Қарасу

35

0

Сурет ашық дереккөзден

Сірә, ХХ-ғасырдың алпысыншы жылдарының аяқ шені-ау, күн кешкіріп қалған кез-ді. Бірақ қараңғылық түспеген. Облыстық «Ленин жолы», («Сыр бойы») басылымынан өндіріс-транспорт бөлімінің меңгерушісі Мырқы Исаев телефон шалды. Мен осы басылымның Арал, Қазалы аудандары бойынша меншікті тілшісімін. Мықаң қалыптасқан әдетімен тым асығыс, желдірте, өктем, бұйыра, қара аспанды төндіре сөйледі.

Досым Тұрсынов

Оған біз үйренгенбіз. Және Аралдан қыз алғандықтан «күйеу бала» деп әзілдейтініміз де бар-ды.

Сонымен келесі аптаға жоспарланған номерге В.И.Лениннің Арал балықшыларына жолдаған хатына сәйкес тұтас бір беттік мақала дайындауымыз керек екен. Ол үшін сол заманда, яғни 1921 жылдың қараша-желтоқсан айларында балық аулап, 14 вагон балық жөнелтуге үлес қосқан қариялармен кездесіп, әңгімелесіп, суретке түсіріп, мейлінше тез редакцияға жеткізуге шұғыл тапсырма алдық.

Мақаш Жұппамбет

Жол қатынасы мүлде қиын-ды. Түн-түнімен әр мекеме басшысының мазасын алып, таң біліне азық-түлік алып жүретін автолавкіге қолым ілінді «Аманөткел», «Аққұлақ», «Бөген», «Қарашалаң» ауылдарынан өткесін, басқа көлікке ауысып, Сырдарияның арғы бетіне, «Терістүбек» қыстағына жеттім. Мұнда өзіме таныс, әке-ағаларыммен бірге балық аулаған, аса зейінді Досым Тұрсынов есімді ақсақал тұратын-ды. Сексенге таянғанда сырқат айналдыра бастаған екен. Десе де басын көтеріп:

– Иә, есімде, бәрі бүгінгідей көз алдымда тұр, – деді Досекең бір жөтеліп алып, – дарияда сең жүріп жатқан, жел құбыладан соғып, теңіз долданып, ақбас толқындары аспанға шапшиды. Жан жолатар емес. Мұзы не қатқан емес, не қарасу емес. Осындай жіңсілең күннің кешінде Ленин патшаның уәкілдері келді дегесін құм төбенің басына жиналдық. Қазан айының орта тұсы-ау! Екі жігіт екен: бірі қазақ, екіншісі де қазақ тіліне судай. Содан түсінгенім Ресей жақта, Еділ бойымен Приуральенің бір бөлігін, Астрахань мен Пермь губерниясын, Татар Республикасын аштық-құрғақшылық жайлап, мал азықтық шөптер қурап, миллиондаған адам және жас балдар қырылу қаупінде екенін есітіп жағамызды ұстадық. Содан аулаған балығымыздың асымдықтан өзгесін тапсырамыз деп уәде бердік. Ал мұнда аласапыран. Жүдә, ұят болды. Ол тұста мен 24-темін. Сенің Мақаш ағаң менен 4-5 жас кіші. Сол бір ақыл қосты. Соның арқасында уәдеден табылдық-ау!

– Дос әке, ол қандай ақыл?

– Е-е, ол ма, ол дарияда ығызбай-ау жүретіндей «Қарасу» алып қалу!..

– Қызық екен. Дарияда қалың сең. Абыржы. Қауіпті. Еш қимыл жоқ.

Сонда «қарасу» алып қалғаны қалай?, – деп едім, Досым көкем:

– Балам, мен шаршадым. Ендігісін Мақаш ағаңнан сұра, – деп төсегіне жантайды.

***

Жүріп келем. Ойланып келемін. Мен де балықшының ұрпағымын. «Дарияны сең буды» дегенді есіткенмін. Жоғарыдан зулап, ағыс айдап келе жатқан сеңнің әлдебір кедергіге тап болып, кідіріп қалатыны бар. Сең бірінің үстін бірі басып, кірпіш болып қаланады. Ондайда дария суы буырқанып, ернеуден асып, суы далаға жайылады. Қатынас тоқтайды. Осыны «Сең буды» дейді. Бірақ ол соншалықты көпке ұзамайды. Және бір сең шоғыры соққанда бәрі жөнге түседі. Ал «қарасуды» алып қалу дегенді білмедім. Арагідік табиғаттың өзі жер ыңғайына қарай орайын келтірмесе… Жо-жоқ мүмкін емес. Ал Мақаш аға:

– Неге мүмкін емес? – деп күлді де тоқтап қалды.

