артылып отырғанын айтқан еді. Министр АҚШ-тан келген қонақтармен кездесуде америкалық команданың көкпарда өнер көрсетуі есте қаларлық оқиға болатынын жеткізді.

«Сіздердің Орталық Азиядағы көшпелі халықтарының ат спорты ойындарына белсенді араласып, оны АҚШ аумағында насихаттап жүргендеріңіз бізді қуантады», – деді Ермек Маржықпаев.

Жалпы, өз спортшыларын додаға қосқысы келетін мемлекеттер саны күн санап артып келеді. Бұл туралы V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль Нұров мәлімдеген болатын. Көшпенділер бағдарламасындағы 21 спорт түрінің 11-і қазақтың дәстүрлі ойыны болса, қалғаны өзге қатысушы елдердікі. Мысалы, қырғыздың ордо, көкбөрі ойындары, африкалық увари деген спорт түрі бар.

– Біздің ұлттық құрамада бәсеке өте жоғары. Қазір спортшылар кезекті жаттығуларын жасап, іріктеуден өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы мықтылардан құралатынына сөз жоқ. Әр спорт түрі бойынша жеке және командалық жүлделер тағайындалады. Мәселен, көкпар мен көкбөруден жеңімпаз команда 10 млн теңге, екінші орын алған команда 6 млн теңге, үшінші орын үшін 4 млн теңгеге ие болады. Жеке спорт түрлерінде алтын медаль иегерлері 500 мың теңгеден алады, екінші орын 300 мың теңге көлемінде марапатталады, қола жүлдегер 200 мың теңге алады, – деді Наиль Нұров.

Халықтың тарихи мұрасына құрмет

Ұлттық спорт түрлерін қолдау және оларды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жүйелеу мақсатында биыл  «Ұлттық спорт түрлерін қолдау қоры» құрылған болатын. Сондай-ақ, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекциясы «Alageum Electric» компаниялар тобымен екіжақты меморандумға қол қойды. Меморандум негізінде «Alageum Electric» көшпенділер ойындарының ресми бас демеушісі болып танылды.

«Ұлттық спорт түрлерін қолдау қоры» ұлттық спорт түрлерін дамыту, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, ұлттық дәстүр мен мәдениетті насихаттау әрі сақтау. Одан бөлек ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстардың сапалы өтуіне, спортшыларға қаржылық және материалдық көмек көрсетуге, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруға және даму бағдарламаларын іске асыруға ықпал жасап, ұлттық спорт түрлерін зерттеу және дамыту бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқару қордың тікелей қызметі болады.

«Alageum Electric» электротехника компаниясы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың тікелей мұрындық болуымен V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын қолдауға ниет білдірген. Министрлік хабарламасында бұл маңызды қадам компанияның ұлттық спорт түрлерін қолдау және дамыту жолындағы адалдығын, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілігін, тамырына және халықтың тарихи мұрасына деген құрметін көрсететіні айтылған.

Жылдың ең маңызды оқиғасы саналған ойындарды қолдауға және жобаны халық арасында насихаттау мақсатында республика көлемінде түрлі іс-шаралар өтуде. Мысалы, Жамбыл облысында «Бірлік керуені» атты аймақтық үлкен жоба басталды.

Жамбыл облысы Қордай ауданының Ноғайбай ауылында, Ырғайты өзенінің жағалауында «Бірлік керуені» барысында ұлттық нақыштармен жасалған этноауыл құрылып, онда қазақтың салт-дәстүрлерінің көрінісі, тарихи жәдігерлер көрмесі, танымал тұлғалардың кітап көрмесі, ұлттық ойындар, көшпелі жабдықтар көрмесі өтті. Ұйымдастырушылар қазақ күресі, аударыспақ, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындардан жарыстар өткізді. «Бірлік керуені» еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылады. Мұндай жоба ойындарды республика көлемінде сезінуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Астана қаласында көшпенділер ойындарын насихаттау мақсатында бір топ белсенді қала көшелерін атпен аралады. Бұл шара енді апта сайын өтеді. Көшпенділер ойындарын қолдаушылар елорда бойынша 10 шақырымды атпен жүріп өтті.

Дүбірлі додаға Сыр спортшылары да қатысады

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық және ұйымдастыру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу мақсатында облысымызда да ұйымдастыру комитеті құрылып, арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.

Алдағы тамыз айында өңірде «Аймақтық керуен» бағытын ұйымдастыру үшін Шиелі ауданындағы «Сауысқандық» шатқалы таңдалып, мерекелік шаралар өткізу жоспарланған. Ойындардың басты киелі символы су болғандықтан су алу рәсімін осы тарихи шатқалдан бастау алады деп шешім қабылданған.

– Аймақта ұйымдастырылған спорттық шаралардың барлығы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын танымал ету мақсатын қамтып келеді. Жыл басынан бері түрлі деңгейде ұйымдастырылған 78 мәдени-спорттық шара барысында ойындарды насихаттау жұмыстары кең көлемде жүргізілді, – дейді облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов.

Басқарма мәліметінше, көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінен облысымыз бойынша 11 спортшы Ұлттық құрама командаға шақырту алған. Қазіргі таңда жоспарға сай оқу-жаттығу жиындары мен ресми жарыстарға қатысуда.

Облысымыздан қазақ күресінен Мақсат Исағабылов, татар ұлттық күресінен 66 келі салмақта Жұлдыз Жұмахан, +76 келі салмақта Арайлым Оразбай, 52 келі салмақ дәрежесінде Назерке Әбілтаева, тоғызқұмалақтан Бексұлтан Бостандықов, сондай-ақ, көкпардан Нұрлыбек Асқаров, Балғынбек Медетбек, Наурызқожа Әмзеев, Дәулет Ағайдар, жамбы атудан Ғалымжан Өміртай және Ақәділ Пернебай Ұлттық құрама команда қатарында жаттығуда.

Биболат СӘТЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<