Пәрмен һәм дәрмен

17

0

Сурет ашық дереккөзден

Қазақстан қоржынында жеті медаль бар

Он жеті күн бойы әлем көз тіккен Париж Олимпиадасы аяқталды.

Тарихқа назар салсақ, Франция елінде Олимпиада ойындары 3 мәрте өткізілген. І Олимпиада 1900 жылы болған, оған 24 ел ғана қатысқан. Бұл Олимпиада Парижде 1924 жылдан кейін, яғни, жүз жылдан соң өткізіліп отыр. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, әрине, жүз жыл бұрынғы Олимпиаданы бүгінгімен салыстыруға мүлде болмайды.

Сена өзеніндегі қайықтар шеруімен басталған бұл Олимпида заманауи жетістіктер мен ғажайып көріністерге толы болды.

Мұның бәрін әңгімелеуге арнайы уақыт керек.

Төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте 43-орынға тұрақтады. Айтуға оңай, осы жеті медальдың ішінде ағылған тер, ащы шындық, тіпті, қиянат та қоса қабат жүр.

Ел қоржынына алтын жүлдені дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта күрескен Елдос Сметов салды. Бұл біздің биылғы олимптегі жалғыз алтынымыз.

Елдос 2016 жылы Рио Олимпиадасында – күміс, 2021 жылы Токиода қола медаль алған болатын. 

Гимнаст Нариман Құрбанов, палуан Демеу Жадыраев (77 кг) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) Олимпиаданың күміс жүлдесін олжалады.

Көзіқарақты жанкүйер бұл ойындардың бәрін теле және интернет байланыстары арқылы тамашалап үлгерді.

Грек-рим күресінің палуаны Демеу Жадыраев Олимпиада ойындары тарихында араға 20 жыл салып осы спорт түрінен финалда белдесті. Ал, Нариман Қазақстан гимнастика тарихында Олимпиадада медаль алған тұңғыш спортшы атағына ие болды.

Нұрбек Оралбай бокстан Олимпиада тарихындағы 26-шы жүлдені ел қоржынына салды.

Ал Ислам Сәтпаев пен Александр Ле (нысана көздеуден аралас жұптық сын), дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) және боксшы Назым Қызайбай (50 кг) Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

10 мың метрге жүгіруден әйелдер арасындағы жарыста Қазақстан намысын Дейзи Джемпекей қорғады. Ол 17-орынды иеленді.

Кейде біз осындай нәрселерге өкпелейміз, оны жалған намыспен жасырып қайтеміз. Қазақ елінің намысын қорғайтын қазақтан бір желаяқ табылмады дегенге кім сенеді.

«Жеңіл атлетиканың ханшайымы» атанған Алданыш Рамазанқызы деген есімді есітіген шығарсыз.

Қазақ қызы Алданыш жас кезінде Моңғолиядағы жеңіл атлетикадан өзі орнатқан рекордты 30 рет өзі жаңғыртыпты. Бұл кез келген спортшының қолынан келе бермейтін үлкен ерлік. Шашасына шаң жұқпаған  желаяқ 1964 жылы Токио Олимпиадасына қатысқан алғашқы қазақ қызы. Ол бүгінде өзі туып-өскен Моңғолияның Ұланбатыр қаласында тұрады. Оның тәрбилеген шәкірттер де көп көрінеді.

Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Сонымен қатар Париждегі дүбірлі додада жалпы 91 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Дегенмен, ел намысын қорғаған спортшыларды алақанымызға салып, құрметтен кенде қылмаған жағдайларға ризамыз. Чемпиондар – батырлар, олар ел намысы үшін өзін құрбандыққа шала білетін күш иелері. Кейде осы бір нәзік астарды аңғара бермейміз. Жеңіліп қалса жерге ұрамыз.

Төлеген ақын «Бір тойым бар» өлеңінде «Жеңілген палуанға да бәйгі берем, адалдығы сезіліп тұрар болса» деген еді. Сол сияқты олимпиадада аяқтағы жарақатына байланысты швециялық қарсыласынан жеңіліп қалған дзюдошы Абиба Әбужақыноваға депутат әрі кәсіпкер Айдарбек Қожаназаров сужаңа «Кіа Сееd» автокөлігін сыйлады. 

Себебі, Әбибаның адалдығы сезіліп тұрды. «…үміттеріңізді ақтай алмадым, кешіріңіздер» деді көзіне жас алған дзюдошы күллі қазақ халқының алдында.

 Алтын алған Елдос Сметовке «Lexus LX 600», қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаевқа «Toyota Land Cruiser 250» автокөлігі сыйға тартылған.

Ал, боксшы Назым Қызайбай бұл Олимпиадан оралған соң бір емес, екі көлікке ие болды.

Келесі жазғы Олимпиада ойындары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін болды. Бұған дейін талай жас тарландар дайындалып, нағыз ел намысын ойлаған жас бөрілер сапқа тұрады деп сенеміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<