Ардагерлер қабілеттерін танытты

15

0

Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесі қалалық спорт бөлімімен бірлесіп «Ынтымағы бекем – Қазақстан» тақырыбы аясында қаладағы Шұғыла шағын ауданындағы Спорт кешенінде шахматтан жарыс өткізді. Шаршы алаңдағы сайысқа қаладағы әр саланың бастауыш ұйымдарынан 20 ардагер қатысты. Жарыс салтанатын қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахизат Төребаев ашты.

– Жалпы шахмат сөзін парсы тілінен аударғанда «Патша өлді» деген мағынаны білдіреді. Шахмат әлемінде ең ұзақ ойынды Иван Никольч пен Горин Арисович өткізген екен. Олардың 1989 жылы Бельградта өткен партиясы 20 сағат 20 минутқа жалғасса, соңы тең ойынмен аяқталған көрінеді. Бұл партияда 269 қадам жасалған.  Шахматтың маңыздылығы содан болар, кейде әлемдік жарыстарда жүріс кезінде қатысушылар екі жарым сағатқа дейін ойлануға уақыт кетіретіні байқалған. Міне, шахмат – өте қызық әрі тартысты ойын.  Осындай маңызды әрі стратегиясы жоғары шахматқа еліміз егемендігін алған тұстан бері ден қойып, біздің шахматшыларымыз әлемге танылуда. Адамның ой-жүйріктігі, алғырлығы танылатын жарыста барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді ол.

Бес сағатқа созылған ойын қорытындысы бойынша 80 жастағы спорт саласының ардагері Александр Ким 1-орынды жеңіп алды,  2-орынды қалаға қарасты Баймұрат батыр ауылының 82 жастағы тұрғыны, еңбек ардагері Тоғызбай Иманғалиев  қанжығасына байласа, құрылыс саласының ардагері Юрий Легай 3-орын иеленді. Олар ақшалай сыйлықпен марапатталды

«Ақжарма» ауылдық округінен қатысқан еңбек ардагері Жақсылық Нұрымбетов және Сарқыт Сариев арнайы номинацияларға ие болды.

  «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<