Екі елі ауызға – төрт елі қақпақ

23

0

Екі елі ауызға ие болу туралы ескертпелер барлық халықта бар. Осыдан-ақ, адамның жаратылғалы бері аңдамай сөйлесе тілден таяқ жеп келе жатқанын айтқызбай түсінуге болады. Орыстар «тілім – досым, тілім – дұшпаным» дейді. Ал бізде ше… «Екі елі ауызға – төрт елі қақпақ», «Мал басынан, адам тілінен байланады», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген тағысын тағы тыйымдардың бәрі де мүмкіндігі болса, ауыздан шыққан сөзге абай болу керектігін меңзейді. Пролетариаттың әдепкі көсемі Маркс ақсақалдың да  «тіл – адам   қатынасының аса маңызды құралы» деуінде де үлкен мән жатыр ғой.

Бір ақылды патша жаңадан тағайындалған уәзірін сынау мақсатында : «ең жақсы жерінен бір қап ет әкел» деп, базарға жұмсапты. Уәзір базарға барып бір қап тіл әкеліпті.  Патша: «Енді ең жаман жерінен бір қап ет әкел» деп, базарға қайта жұмсаса, уәзірі тағы да бір қап тіл әкеліпті.  «Ең жақсы жерінен ет әкел деп едім, тіл әкелдің. ең жаман жерінен ет әкел деп едім, тағы да тіл әкелдің. мұның сыры неде?» деген патшаға уәзірі: «тақсыр, тауып айтылған бір ауыз сөз адамды ажалдан құтқаруы мүмкін, аңдамай айтылған бір ауыз сөз адамға ажал тапқызуы мүмкін. Адам баласының тағдыры көп жағдайда ауыз ішіндегі бір кесек ет – тілге тіреліп тұратынына дау жоқ. Сондықтан, ең жақсысы да – тіл, ең жаманы да – тіл» деп, жауап қайтарыпты.

Әлеуметтік желідегі орысша нұсқасынан өзімше аударма жасаған мына бір мысал да аңдамай сөйлегеннің ауырмай өлетініне дәлел болар еді деп ойладым. Ертедегі лидиялықтардың патшасы Кандавлдың теңдесі жоқ сұлу әйелі болыпты. Әрине, патша жер жүзінде одан өткен сұлудың жоқ екеніне күмән келтірмейді. Бірде патша өзінің ең сенімді қорғаушысы Гигеске әйелінің сұлулығы жөнінде сүйген жарын бүгін ғана көргендей, парықсыз мақтанышпен айтып салады. Бұған қоса патша осы айтқаны жеткілікті болса да, одан әрі дарақыланып әйелінің жалаңаш кезіндегі көз қарықтырар келбеті кез келген жанды таңдай қақтырары сөзсіз екенін айтып, тіпті қорғаушысы Гигеске түнде әйелі екеуінің жатын бөлмесінде жасырын бақылауына дейін рұқсат береді. Гигес осы айтылғандарды ғана орындап, білдірмей кетіп қалуы тиіс еді. Қорғаушы бәрін де келісім бойынша мүлтіксіз орындағандай болады. Алайда, аса сақ Ниса патшайымның қырағы назарына іліккенін аңдамай қалады. Патшайым ештеңе байқамағандай кейіп білдірсе де, өзінің осынша мазаққа ұшырағаны үшін есе қайтаруға бел буады. Келесі күні қорғаушы Гигесті шақырып алады да, өзінің жалаңаш денесін тек күйеуі ғана көруге құқылы екенін, сондықтан патшаға да, қорғаушыға де жаза ретінде не қорғаушының өзін-өзі өлтіруі, не болмаса Гигестің патшаны өлтіріп, тақты иемденуі туралы талап қояды. Әрине, қойылған талап өмір мен өлімнің таңдауы. Кімнің жайдан-жай өле қалғысы келеді дейсің?! Гигес Кандавл патшаны келесі күні қанжар салып өлтіреді. Сөйтіп, ертедегі Лидия патшасы Кандавлды қарапайым қорғаушы өлтіріп, ел басқарушы болып шыға келеді.

Бұл оқиғаны алдымен Геродот жазып, соңынан сан алуан сюжеттің авторлары пайда болған. Адам баласына теңдесі жоқ өлшеусіз дәрежеге қоса, соның бәрінен бір-ақ сәтте айыратын бір кесек ет – тілді берген Құдайдың құдіретін айтсайшы.

Әлімжан  Қияс.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<