Аудандық газет редакторын таныстырды

12

0

Арал ауданында актив отырысы өтіп, аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кадрлық өзгерістерге тоқталды.

Ауданға арнайы іссапармен барған «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры Марат Аралбаев, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

– Өздеріңіз білетіндей, Абай Елешов Арал аудандық «Толқын» газетінің әдеби қызметкерінен бастап бас редакторлығына дейінгі қызметті абыроймен атқарды. Ақпарат саласындағы орнын салмақтай отырып, басылым беделі үшін аянбай еңбек етті. Аудан үнжариясы саналған төл басылымда 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп, аймақ, аудан журналистикасында қолтаңбасын қалдырғанын көпшілік жақсы біледі, – деді аудан әкімі.

Аудан айнасы саналған «Толқын» газетінде басшылық қызмет жасаған А.Елешовке ауданның ең жоғарғы наградасы – Арал ауданының «Құрмет грамотасын» табыстады. Ол журналистикадағы еңбек жолын аудандық газет редакторының орынбасары ретінде жалғастырады.

«Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры М.Аралбаев аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы қызметіне жаңадан тағайындалған Айдар Сайлауовтың кандидатурасын жиналғандарға таныстырып, оның осы кезге дейінгі қызмет жолы мен жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы қызметін атқарып келген А.Елешовтің еңбегіне тоқталып, сәттілік тіледі.

Жиын барысында облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қ.Шарабидинов, Арал ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Ж.Жақып және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов жаңа редактордың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Айдар Сайлауов 1996 жылы Арал ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ол «Әлімсақ» журналы және республикалық «Ұстаз мәртебесі» газетінде тілші, жауапты хатшы болды. Облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ актив отырысы барысында Қазақстан Журналистер одағы ұйымына жаңадан қабылданған Болатбек Қуатов пен Қойбағар Аяқбаевқа ұйымның куәлігі мен төсбелгісін тапсыру рәсімі өтті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<