Екінші сыныпта оқып жүргенімде-ақ құс атып, балық аулағанымды білетін-ді. Бұл өнерім жетіншіні бітіргенімше созылды. Одан кейін қол үзіп кеттім. Демек, балық аулаудың да қыры-сыры көп болған-ау!

Бір оқиға есіме түсті. 1947 жылы институттың бірінші курсынан жазғы каникулға келгенмін. Жаз айларында осы «Терістүбектегі» жүзге тарта шаңырақтың бірсыпырасы бүгінгі «Ақлақ» тоспасының маңына қос тігіп, дариядан қолсамармен су алып аз-маз бақша егеді. Дариядан балық аулатпайды. Жазда запрет! Тек жайын қармақ салуға рұқсат. Мектеп оқушылары Шәкізат пен Ерсайын «Тасым» қайырына екі желі қармақ тастаған ғой. Түс ауа барып желі арқанды тартса келмейді. Балық түссе тулар еді, бұлқынар еді. Ондай сыбыс жоқ. 20-30 килолық жайынды ұстағанда аузында 2-3 қармақ жүретін-ді. Ал мұнда тым-тырыс. Ол екеуі үйге келіп, осылай да осылай деп сайрады. Өздері үрейлі. Бұл жұмбақты ешкім шеше алмады. Әңгімеге Оңайбике әжем араласып:

– Әй, сендер Мақашқа барыңдар. Өзен-көлдің маманы сол ғой, – деді. Мәкең, кешкі салқынмен пішен оруға кеткелі жатыр екен.

– А-а, не дейсіңдер? Қармаққа нендей жем іліп едіңдер, – деп сұрады.

– Ескі көңнің ақ құртын ілгенбіз, – деді екі балықшы қосарланып.

– Ә-ә, ірілері де әлі бар екен-ау, – деді шырайланып. Сосын:

– Әй, Бәйбіше, – деді Ұлжан жеңгемізге мойын бұрып. – Қазаныңа су құйып, дайындай бер, бұйырса майлы қарма жейтін болдық!

Біз болсақ аң-таңбыз.

– Оның еш құпиясы жоқ, – деді үрей қысқан екеуге, – қармақтарыңды үлкен жайын басып қалған. Әрине, тірі емес. Қайық және жуан арқан алыңдар. Қазір іздеріңнен мен де барамын.

– Аға-ау, сонда қалай, – деді Ерсайын шыдамсызданып, – 20-30 килолық жайынның өзі желіні үзіп кетеді, ал мынау тым ірі болса…

– Тоқта, шырағым, – деді Мәкең оған таяп келіп, – қармаққа ақ құрт ілдің, басқа жем болса көрінбеуі мүмкін. Ал лайлы суда ақ құрт менмұндалап айқайлап тұрады. Өрден төменге қарай ағыспен жүйткіген ашқарақ жайын аққұртты көрді де сол құлдилаған екпінімен «Ауп!» деп жұтып жіберді. Құртпен бірге қарынға қармақ та зу-у етті! Енді жан бермей көр. Ышқына құлады. Басы батпаққа еніп кетті!

– Апырай-ә! дестік те «Тасым» қайырына жөнелдік. Мәкең жуан арқанның бір ұшын беліне байлап, қолындағы бәгүрді әр тұсқа сүңгітіп жүрді-жүрді де:

– Ә-ә-ә! Жайсаңың мында екен, – деп суға түсті. Онша терең емес екен. Беліндегі арқанды қолына алып, бір-екі рет сүңгіді де:

– Шыдаңдар балдар, арқанды желбезегінен өткізіп алайын, басының өзі дә-ә-ә-у! 7-8-міздің күшіміз жетпес. Түйе әкеліңдер, – деп күлімдеді.

