Аудан жаңалықтары

16

0

Электр желілері жаңартылуда

ҚЫЗЫЛОРДА. Қала тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін шаһарда электр жүйелеріне құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы жобаның І кезеңінде  10/0,4кВ 35 КТПБ орнатылып, 27 ТП 10/0,4 қосалқы станциясы жөнделіп, 31,65 шақырым 10/0,4 кВ кабельдік желілер қайта жаңартылды. Биыл 10/0,4кВ 22 КТПБ орнатылуда, 24 ТП 10/0, 4 кВ қосалқы станциясы жөнделіп, 56 қосалқы станцияның электр қондырғылары ауыстырылып, 23 шақырым электр желілері қайта жаңғыртылуда.

Республикалық ашық біріншілік өтті

АРАЛ. Ауданда «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен балалар мен жасөспірімдер арасында ұлттық жекпе-жек түрінен жарыс өтті. Оған еліміздің Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларынан және ауданнан 180-ге жуық бала қатысып, бақ сынады.

Жекпе-жекке Ақтөбеден келген халықаралық дәрежедегі төреші Әліби Сарин және Шымкенттің ұлттық жекпе-жектен аға жаттықтырушысы Бексұлтан Тұрсынов төрелік етті. Жалпы командалық есеп бойынша Арал ауданы І орын алса, Ақтөбе облысы ІІ орын иеленді. Жүлделі ІІІ орын Шымкент қаласынан келген спортшыларға бұйырды.

Мамандар марапат төрінде

ҚАЗАЛЫ. Елімізде жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Осыған сәйкес аудандық «оқушылар үйінде» мерекелік шара өтіп, сала қызметкерлері мен ардагерлері құрметке бөленді. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет кәсіби мереке иелерін құттықтап, ізгі ниетін білдірді.

Шара аясында бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлері облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ аудандағы ТД-23 Қазалы айналым депосының тепловоз машинисі Нұртай Дарменов пен Қазалы пайдалану вагон депосының технигі Жамила Сугуроваға Қазалы ауданының Құрмет грамотасы табысталды.

Экологиялық сапармен келді

ҚАРМАҚШЫ. Түркістан облысынан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ел Президентінің игі бастамасы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында киелі жерлерге экологиялық туризм ұйымдастыруда. Экотуризм делегациясы Қармақшы ауданында, киелі Қорқыт ата мемориалдық кешенінде болды.

Аудан әкімінің орынбасары А.Әнуар, аудандық мәслихат төрағасы Ә.Қошалақов және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Құлдүйсенов және мемориалдық мұражай директоры Н.Бақтияров кешен басында делегацияға түркі жұртының абызы Қорқыт ата жайлы және ауданның тарихы мен даму жолы туралы мәліметтер беріп, пікір алмасты.

Партиялық бекет

ЖАЛАҒАШ. Ауданға қарасты Қаракеткен ауылдық округінен жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысына «AMANAT» партиясының бастамасымен партиялық бақылау бекеті орналастырылды.

Басты мақсат – құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақытылы берілуін бақылау, мониторинг жұмыстарын жүргізіп отыру. Партиялық бақылау бекетінің жетекшісі болып партия төрағасы Өмірзақ Елеусінов бекітілді.

Абаттандыру жұмыстары жалғасуда

СЫРДАРИЯ. Тереңөзек кентінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Бірінші кезекте, санитарлық тазалау, тротуарлар мен тұрғын үйлердің қасбеттерін тиісті қалыпқа келтіру, саябақтарды көріктендіру және көгаландыру жұмыстары іске асырылуда.

Осы орайда, «Жастар аллеясында» биыл абаттандыру жұмысын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС атқаруда.

Қазіргі таңда аллеяның екі жағы тегістеліп, тас төселіп, бордюрлар орнатылуда. Жалпы мұндағы жұмыс қыркүйек айында аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.

«Қан тапсыр – өмір сыйла!»

ШИЕЛІ. Аудандық көпбейінді орталық аурухана мен Қызылорда облыстық «қан орталығы» бірлесіп, «Қан тапсыр – өмір сыйла!» акциясын өткізді.

Шараның мақсаты – донорлық  қанға мұқтаж жандарға көмектесу. Акцияға Шиелі ауданы әкімі аппаратының, аудандық дербес бөлімдердің, ауылдық округ әкімі аппараттарының және аудандық мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер арасында құрылған «Еріктілер» кеңесінің мүшелері қатысып, игі бастамаға өз үлестерін қосты. 

Мониторинг жүргізілуде

ЖАҢАҚОРҒАН. «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүгедектігі бар жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында Жаңақорған кентіндегі бірқатар мекемелерге мониторинг жұмыстары жүргізілді.

Топ өкілдері нысан иелеріне анықталған кемшіліктерді уақытылы ретке келтіру керектігін, мүмкіндігі шектеулі жандардың кез келген жерге кедергісіз кіріп-шығуы аса маңызды мәселе екенін айтты.

Мониторинг жұмыстарына аудандық партия филиалының төрағасы Арман Мажитов, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қалдарбек Тұрабаев пен аудандық мәслихат депутаты Лаура Бибасарова қатысты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<