Болат жолдан басталған береке

19

0

Нұрманұлы Әйменнің 8 ұлынан тараған ұрпақтары аймақтың оңтүстік аудандарында, Түркістан, Астана, Алматы қалаларында өмір сүріп, еңбек етуде. Арғы ата-әжелері, әке-аналары жайлы ел ішінде жақсы әңгімелерді естіп, қуанады, марқаяды.

Жиырмасыншы ғасырдың басында «Бөріойнақ» ауылының жанынан «Орынбор-Ташкент» теміржол құрылысының жұмысы қызу жүріп жатқан болса керек. Орынбордың жол мамандары жергілікті халықты тұрақты жұмысқа шақырып жатқан уақыты. Ағалы-інілі Әймен мен Тілеуберген ауылдастарымен бірге ықылас-пейілдерін, күш-жігерлерін ірікпей еңбек еткендеріне орынборлықтар орысшалап «жақсы, жақсы» деп айтқанына риза болып «бізді біледі екен ғой» деген әңгімелері ел ішінде тарап кетіпті.

Сол кісілердің ізін алып Беркінбай, Серікбай, Бексұлтан, Нұрсұлтан, Қонысбек, Пілманбек, Тұрғали, Ерғали, және тағы басқалары, теміржолдың, одан әрі халық шаруашылығының барлық салаларында абыройлы еңбек етті. Әсіресе Айдардың Тұрсынқожасы, Тұтқабайдың Нұралысы, Болатбектің Құлжабегі суырылып ерекше көрінді. Ат жалын тартып, бойын тіктеп азамат атанғаннан Нұралы Тұтқабайұлы білімге деген құштарлығымен, ой-өрісінің ғаламат ауқымдылығымен ерекшеленді. Қайраты, білімі тасыған жас жігіт «Бөріойнақ» бекеті мен «Түркістан» станциясына қарасты теміржолдың сан саласында уақытпен есептеспей қызмет етті. Отбасын құрды. Түркістанда жұбайы Тұрғанкүл Мұсақызы тұңғышы Сұлтанхан мен Төреханды өмірге әкелді. 1958 жылы Ташкенттегі теміржол техникумына өндірістен қол үзіп, оқуға түседі. Бірінші курсты аяқтап, «Тойтөбе» және «Жылға» станцияларындағы өткізген өндірістік тәжірибе сынақтары бойынша, бұрын ешбір оқушы иеленбеген Ташкент теміржолы басшылығы мен кәсіподақтары қызметкерлері орталық комитетінің құрмет грамотасымен марапатталды. Өмірінде қанша мадақталса да, «осы марапатымның орны бөлек» деп, ол кісі жиі айтып отыратын еді.

Техникум сабағынан қолы босай салысымен не каникул аралығында, өндірістік тәжірибеге бара не келе жатқанда кіндік қаны тамған №27 «Бөріойнақ» теміржол бекетіндегі болат жол мамандарымен кездесуге асығады. Бекет бастығы Жорабек Мырзабаев, кезекші Қалкөз Түкібаев, бекеттегі бастауыш мектептің жетекшісі Сұлтанбек Өтегенов, жолшылар: Әсетулла Омаров, Айтбай Дүйсенбаев, қарт жолшылар: Пшан Мампаев, Төлеу Шонабаев, Ділдабек Сапаров, партия ұйымының өкілі Шаймерден Сауранбаев және тағы басқа көптеген кісілер бұл студент баламен кездесуді үлкен құрмет тұтты.

Нұралы Әйменовке ғана тән байсалдылық, сабырлылық Ташкент оқу орнының техникум деген атауы болмаса институт, университеттердегі терең білім беру өнегесінің барлығы, бай шеберханасы, ұстаз профессорлардың мол мағұлматы, тек оқы, білім ал, еліңе, жеріңе, пайдаң тисін дегенді меңзейді. Техникумды қызыл дипломмен үздік бітірген Н.Әйменов Қызылорда теміржол бөлімшесінің Шиелі жол дистанциясында және Жаңақорған бөлімінде жұмыс жасады. Кейінгі ұлдары Бақытхан, Сейтмахан, Мейрамхан, Дәулетхан, қызы Шынар осы уақытта дүниеге келді.