– Арқан жуан, берік. 7-8-міз жабыла тарттық. Жо-оқ, болар түрі жоқ. Ерсайын қос өркешті түйе әкелді. Арқанды алдыңғы өркешіне байлап, өзіміз де қосылып, «айт, шу-у!» дедік. Расында да қара қазаннан да үлкендеу басы көрінді. Бізге еріп келген бала-шаға қаша жөнелді. Жиекке шығарғанда шөккен нар түйедей қара жайын аунап жатты…

***

Пәлен жыл бұрынғы осы көріп-білгенімді ой елегінен өткіздім де:

– Мүмкін еместі мүмкін ететін ақыл мен айла, күш қуат қой, Досым әке, ақыл қосқан сіз деп еді, бүгінде оны идея дейді, ол қандай идея?! – дедім Мақаш көкеме сұрақты жаудырып.

– Досекең сөйдеді ме, – деп таңданыс білдірді де, «Ой, – абызым-ай! Не жақсының бәрін өзгеге телиді де, өзі сыртта қала береді. Әлгі Ленин патшаның хатына еңбекпен, іспен жауап қайыруға жұмылдық. Бірақ абыржы қол байлады. Көлдің мұзы қатқан жағалауына бір-жар ау құрғандар 5-10 килолап балық тасиды. Ау-құрал да, басқа құрал-сайман да кемшін. «Қара-Шоқаттағы» бай сәудегер Иван Кузяға балық өткізіп, бір-екі байлам ау-торын алушы едік. 1917 жылдың соңына қарай олар кетіп болды. Жаңа үкімет «Қосшы» сияқты шағын ұйымдар құрды. Бірақ еш жәрдем болмады. Ойластық кеп, ойластық. Әркім әртүрлі пікір айтты. 18-20 аралығындағы жалын атқан жаспыз. Досекең құлақ салып тыңдап отыр. Үлкен бабалардан есіткенім бар еді, соны көп ортасына салғым келіп:

– Досеке, дарияға ығызбай-ау жүргізсек кәйтеді, – дедім. Отырғандар мырс етіп күлді. Расында күлерлік ұсыныс. Ағысы жойқын, қалың сең жүріп тұрғанда қайдағы ығызбай-ау! Оны жаз мезгілінде ғана жүргізе алатынбыз.

– Тұра қалыңдар, – деді Досекең қолын көтеріп, – Мақаш қайталашы!.. Ығызбай аудың еншісі – қарасу! Су сең астында ғой! – деді Досекең.

– Сеңді тоқтатамыз, Дос аға!

– Пә-лі, дию-пері болсаң кәні! Бұл құрдастарымның әжуасы.

– Айтшы, жойқын ағыспен заулаған сеңге нендей айла жасамақсың?

– Балықшы бабаларымыз қысыл-таяң бір кезде дария сеңін бума-бума сары қамыспен кідіртіпті де, «Қарасу» алып қалыпты.

– Әп, бәрекелді-ай! – деді Дос аға жүзі жайнап, – миыма енді-енді бірдеңелер кіріп келеді. Тұрсын әкем де, осыған ұқсас, яғни дарияның арғы жағынан қап-қап арпа-бидайды сең үстінен қол шанамен алып өткенін айтқан-ды. Расында жанкештілік қой. Онсыз шаруа біте ме? – деді де, – әй, Мақаш, сенің ақылың құптарлық. Ал жігіттер тараңдар. Азаннан тапсырма аласыңдар. Сеңді ұстаймыз, «Қарасу» қалдырамыз!

***

Рух көтерілді. Жігерге – жігер қосылды. Құрғақ қамыс оруға, қайыр талын кесуге, темір сым іздеуге, бөрен, арқан жинауға, қайықты қарамайлап жөндеуге, ығызбай аудың арқалық-табанын ретке келтіріп, қалқы мен қорғасынын байлауға кісілер бөлінді. Мен үйлерді аралап, бәгүр мен шанышқыны есепке алып, қайсыбірін үшкірлеу үшін «қаратереңдегі» көрік соғатын Бүркітбай ағамен тілдесуді және өзен жағасына су құйып қайнататын екі қазан апарып орналастыруды міндетіме алдым. Ағаш сапты бәгүр мен шанышқы сеңнен-сеңге аттаған адамға қауіпсіздік үшін аса қажет-ті.

– Қыруар бейнет қой, аға-ау!

– Ықылас-ынта мен бірлік керек. Осы күндері Дос аға қарайып, мүлде жүдеп кетті. Ауыр салмақ. Көп сенімін ақтау оңай ма? Техника, технология деген мүлде жоқ. Қамыс баулайтын сым табу қиын болды. Жігіттер «Қара-Шоқат» промыселының ескі орнына барып, қалған-құтқан сым бар ма және тағы не бар деп айналасын қаза бастапты. Промыселға іргелес «Тоқпан» ауылының бір қариясы:

– Балдар-ау, не іздеп жүрсіңдер? – дейді ғой қайырымды ана.

