Күдікке ілінген қызылордалық оқушылар изолятордан үйқамаққа ауыстырылды

114

0

Фото: ашық дереккөз

Қызылорда қаласында сыныптасын құлдықта ұстады деген күдікке ілінген мектеп оқушылары үйқамаққа ауыстырылды.

Мәлім болғандай, қоғамдық қорға жағдайды оқушы қыздың ата-анасы хабарлаған. Ал оқушының құлдықта жүргенін оның досы анықтаған.

Бұл жөнінде алғашқы болып қоғамдық қордың басшысы Дина Таңсәрі хабарлаған.

«Осыған байланысты түсініктеме берген Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі «Қызылорда полициясы аталған дерек бойынша күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Қазіргі таңда іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады», – деп атап өтті.

Күдіктілердің үйқамаққа ауыстырылғаны жөнінде Қызылорда облыстық соты төмендегіше түсініктеме берді.

«Аталған өтінішхаттарды Қызылорда қаласының тергеу соты қараған. Күдіктілерге, кәмелетке жасына толмағандарға үйқамақ түріндегі санкциялар қолданылды. Қазіргі уақытта тергеу сотының қаулыларына жәбірленуші тараптан Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына шағым келіп түсті. Ол қаралу сатысында тұр. Қаулыға қалған қатысушылар шағым жасамаған», – деп мәлім етті облыстық соттан.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қызылорда қаласында мектеп оқушылары сыныптасын құлдықта ұстаған. Бір топ жасөспірім 16 жастағы қызды қинап ұстаған, есірткі беріп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<