Қайраттыға бақ тұрар

15

0

Сурет ашық дереккөзден

Бүгінгі күннің басты тақырыбы төрткүл дүние жанкүйерлері көз тіккен олимпиада ойындары болып тұр. Әрине, ел намысы сынға түсіп жатқанда кім тақымын қыспайды! Бәріміздің ойымызда бір арман: «Спортшыларымыз жүлде алып, жарқырап абыройымызды асқақтатса екен!»

Алайда, сайыпқырандар сарапқа салатын Париж олимпінің 329 медалінен қазақстандықтарға әзірге төрт медаль бұйырып тұр.

Осы қазір Қазақстан құрамасы медальдар кестесі бойынша 205 елдің ішінде 26-орынға көтерілді. 

Жоғарғы орынға жетуімізге спорттық гимнастикадан өнер көрсеткен Нариман Құрбановтың күміс жүлдесі септесті.

Жалпы, медальдар саны бойынша Қытай құрамасы бірінші орында тұр. Олардың еншісінде Париж олимпиадасының 16 алтын медалі бар. Одан бөлек, қытайлық спортшылар 11 күміс, 9 қола жүлдені еншіледі. Ал екінші сатыда – Австралия құрамасының 12 алтын, 7 күміс, 5 қоласы бар. Үздік үштікті 11 алтын, 20 күміс, 20 қола жүлдемен АҚШ құрамасы түйіндеп тұр.

 Дегенмен, біздің ел құрмасының әлі де алға жылжитын мүмкіндіктері жоқ емес.

 Боксшы Нұрбек Оралбайдың жартылай финалда Доминикан боксшысы Кристиан Хавьер Пиналеспен кездесіп, жеңіске жеткенін білеміз (3:2). Енді отандасымыз 7 тамыз күні украиналық Александр Хижнякпен қолғап түйістіреді.

Токио олимпиадасының күміс жүлдегері Хижняк жартылай финалда бұған дейін екі рет олимп ойындарының чемпионы атанған доминикандық Арлен Лопезді ұтты. Сондықтан біздің батырға ақтық сайыстың оңай соқпасы анық. Дегенмен, біз тек жеңіс күтеміз. Нұрбектің өзі де тілшілерге берген сұхбатында «біз алтын үшін келдік» деп мәлімдеді, яғни, ел намысын төмен түсірмейтінін айтты. Сонымен бірге ол «біздің боксшылар қарсыластарынан емес, төрешілерден жеңілді» деп, отандастарымыз үшін ешқандай күрзіден тайсалмайтынын, жыға жеңіске жетуге барын салатынын білдірді.    

 Ал жартылай финалға жолдама алған Назым Қызайбай финалдық бәсекенің жолдамасын қытайлық боксшы Ву Юмен сарапқа салады. Сосын ол да алтын медаль үшін айқасады. Жеңіліс тапса, қола жүлдені қанағат тұтпақ. Жекпе-жек 7 тамызға қараған түні болады.

Париж олимпиадасында олжа салған гимнастшы Нариман Құрбанов болды.  Тұтқалы ат жаттығуында керемет өнер көрсеткен ол күміс жүлде иеленді. Бұл – қазақстанның гимнастикадан олимпиада ойындарында алған алғашқы медалі.

Париж Олимпиадасынан айтатын сөз көп. Әзірге осы жайттарды еске салып өттік.

Кеше Алматы әуежайында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевты халықтың қалың нөпірі қарсы алды. Еліміздің қоржынына қос медаль салған батырларымыздың бал-бұл жанған жүзінде ақталған үміттің ұшқыны бар. Бұл ұшқын талай жас қазақтың жүрегіне от тұтатып, талай батырларды шығарады деп мақтаныш етеміз.   

Олимп ойындары кезінде әртүрлі қызықтар болып жатады. Сондай айта жүрер сәттің бірі Елдос Сметовтің өз атынан жанкүйеріне теледидар сыйлауы болды. Дзюдошының финалдағы өнерін үйінен тамашалаған жанкүйердің спортшының жеңісін ерекше көңіл-күймен қабылдап, қуаныштан балаша секірген сәті әлеуметтік желіде тараған еді.

Қазақстан жазғы Олимпиада ойындарына тәуелсіз ел ретінде сегізінші мәрте қатысып отыр екен. Алдымызда әлі талай жеңістер бар. Еліміздің намысы мен көк туын жоғары көтеретін алтын ұлдарымыз бен қыздарымыз аман болсын! 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<