Мүмкіндігі шектеулі жандар еңбектен қашпайды

16

0

Қызылорда қаласында «Жәудір» мүгедектер қоғамдық бірлестігі 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірлестік директоры Гүлсім Әбілованың айтуынша, тағдырлас жандарға қол ұшын беріп, қоғамға араласуына мүмкіндік жасау үшін құрылған. Бүгінде 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.

–    Менің негізгі мамандығым – филолог. Біраз жыл Байқоңырдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Бірақ көру қабілетім нашарлап, оқушылардың дәптерін тексере алмадым. Дәрігерлер үшінші топқа шығарып, жұмыс істеуге болмайтынын айтты. Қаншама ем алғаныммен көзімнің көру қабілеті жақсармады. Қазір бірінші топ мүгедегімін. Талай жыл ұстаздық қызметте болғандықтан маған бұл ауыр тиді. Басқа жұмысқа денсаулығым жарамайды. Біршама уақыт қаладағы соқырлар қоғамында жұмыс істедім. Бұл жұмыс та көңілімнен шықпады. Содан осы бірлестікті ашуды ұйғардым. Біз түрлі өнімдер шығарамыз. Бірақ мақсатымыз – пайда табу емес. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан қандай іс келеді, соны барынша ұқсатып, өз-өзін қамтамасыз етуге үйретеміз, – дейді ол.

Үш бағытта жұмыс істейтін бірлестікте тағдыр тауқыметін тартқан жандар шүйіркелесіп, бір үйдің адамдарындай әр істі келісіп атқарады. Қолөнер, тігін және емдік массаж бағытында өз-өздерін жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Мәселен, қолөнер бағыты бойынша гипстен көптеген бұйымдар жасайды. Осында қаңтар айында қоғамдық жұмысқа орналасқан Ботагөз Бөлегенова гипстен қобдиша, тиын салғыш, доп, той табақ заттарын жасауды тез үйреніп алған.

–    Бұл бұйымдарды жасау үшін арнайы гипсті пайдаланамыз. Оны суға араластырып, қалыпқа құямыз. Қатқан соң қалыптан шығарып, оны бояп, әрлейміз. Өнімдердің барлығы қолжетімді бағада. Бір қобдиша бағасы көлеміне қарай 250-300 теңге аралығында сатылады. Күніне 100 қобдиша, 50 тиын салғыш шығаруға мүмкіндігіміз бар. Қазір тойдың маусымы болғандықтан тапсырыстар көп, – дейді ол.

Мұнан бөлек балалардың жастығы, көрпе, көрпешелер, кейінгі кезде ұмытылып бара жатқан сыпыра тігуді де қолға алған. Сапалы матадан тігілетін болғандықтан сұраныс жақсы. Оның үстіне бағасы базардағыдай аспандап тұрған жоқ. Қол еңбегіне үстеме қоймай, тек шикізатқа кеткен тауардың бағасына ғана ақы алады. Сонымен бірге, жіп, тоқыма бұйымдарын да жасайды.

Тағы бір бағыты бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін емдік массаж қызметі де бар. Айына бір адамға қайырымдылық көмек керсетіледі. Мемлекеттен берілетін мүмкіндікті де пайдаланып, жұмысшы орнын субсидиялау бойынша айлық төленеді. Өз-өздерін қаржыландырып отырған бірлестік алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтіп, аудандардан филиал ашуды да мақсат етеді.

–    Алға қойып отырған мақсатымыз бар. Бірлестік енді аяққа тұрып келе жатқандықтан, бізге кәсіпкер инвестиция жасаса деген ұсынысымыз бар. Өйткені, қаражат жағы жетіспейді. Айналым да көп емес. Тек қолдағы барды тиімді пайдаланып отырмыз. Тігіншілік бағытын дамытып, заманауи цех ашуды көздейміз. Онда мақтаны жуып, түтіп, қайта тазартып жаңадан көрпеше жасауды қолға алғымыз келеді. Қазір осы салада сұраныс көп. Перде тігуді де жоспарлап отырмыз. Әрине барлығына қаражат керек. Ауданда филиал ашып, ол жақта да мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға араластырып, еңбекке баулығымыз келеді, – дейді бірлестік директоры.

Расында еңбек ете білген жанның несібесі мол болады. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан жұмыстан қашпай, тіршілік қылып жүрген жандардың еңбегіне сырттай сүйсінесің. Өзгеге масыл болмай, өз-өзін еңбекке баулыған бірлестік жұмысшыларының ісі көпке өнеге.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<