Сексеннің сеңгірінде

121

0

Құрбанәлі Әлшериев ағамыз сексенге толып, өз ғұмырындағы сол мүшелдік, мерейлі белестің бірінші жылының бір айынан келесі айына аттап, ілгерілеп барады. Осыған орай бізді: айнала ағайын, ізін басқан ұрпағын, інісі – біздерді қандай ой-сезім баурайды. Әрине, алғашқы кезекте ризашылық, сүйсініс туады. Өйткені 80 жас деген – біріншіден, Алла бұйырған бел-асқар асу болар: жаратушы сүйген құлын жарылқайды демей ме, мына қиын да қызық ғұмырдағы бітіргеніне, елге бергеніне, еңбегіне сәйкес қонған бақ десек асыра айтпаспыз, екіншіден, 80 деген оңай жас емес, жету бар да тоқсанға қарай байсалды өту бар. Ең бастысы, игісі – Құрбанәлі ағамыз осынау белеске, асқар асуға жақсы, әдемі жетті.

1.

Ақиқат бұлай болса, бұл – ғажап, ғибратқа толы ғанибет кезең; яғни жаратушы Құдай қаласа, әлі де өмірден өз терерің, кейінгі жастарға, өз балғын ұрпағыңа берерің аз емес деген сөз. Осыған орай халқымыздың адам өмірінің елеулі кез-кезеңдеріне берген бағасы, соларды басып өткен адамның ахуал сәттері, жүрегінен шашқан шуағы мен жаққан шырағы, өсірген жалпы құрағы мен ашқан бұлағы оралады. Демек, нақ осы тұрғыдан, Құрбанәлі ағамыз болып ұлан өмір жолына – соңына көз салсақ, сексеннің сеңгірінде деген сөз жадыңда жаңғарады.

Құрбанәлі ағамыз «Мен қарапайым ғұмыр кештім, тау қопарар еңбек істегенім жоқ, жарқ етіп көп көзіне түсер рухани ерлік жасағаным жоқ, бар болғаны – қолымнан келгенін істедім, мүмкіндігімше адал сөзімді айттым, адал еңбек етіп, таза табыс таптым», – деп біледі. Міне, мәселе де нақ осында.

Кешегі күн және бүгін бастан кешіп жатқан кезең-өміріміздің шындығына жүгінсек, кеңес өкіметі кезінде Құрбанәлі ағамыз қандай болды, нелерді бітірді, егемендік еншілеген кейінгі 30 жылдығымызда ол өзін қалай ұстады, қалай еңбек етті, не іс бітіріп, нендей іздер қалдырды – соның бәрі көз алдымызда. Жаңақорған ауданының сол дәуір-уақыттарындағы жұртшылығы, әсіресе «Красная звезда», кейінгі «Сүттіқұдық» ауылының тұрғындары бұған куә. Қазақтың белгілі қаламгері – мына мен де куәмін.

Міне, осы себептен де мен Құрбанәлі Әлшериевті абзал аға, асыл азамат, нақтылай түсінсек, ұлық ұстаз, жарқылдап жүріп айналасына жарық, жылу таратқан жігіт, ауылдық кеңес хатшылығын, үлкен ұжымшар кәсіподақ комитеті жетекшілігін абыроймен адал атқарған басшы, ел ағасы, жұрт жағасы деп білемін. Қазіргі уақытта ол – барлық нәрсеге қатысты өз үні бар, көңілінде жанып тұрған күні бар ақсақал.

Адам бабаларымен тамырласып, солардың ісін, ізін жалғастыратынына бақсақ, ұзын тарих, тағылымды тағдыр… Демек, оның қазіргі аяқ басқан кезеңі – сексеннің сеңгірі, тамыр тартқан тарихы – Алаша хан, Жошы хан дамыл тапқан өлке-өзен Кеңгірі. Ал бастау алған, жалғасқан, ұласа түсер жарық – әрбір күніміз, мағыналы жаңа таным, мәнді тәлім, жеке басыңнан гөрі жамағатқа, жас ұрпаққа тәрбие екені анық.

2.

