Апталық аясындағы шара

14

0

«Анаға тағзым» орталығында апталық аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы, перинаталдық орталық және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен «Ана сүтінің маңыздылығы» атты іс-шара өтті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының «Ана мен бала денсаулығын қорғау» жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова апталық аясында өтіп жатқан іс-шаралардың барысын таныстырды.

– Облыстық перинаталдық орталығына ана сүтімен қоректендіру тәжірибесін қолдау, қорғау және ынталандыру мақсатында 2020 жылы ресурстық орталық ашылып, жұмыс жасап келеді.  Облыс бойынша 5 емдеу мекемесі республикалық деңгейде осы бағдарлама бойынша сертификаттаудан өтіп, «Балаға ізгі ниетті аурухана», «Балаға ізгі ниетті клиника» атауына ие болды. Барлық емдеу орталықтарында осы бағдарлама аясында білікті мамандар жұмыс істеп жатыр. Қызметкерлер жүкті әйелдерге кеңес беріп, оларға қолдау көрсетіп келеді, – деді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше жыл сайын 3 миллионға жуық нәресте шетінейді. Ал ЮНИСЕФ деректеріне сәйкес, әлемде ана сүтімен емізу жыл сайын 800 мың баланың өмірін құтқарады және 20 мың ананы омырау обырынан қорғайды екен.

Ана сүтін қолдану нәрестенің даенсаулығын жақсартуда ең тиімді әдіс болып есептеледі. Аталған бағдарламаның мақсаты да тек ана сүтімен емізу коэффициентін 95%-ға арттыру және сол арқылы жаңа туған нәрестелердің өлім-жітім сапасын азайту.

– Бала үшін ана сүті – ең жақсы тағам. Баланы 9 ай көтерген ана ағзасындағы әрбір жасуша балаға қандай микроэлементтің қажет екенін сезеді, яғни, ана өз сүті арқылы ақуыз, көмірсу, май, пайдалы дәрумен, минералдарды тура балаға керек мөлшерде бере алады. Сондай-ақ ана сүтін «Баланың иммунитеті» деп атайды. Себебі ана сүтінде иммуноглобулиндер бар. Ол сәбидің әртүрлі вирус, инфекция, микробтарға қарсы күресуіне мүмкіндік береді. Емізу баланың анасына деген сүйіспеншілігін арттырады және бала анасының махаббатын сезеді. Сондай-ақ баланы емізу арқылы омырау обыры немесе аналық бездегі обырдың алдын алуға болады, – деді «Ана сүтімен қоректендіру» бағдарламасының өңірлiк үйлестірушiсi Нұргүл Скакова.

Облыстық перинаталдық орталығының бас мейіргері Құралай Бегімова, Ғалия Әшімова аналар мен бала күтіміне қатысты бірқатар кеңес беріп, тәжірибелерін бөлісті. Сондай-ақ дәрігерлер ана сүтімен емізудің маңыздылығын, нәрестенің жалпы күтімі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға қатысқан аналар мен қыз-келіншектер өздеріне қажетті мәлімет алып, ұйымдастырушы ұжымға алғыстарын айтты.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<