Төрт буынның еңбек өтілі – 978 жыл

16

0

Өңірімізде теміржолшылар династиясы тұрады. Бұл – Байсағұловтар әулеті. Олардың теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 978 жылды құрайды. Байсағұловтар әулетінің төртінші буыны да табандылық танытып, жауапкершілігі мол жұмысты атқаруда.

Байсағұловтар отбасы – Жалағаш ауданы, «Мәдениет ауылынан. Әулет негізін қалаушы Төремұрат ақсақал 1903 жылы облыс бойынша «Орынбор-Ташкент» теміржол желісі тартылып жатқанда дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, отбасына қолғанат болып ержетті. 1925 жылы Қызылорда локомотив жұмысына орналасып, жарты ғасырдан астам еңбек етті.

Ұрпақтары да ата жолын қуып, сол мамандықта жұмыс істеуде. Бұхарбай Байсағұлов есімді ақсақал қазір зейнетте. Әулеттің ақылшысына айналған. Қырық жыл тепловоз тізгіндеген машинист. Өмірден көргені мен түйгені мол азамат еңбек тәжірибесімен бөлісіп, білгендерін балаларына үйретіп келеді.  

Теміржол саласында еңбек ету – үлкен абырой, зор жауапкершілік. Мұндай мамандық иелері ұйқыны жеңген, ауыр жұмыстан аянбайтын, көпшілік көңілін табатын бесаспап болуы шарт. Өйткені мұндағы жұмыс тәулік бойы тоқтаусыз атқарылады. Мұнан бөлек, техникадан да хабары болуы керек. Жолаушылар арасында түрлі оқиға кездеседі. Ауырып, ем іздеген де табылады. Қонақтан шаршап шығатыны да шаң береді. Солардың көңілін тауып, орнына жайғастыру немесе пойызға қауіпсіз мініп-түсу секілді сан тарау жұмыстарға сабырлы қалыппен қарау да теміржолшылар әулеті қызметіндегі бұлжымас парыз санайды.

Бүгінде бұл әулетте он екі адам осы салада қызмет етіп жүр.  Соның бірі – Бақыт Байсағұлова биыл зейнет жасына жетіп отыр. Ол қиыншылығы мен қызықшылығы қатар жүретін мамандықтың жанына жақын екенін айтып мақтан етеді.

– Осы салаға он жеті жасымда жұмысқа тұрдым. Алғашында оператор болып еңбек еттім. Кейіннен бухгалтерлікке ауыстым. Биыл, міне, жалпы еңбек өтілім 45 жылға толып отыр. Бір салада ұзақ жыл жемісті жұмыс істегеніме, әке жолын жалғастырғаныма ризамын. Қазір әулетте 25 адам осы мамандықтамыз. Оның 13-і зейнетте. Қалған 12-сі жұмыс істеп жатыр. Осылайша 3-4 буын ата жолының дәріпті жалғасындай еңбек көшін ілгерілетуде, – дейді Бақыт Байсағұлова.

Жиырма жастағы Бекболат Орынбеков – еңбек етіп келе жатқан әулеттің төртінші буыны. «Сексеуіл-Қоскөл» теміржол учаскесінде жұмысын бастаған ол бүгінде мекеменің өндірістік бөліміне жетекшілік жасайды. Шойын жол бойындағы барлық еңбеккерлердің жұмыс киімі мен қажетті құрал-жабдықтарына жауапты.

– Алғашқы еңбек жолым Арал ауданына қарасты «Сексеуіл-Қоскөл» теміржол учаскесінен басталды. Сонан соң Төретам кентіндегі стансаға ауысып, сонда жалғастырдым. Мамандыққа адал болуды үлкендеріміз үйретті. Уақытпен санаспай еңбек ету – біздің борышымыз, – дейді «ҚТЖ Жүк тасымалы» Қызылорда бөлімшесі өндірістік бөлімінің басшысы.

Теміржолшылар әулетінің өз саласында жеткен жетістігі мен бағындырған биігі осындай. Кәсіби шеберлігі үшін басшылық тарапынан алғысқа бөленген сәттері де көптеп саналады. Бұл – адал еңбектің жемісі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<