Жеке оңалту бағдарламасы: күнгей мен көлеңке

10

0

Елімізде тағдыр тәлкегіне табандылық танытып, сынағына сынып кетпей жүрген 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде 100 мыңнан астамы бала. Облыстағы көрсеткіште өсім бары байқалады. Оның себебін мамандар қалай түсіндіреді? Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай көмек көрсетіледі? Бұл жайында біз Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті директорының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Тілеукүл Мырзахметовамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Тілеукүл Тәңірбергенқызы, облыста мүмкіндігі шектеулі қанша адам бар? Алдымен есепке талдау жасап көрелікші…

– Облыста 33764 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 18 жасқа дейінгілер – 6663. Биылғы 6 айда 1395 адамға алғаш рет мүгедектік тобы тағайындалды. Бұл 10 мың адамға шаққанда алғашқы мүгедектіктің көрсеткіші 16,5%. Алғаш мүгедектік тағайындалған 886 адамның 647-сі жұмысқа жарамды жастағылар. Талдау көрсеткендей, облыс бойынша аталған көрсеткіштің өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда өскені байқалады. Аудандық медициналық мекемелер бойынша алғашқы мүгедектік белгілеу көрсеткіші Арал, Сырдария, Қазалы аудандарында жоғары деңгейде. Қызылорда қаласындағы медициналық мекемелер бойынша алғашқы мүгедектік белгілеу барлық емханаларда жоғары. Облыста тұрғындар саны жыл сайын өсіп келеді. Денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметінше, аурушаңдықтың түрі көбеюде. Осыған байланысты мүгедектікке шығу да артқан. Сонымен қатар, зейнеткерлер арасында да көп. Өйткені, олар жеке-оңалту бағдарламасы бойынша берілетін көмектерді алғысы келеді. Зейнетақысымен қоса жөргектер, санаториялық емдерді алуға ұмтылады. Балалар арасында да көрсеткіш өсіп барады. Бұл профилактикалық тексеру мен диагностиканың ерте қойылуымен байланысты. Сол себепті аурушаңдық ерте анықталып, көрсеткіш артқан. Үлкен кісілер арасында да онкологияның ерте сатысы анықталып, мүгедектікке шығуда.

– Қандай ауру түрлері өскен?

– Ересектер арасында алғашқы мүгедектікке шығудың нозологиялық құрылымы бойынша бірінші орында қан айналымы жүйесі ауруларының салдары 28,6%-ға өскен. Одан кейін екінші орында қатерлі ісік аурулары тұр. Ол өткен жылмен салыстырғанда 18,8%-дан 20,9%-ға артқаны байқалады. Ал үшінші орында түрлі жарақат салдарынан болғандар. Балалар арасында жүйке жүйесі ауруының салдарынан алғашқы мүгедектікке шыққандар өскен. Одан кейін туа бітті даму ақаулары, деформация және хромосомдық ауытқулар салдарлары және тыныс алу жүйесі аурулары құрайды.

– Жаңа бір сөзіңізде жеке оңалту бағдарламасы бойынша берілетін көмекті алу үшін де мүгедектік статусына ұмтылатындар көп дедіңіз. Ол қандай көмек?

– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттар жүйесі мәліметтеріне сәйкес биылғы жартыжылдықта жеке оңалту бағдарламасы аясында мүгедектігі бар азаматтарды техникалық құралдармен қамтамасыз ету 81,5%-ға орындалды. Айталық, протездік-ортопедиялық құралдармен 67,2%, сурдотехникалық көмек 86,3%, тифлотехникалық құралдармен 87,6%, кресло-арбамен қамтамасыз ету 90,3% болса, санаторлық-курорттық емделу 38,6%, міндетті гигиеналық құралдармен 96,2%, жеке қызметшінің әлеуметтік қызметі 99,1%, ымдау тілі маманы қызметтерінің орындалуы 99,2% құраған. Жылдан-жылға бағдарламаның түрі көбеюде.

– Бүгінде мүгедектік сырттай проактивті куәландыру арқылы да жүзеге асады. Осы туралы толығырақ түсіндіріп берсеңіз.

– Сырттай куәландыру проактивті жобасы бойынша 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Бұрын 12 назология сырттай куәландыруға жататын. Ал қазір оның саны – 13. Басқа да назологиялық түрлері қосылды. Мәселен, туберкулез, психикалық, онкологиялық, қан айналымы аурулары, анатомиялық кемістігі бар, көз көрмей қалуы, балалар арасындағы сахар, дауна синдромы барлар сырттай куәландырылады. Ал ересектер арасында бүйрек жетіспеушілігінің 5-дәрежесі жатады. Сырттай куәландырудың бір тиімділігі – науқастар әр кабинеттен құжат жинап жүрмейді. Емханадан құжаттарын электронды түрде жолдайды. Шыққан шешімді үйден көруге болады. Ол үшін науқастың ұялы телефоны «Е-gov» жүйесіне тіркелу керек. Науқас құжатын жібергенде телефонына «Құжаттарыңыз өтті. Шешімді күтіңіз» деген жауап келеді. Әрі қарай олардың медициналық құжаттары Астанадағы орталық арқылы басқа 3 облысқа түседі. Ол жерде пациенттің қай облыстан екені өшіріліп, тек ауру тарихы қалады. Соған қарап, 3 облыстың мамандары шешім шығарады. Шешім шыққанда науқасқа тағы хабарлама келеді. Алдағы уақытта мұндай сырттай проактивті куәландыруға барлық науқас түрі қосылса, онда адамдар әуре-сарсаңға түспей, уақытын үнемдейді. Өйткені, қанша адам ауданнан қалаға комиссиядан өту үшін келеді. Қағазбастылықтан арылып, сыбайластыққа жол берілмейді.

– Облыста қанша адам бұл жүйені пайдаланып отыр?

– Өткен жылы 2029 адамға медициналық-әлеуметтік сараптама сырттай проактивті куәландыру жобасы аясында жүргізілді. Бұл осы мерзімде жүргізілген жалпы 5847 куәландыру санының 34,7%-ын құрайды. Оның ішінде алғашқы мүгедектік тағайындалған 1395 адамның 506-сы сырттай проактивті куәландыру арқылы тағайындалған.

Сұхбаттасқан

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<