«Темірдей тәртіп тек теміржолға ғана тән». Осы қағидат өмір бойы санасына әбден сіңді. Ұл-қызына білімді, адал, абыройлы, кісі ақысын жемей еңбек етуді, дұрыс жүрсең, өзге келіп сені бұрыс жолға сала алмайды деген сенімде өмір сүруді үйретті. Соны айналасындағылардан талап етті. Бос әңгіме, пәтуасыз талқылауларға жоқ кісі еді. Пошта тасымалдаушыны көрісімен жүрегі жарылардай қуанып, «енді мені мазаламаңдар» деп бір құшақ газет-журналды оқуға кірісетін еді.

Нұрекеңнің өзінен кейінгі інісі Тұрғали Шиелі аупарткомында тексеру комиссиясының мүшесі, аудандық пошта байланыс мекемесінің жетекшісі болып қызмет етті. Замандастарының ішінен іскерлігімен, білімдарлығымен, өткірлігімен көптің көкейінде қалған тұлға еді. Өмірі қысқа болды бауырының.

Алматы медицина институтын бітірген Ерғали інісі Қызылордада бірқатар емдеу орындарының бас дәрігері болды. Келіншегі Нина да балалар дәрігері ретінде медицина саласында ұзақ жыл еңбек етті.

Туған қарындасы Рыскүл де Шиелі аудандық тері аурулары ауруханасының бас дәрігері болып қызмет етті. Осы бауырларына Нұралы Әйменов өмірлік бағдаршам, үлгі болып өтті. Мойнына асылатын немерелерінің ыстық ықыласы, қуанышты күлкілері өз алдына бір бөлек әлем еді.

1960 жылдары «Қызылорда» су торабынан төменгі сол жағалаудағы «Шіркейлі» каналының бойындағы Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарының жерлері ирригациялық бір жүйеге келтіріліп, күріш егістігінің көлемі артып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қатары бұрын-соңды болмаған мыңдаған адамға жеткізілді.

1960 жылдан кейін осы бетбұрыс Жаңақорған ауданында белең алды. Жүздеген жыл бойы кенересі кеуіп, шөлді-шөлейт болып жатқан жерлер жасыл желекті аймаққа айналуға бет бұрды. Республикалық «Главриссов хозстрой» бас басқармасына қарасты «Қызылорда мелиорация» мекемесі Жаңақорған ауданындағы болашақ күріштік жерлерді тегістеу, су тораптарымен тоғандарды, шлюздерді салу, әлеуметтік тұрғын үйлермен қамтамасыз ететін №34 жылжымалы-механикаландырылған коллонаны құрды. Міне, осы мәселеге байланысты теміржол саласынан Нұралы Тұтқабайұлы Әйменов шақырылды.

Осы ПМК-34 мекемесінің бас инженері, «Задария» савхозының директоры, аудан әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің орынбасары, облыстық аумақтық басқарма бастығы болып қызмет еткен Бақыт Әбдіғаппарұлы Нұртазаев төмендегіше әңгіме тиегін ағытады.

– Мекемеге бүгін, ертең, арғы күні не керек? Осы керектің бәрі жоспарлау бөлімі арқылы жүзеге асады. Мұны Нұрекең тап-тұйнақтай етіп басқарды.

Жаңақорғанға кіре берісте 2 пәтерлі 100-деген үйлер салынып, пайдалануға берілді. Бұл жерде мекеменің механизаторлары, скреперистері, қызметкерлері қоныстанды. Ұзақ жылғы еңбегі үшін облыстық трестің басшысы Морозовтың тікелей ұйғарымымен Нұрекеңе үлкен отбасы екені ескеріліп 2 пәтерлі үй салып берді, – дейді Б.Нұртазаев.

Ал Н.Әйменовпен қатар жұмыс жасаған мекеменің байырғы қызметкері Әбнәми Ибрагимов: – Нұрекеңдей адам сирек. Қулығы жоқ, аңқылдаған, көңілі таза, пейілі кең жан. Шіркін, сүйсініп отырасың. Мен «Түгіскен» каналының бастау алар «Көктөбедегі» шлюзінің құрылысын жүргіздім. Осындай парасатты азаматпен жұмыс бабында жиі араласып, сырласу – көңілге медет, – дейді.

«Бесарық», «Жайылма» су тораптары, Ақұйық өзеніндегі су реттегіш құрылыстары осы кезге дейін халық игілігіне қызмет етіп келеді. Түгіскен массиві игерілді. Міне, сол уақыт жүгін арқалап, берекелі біткен істердің басы-қасында Нұралы Тұтқабайұлы Әйменов болды. Ұрпақтары мұны үнемі мақтаныш етеді. Көзі тірі болғанда қадірменді қария биыл 98 жасқа толар еді.

Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ,

«Құрмет» орденінің иегері,

Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<