Ер түгіл ел де туған, өнген жеріне тартып туады. Дұрысы – қаз басып, қабырғасы қатып, қалыптасады. Кеңес өкіметінің XX ғасырдың 60-80 жылдарына тап келген шуақты шағы да бар. Алайда оның патшалық билікті құртып, құрылу кезеңінен басталған жалаңаяқ, жадағай шағы, 1920-1930 жылдарына тұспа-тұс келген байлар табын, халық жауларын жою шаралары қоғамның дамуына қайшы, жасанды ғана емес, адамның қанын суша төгуге ұласқан қате де қатыгез кезең болатын. Ол азаматтық соғыс өртін тұтатуға апарып соқты. Зорлықпен ұйымдастырылған ұжымдастыру, малды тартып алу, әділдік тілегендерді де аямаған шолақ белсенділік, ашаршылық халықты қырғынға жер ауған босқындыққа ұшыратты. Нақ осы себептен де Сыр бойының оңтүстік аудандарының халқы жоғарғы жаққа Өзбекістан жеріне көшіп бас сауғалады. Мұның ішінде әке Әлішердің де отбасы бар. Олар есі кіріп, етек жинағаннан кейін туған жеріне орала бастады. Ал көпшілігі 1960 жылдардың басынан бері ғана жаппай қайтып келді. Міне, осы уақыттағы көшпен оралғандардың бірі – Әлшериев Құрбанәлінің отбасы еді. Әулеті екі-үш он жылдай жоғары жақты мекендеп, өзі және іні-қарындастары сол жақта өмірге келсе де, бұларды атамекен тартты да тұрды. Ез – тойған жеріне, ер – туған жеріне. Демек, бұларды, Құрбанәлі ағаны да тәрбиелеп қалыптастырған бірінші фактор – Жаңақорған даласы, көне Сығанақ қаласы, көгілдір Көккесене күмбезі десек қателеспейміз.

Туған елге оралу тамаша, бірақ тепсе темір үзетін жас жігіт жұмыс істеуі де керек қой. Ұлы Абай «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан!» деп неге айтқан дейсіз. Жас жігіт Құрбанәліге (бойында бармен көзге ұрып), өзін көрсету – әсемпаздық әуестік жат болатын. Бұл – отбасынан берілген тәрбиеге қоса Құдай әуел бастан бойға сіңірген мінез-құлықтан да болса керек. Туабітті сымбатты. Мәдениетті. Осы болмысы, өзін ұстауы, рухани жадау еместігі Жаңақорған аудандық халық ағарту бөлімінің көңілінен шығып, ол №52 «Красная звезда» орта мектебіне мұғалімдік жұмысқа орналасты. Еңбек және денешынықтыру пәндері бойынша мұғалім. Орта бойлы болса да сұңғақ көрінетін, сымбатты, әрбір қимыл-қаракеті талбойына жарасқан. Жас ұстазбен біздің танысуымыз 1965 жылы болған еді. Осы 1964-1965 оқу жылында ғана онымен жүздескен біздер өте сырбаз ағайымызды бірден жақсы көріп кеттік. Іс жүзінде денешынықтыру – негізгі пән емес. Спортпен шұғылданбайтындар үшін маңызы шамалы. Десек те қаптаған қаңғыбас, қараусыз ата-ана қамқорлығынсыз өскен бұзақы жасөспірімдерді тамаша адамдар етіп тәрбиелей алған талантты педагог Антон Макаренко пайымдайтындай, ұстаз шәкірттерді өзі ортасында жоқ кезде де тәрбиелейді. Құрбанәлі Әлшериевпен сирек жүздессек те, оқушыларды жақсы тәрбиелей алды. Өйткені басты мәселе – ұстаздың пәнін терең меңгеруі ғана емес, үлгілі мінезі, жан байлығы, яғни өнегесі тәрбиелейтіні ақиқат.

