Жаңақорған: Жемісті жобалар жүзеге асуда

14

0

Жаңақорған ауданында жыл басынан біршама жұмыстар атқарылып, әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция бар. Бюджет көлемі де былтырғымен салыстырғанда артқан. Айталық, өткен жылы 13 млрд теңгені құраса, қазір 18,5 млрд теңгеге жеткен.  Өңірде өнеркәсіп өнімдерін өндіру 48,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 71,3 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3 есеге, тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жалпы ауданы 22,4, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 56,1, бөлшек сауда көлемі 7,4, ауыл шаруашылығы өнімі 3 пайызға артқан. Бұл туралы аудан әкімі Мажит Самитов брифинг барысында кеңінен тоқталды. 

Ауданда ауыл шаруашылығымен қатар өндіріс саласы жақсы дамыған.  Экономиканың өркендеуіне уран өндірісімен айналысатын кәсіпорындар мен қорғасын-мырыш кенін өндіретін «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ елеулі үлес қосуда. Бұл кәсіпорындар заман талабына сай жаңа технологияларды қолдану арқасында табыс әкеліп отыр.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл 36 026 гектарға ауыл шаруашылығы дақылы орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 311 гектарға артқан. 

–    Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл 400 гектар жер жаңадан ашылып, 805 отбасына егін егуге берілді. Жерасты суларын тиімді пайдалану арқылы тау беткейдегі шаруашылықтар бақша егісінің көлемін едәуір арттырды. Оның ішінде қарбыз дақылының көлемі 1500 гектарға жуықтады. Жиналған өнім Ресейге және еліміздің солтүстік өңірлеріне жеткізілуде. Егін алқаптарын тұрақты аяқсумен қамтамасыз ету үшін биыл барлық бюджет көздерінен 1 млрд 275 млн теңге қаржы бөлінді. Аудандық бюджеттің шұғыл шығындарға арналған резервінен 8 ауылдық округтегі 52,6 шақырымды құрайтын 12 каналды тазалауға 28,9 млн теңге бөлініп, көктемгі егінге дейін тиісті жұмыстар толық атқарылды, – деді аудан әкімі.

Өңірде 35 елді мекенге орталықтандырылған таза ауызсу желілері жүргізілген. Таза ауызсумен қамту үшін өткен жылы жоба құны 1,7 млрд теңге болатын «Келінтөбе», «Қожамберді», «Сүттіқұдық», «Жайылма» ауылдарының ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Үш елді мекен бойынша жұмыстар аяқталып, нысандар пайдалануға берілген. «Келінтөбе» ауылындағы жұмыстар жақын арада аяқталады. 

Жаңақорған кентінің «МАИ бекеті», «Алтыкрант» шағын аудандарындағы 1500-ге жуық тұрғын үйді толыққанды ауызсумен қамтамасыз етуге ондағы  негізгі қондырғылардың қуаттылығы жетпеуде. Осы мәселені шешу үшін «МАИ бекеті» шағын ауданында қосымша су тарату станциясы мен желілерін салуға жоба әзірленген. Жұмыс сәтті аяқталса, таза ауызсумен толық қамтылады.

Электр желілерін жаңғырту мәселесін шешу үшін жалпы құны 5,9 млрд теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы құны 3,4 млрд теңге болатын Жаңақорған кентіндегі электр желісін жаңғырту жобасы биыл толық аяқталып, кент тұрғындары игілігін көретін болады. Бұған қоса 9 елді мекеннің (Сунақата, Құттықожа, Манап, «Қандөз», М.Нәлібаев, Әбдіғаппар, «Жаңарық», «Сүттіқұдық», «Бірлік») электр желісін жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Одан бөлек тағы 7 елді мекеннің («Екпінді», «Қожамберді», «Қосүйеңкі», «Қаратөбе», «Аққорған», «Өзгент», «Ақсуат») электр желісін жаңғыртуға 2,2 млрд теңгеге жоба әзірленіп, салалық министрліктерге ұсынылған. Аудан орталығы мен 19 елді мекеннің электр желісі толық жаңғыртудан өткен соң тозу көрсеткіші 75-тен 25 пайызға дейін төмендейтін болады. Демеушілер есебінен 5 елді мекеннің электр желісін жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Жыл басында «Шалқия», «Құттықожа», «Кейден» ауылдарындағы газдандыру жұмысы аяқталып, пайдалануға берілген. Биыл жалпы құны 5,1 млрд теңге болатын 3 жобаның құрылыс жұмысы жүргізілуде. Атап айтқанда, «Төменарық» елді мекеніне дейін жоғары қысымды газ құбыры мен ауылішілік газ желісі тартылып, техникалық тексеруден өткізілуде. Осы айдың соңында «Төменарық» ауылы газға қосылатын болады.

Жаңақорған кентінің кеңейтілген аумақтарына кварталішілік газ тарату желісінің құрылысы 2023 жылы басталған. Жоба құны 709,5 млн теңгені құрайды. Бұл жұмыс қыркүйек айында толық аяқталып, кенттің «Саяжай», «МАИ бекеті», «Ипподром» шағын ауданындағы 5 мыңнан аса халқы табиғи газға қол жеткізбек.

Брифинг барысында аудан әкімі 40 жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпір құрылысына демеушілер есебінен жоба дайындалып, сараптамадан өткізілгенін хабарлады. Жоба құны 1,4 млрд теңгені құрайды. Аудандық бюджеттен 205 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып та кеткен.

Аудандағы 4 елді мекеннің 7 көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, 8 ауылдың 27 көшесіне жарық орнатылған.  Шағын және орта кәсіпкерлік те жақсы дамыған. Ауыл шаруашылығы, тамақ,  ағаш, жиһаз, тігін өндірісі,  автокөліктерге қызмет көрсету, құрылыс, тағы басқа салаларда ілгерілеу бар.

2024-2028 жылдар аралығында ауданда 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл дегеніңіз – 3 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деген сөз. Биыл соның 3-уі іске қосылуда. Соның бірі – «Qaratau fruіts» шаруа қожалығының алма бағы. Жоба аясында 50 гектар жерге 65 мың түп алма ағашы классикалық әдіспен, 30 гектарға 75 мың түп алма ағашы интенсивті әдіспен егілді. Алма бақ толығымен тамшылатып суару технологиясымен жабдықталған. Мұнда 28 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

–    Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін табуы тиіс мәселелер, халықтың әлеуметтік қорғалуы, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл шаруалар алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді аудан әкімі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<