Сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

23

0

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігі

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов көлік қызметкерлері мен құрылысшылар күні мерекелеріне орай салтанатты қабылдау өткізіп, сала мамандары мен ардагерлерін марапаттады.

«Көлік инфрақұрылымы қызметкерлерінің күнделікті адал еңбегінің, кәсібилігінің және іске жауапкершілікпен қарауының арқасында саланы жаңғырту, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, жүктерді жеткізу, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттер елімізде табысты шешілуде.

Тыныс-тіршілігіміз үшін аса маңызды саланы алға жылжытуға білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде Сіздер өзгелерге үлгі-өнеге болып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер.

Қазіргі таңда Жалағаш ауданы бойынша елді мекендерге бағытталған негізгі күре жолдардың барлығына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Ел президентінің, үкімет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен ауданаралық жолдардың мәселелері толық шешімін тапты»,-деді Ардақ Ибраимов.

Жалағаш ауданының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 240,9 шақырымды құрайды және ауданда 228 көше бар. Бұл жолдардың бүгінгі күні 93 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Жалағаш ауданы бойынша кентішілік, ауданаралық және ауданішілік бағыттары бойынша «Маржан-2002» ЖШС тасымалдау жұмыстарын жүзеге асырады. Бұл жұмыстарды үйлестіру үшін автовокзал мекемесінде 4 қызметкер және 25 көлік жүргізушісі жұмыс жасайды.

Халық үшін маңызы зор тағы да бір көлік түрі ол – темір жол. Аудан аумағынан 47 шақырым темір жол өтіп, оның бойында 3 станция, 3 разьезд орналасқан. Тәулігіне 50 адамға дейін қызмет көрсету мүмкіндігі бар темір жол вокзалында 10 қызметкер жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Сонымен қатар, аудан әкімі Ардақ Ибраимов құрылыс индустриясы – қашаннан да экономиканың негізгі іргетасы, аудан экономикасының дамуын сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі екенін жеткізді.

Ауданның, ауылдың сәнін келтіріп, айшықтандырып тұрған құрылыстарға қалдырған қолтаңба әр білікті маман үшін үлкен мәртебе болатынын айтты. Және де, талапқа сай өңір аумағында әлеуметтік және өндірістік нысандарды сапалы және мерзімінде іске қосуға атсалысып жүрген қызметкерлерге алғысын білдірді.

2024 жылдың І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 4 млрд. 627 млн. теңгеге орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 132,6 пайызға артқан.Есепті мерзімге 14 мың шаршы метр болатын пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 104,2 пайызға орындалған.

Ауданда апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешімін тауып, аудан тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Өздеріңізге белгілі, былтырғы жылы аймақ басшысының қолдауымен теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 50 тұрғын үй құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді.Ауданымызда қазіргі заманға лайықты сәулетті ғимараттар қатары жыл сайын артып келеді.

Мырзабай ахун және Есет батыр елді мекендерінен заманауи жабдықтармен жарақтандырылған дәрігерлік амбулатория салынса, Таң, Еңбек ауылдық округтерінде түрлі нысандар ашылып, жаңа заманға сай ауыл абаттандырылды.

Сонымен қатар, «Далида» сауда орталығы, «Ботақан» балалар ойын кешені, «Жас қыран» балабақша ғимараты, «Ар рахим» мешіті, аудандық Оқушылар үй мен өнер мектебі сияқты ғимараттар кент келбетіне ерекше сән беріп келеді.

Бүгінде аудан халқының 45,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр.2023 жылы бастау алған Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қазіргі таңда қарқынды жүргізілуде.

Биылғы жылы ауқымды жобалардың бірі «Руханият» орталығы, Аққыр елді мекенінде денешынықтыру-сауықтыру кешені, Қаракеткен ауылында типтік жобадағы жаңа дәрігерлік амбулатория, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 101 тұрғын үй құрылыстары жүріп жатыр.

Салтанатты жиында сала қызметкерлеріне кәсіби мереке қарсаңында ардагерлер өз алғыстарын жеткізіп, алғыс хаттар мен құттықтаулар табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<