Өз басымыз алғашқы көрген білгенімізді алға тартып отырсақ, Құрбанәлі Әлшериев аталмыш мектепте тұп-тура 14 жыл ұстаздық етті. Үйретуден жалықпады. Оқушылар ғана емес, ата-аналар да оның ұлағатты ұстаз екенін мойындады. Баланы тәрбиелеп, қалыптастыру – жылдам жеміс беретін жұмыс емес. «Ақырын жүріп», анық қаракет етсең, дау жоқ, еңбегің далаға кетпейді. Өзіміз тікелей көріп, куә болып жүрмесек те, оның тәрбиесінен мыңдаған шәкірттер қияға қанат қағып, асыл адамдар болғанынан, жұлдыздай жарқырап, айдай толғанынан мәдениет санаткері, қоғам қайраткері болғанынан хабардармыз. Мұны енді мұғалім Құрбанәлінің соңына қалдырған бірінші сөзі, шәкірттер жадында жаңғырып тұратын мәңгілік бір іс-ізі десек орынды шығар.

Жас жігіттіктен отыз өріне, қырық қырқасына өрлеп, көтеріле жүріп Құрбанәлі өзі де өсті. Ірі адамға, абзал азаматқа айналды. Бір қызға ғашық болып, маздақ махаббатты бастан өткерді. Қойсын жеңгемізді осылай тапты. Екеуі үйленді, іргелі үй болды. Би түсетін үйді құрып-құрап қана қоймай, өзі де би болды. Бұрынғы халықтық өлшем-өреден келсек, кешегі «Красная звезда» ауылдық кеңесінің, бүгінгі «Сүттіқұдық» ауылдық кеңесінің хатшысы, санаулы ауыл ағасының бірі болу – би болмай немене?!

3.

Мақаламның соңына жақындағанда кейіпкеріміздің мүшелдік қана емес, мерейлік белесі сексеннің сеңгірі деген сөз тағы ойыма оралып отыр. Біздіңше, сеңгір – өте көне сөздеріміздің бірі. Және асқар таудың жақпар-жақпар биігін бейнелесе керек. Осыған орай бабалардан тәни де, жани да байланысын үзбеген Құрбанәлі ағамыздың ұлан тарихқа табан тірегені қаперімізге түсіп, Алаша хан, Жошы хан дамыл тапқан Ұлытау аймағының Кеңгір өзенін де тілге тиек еткеніміз бар. Осыған сабақтас бүгінгі Президентіміздің Жошы Ұлысы – жеке қазақтық елдігіміздің бастауы екенін айтқаны, «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» бағдарын жариялағанын және мен мұндайда: Ақ ниет, таза еңбекпен күн кешкен ағамыздың: «Сонау өткен күндерімізде әрқашан орын алған әділдік қазіргі тәуелсіз еліміздің әрбір жұмысына, тынысына алтын өзек болмай, қайтадан ұлы ел бола алмаймыз» дегенін жас ұрпақ жүрегіне ұран, құран етіп жазсақ, сіңірсек, ат үстіндегі ерлеріміздің елге қарызын өтегені, ақсақалдарымыздың парызын орындағаны болып табылса керек.

Құрбанәлі Әлшериев те – ескі, мәрт, ақын қазақтардың сарқыты. Ең бастысы, адамгершіліктен адастырмас, тура жолдан тайдырмас ұстаным – ғұмырының қайбір тұсында да ұрпақ мүддесіне бойлаған, елдің қамын ойлаған мінезі. Осыдан туындаған қам-қаракеті. Ардақты ағамыздың сексеннің сеңгіріне шыққандығы сыр-сымбаты осындай болса, мақалама Алаштың ақиық ақыны Қадыр Мырза Әлінің шуақты шумағымен нүкте қойғым келеді:

…Мен бұл сөзді ұсақтап,

Майдаламан.

Ел-жұртымсыз, белгісіз, қайда қалам?!

Ақын болып бірдеңе жазарымда

Халық болып алдымен ойлап алам!

Біздің кейіпкеріміз де жас, елге бас шағында жүрегінің шуағы жеткеніне ауылдастарына сөз айтса, еңбек етсе, бүгінгі сексеннің сеңгірінде де уайымы – жерінің амандығы.

Бақыт Сарбалаұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<