– Әже-ау, темір сым іздеп әлекпіз, – десе:

– Бері келіңдер, – деп ізіне ертіпті де еңкеу алаңға апарып: 

– Міне, осы арадан іздегендерің табылады, – депті. Бұйырған дегенді қойсаңшы, бір түйеге жүк болар орам-орам сым шығыпты.

– Аға-а! Дария тасу, ағысы жойқын, сеңді қалай…

– Е-е, сол судың тасқынан ба, қамыстың әрбірі бас бармақтай жуан-ды. Арасына тал қосып темір сыммен бекіткесін бөрене ағаш сияқты қатты да қалды. Сеңді екі тұстан бууға шешім қабылданды. Әуелгісін бұзып өтуі хақ. Десек те бастапқыдай екпіні болмайды. Разгон ала алмайды, баяулайды. Міне, осы екінші тосқауылда қолымызға бәгүр мен шанышқы алып, ұшып-қонған қарға сияқты сеңнен сеңге секіріп, дария мінезімен сырлас сайдың тасындай 20-30 балықшы іске кірісеміз. Үлкен-үлкен сеңдердің ағысын баяулатамыз. Тосқауылға тұмсығын тірейміз. Артынан келген сең де оны итере алмайды. Оған дәрмені жоқ.

– Дарияның ені қанша?

– Шамамен 120 метрге дейін. Барынша қысқа мойынды жерді қаладық қой. Екі жағаға төрт-төрттен сегіз бағана көмілген. Қамыс бума соған керіп байланды. 1-ші тосқауылдың баулығының жуандығы 12 де, 2-шісі 24 сантиметр. Екі есе жуан. Тағы да жарты метр сайын қосымша сыммен буылды. Құрғақ қамыстың суға лезде бата қоймайтыны да есепке алынды.

«Сыдық, бері қара, оң жағындағы қомақты сеңді ұста!» Бұл орта белдеуде тұрып, оң-солын шолған Дос ағаның дауысы. Ұзын сирақты Сыдық құшақ жетпейтін тосқауыл – буманың үстімен заулап, әлгі сеңге бәгүрін кірш еткізді. Ұстады. Тосқауылға баяу ғана жылжып тұмсығын тіреді. Бұзып өте алмады. Соңындағысы да оған жабыса қалды. Осылай-осылай ұзын мұз тізбегі жасалды.

– Көлемі екі шақырымдай айдын ашылды, – деді Мәкең әңгімесін жалғап, – енді бір апталық арпалыстың пайдасын көруіміз керек. Дос аға «Қарасудың» одан әрі молайуын күтпей-ақ ескекшіге Сыдықты алып, ау төкті. Біз болсақ тосқауылдағы бума қамысқа алаңдаймыз. Жо-қ, сең бекіген сияқты.

– Екінші қайықты суға түсіріңдер!

Бұл Дос ағаның тәртібі. Көңілді дауыс. Демек ауда балық көп. Сыралы балықшы ғой, қолындағы шүнек арқаннан-ақ өнім мөлшерін шамалап тұр. Небәрі жүз құлаштай аудың орта тұсында бөліп тастайтын арқау жіп бар. Соны суырып алса ау екіге бөлінеді. Солай етті де, оны барған қайыққа табыстады. Өздері жағаға беттеді. Қу қайық ыңыранып келеді.

– Қазанға су ысытыңдар!

Кілең ақ балық пен тыран. Қып- қызыл майлы.

– Ау құрымды екен, – деді қайықтан түскен Досекең Ығызбай ауды дайындаған Нұрман мен Ршымбетке разылық білдіріп, арынды ағыстың жүрісін (диагнозын) дәл қойыпсыңдар!

– Аудың құрымы дегені қалай?

– Құрымы, а-а, құрымы ма? Қалай десем екен? Е-е, ау-құралдың су астында балық ұстау қабілеті ғой. Иә, иә… Осылай десем шамаға соғар. Теңізге, көлге ауды суға төгесің де қайтасың. Әрине, теңіздегі аудың бас- аяғына көшкі тастайсың. Сары ағыс жүріп, жел соққанда ығып кетпесін деп. Ал ағысы жойқын дарияда бұлай ете алмайсың. Мұндағы біліктік мүлде-мүлде басқаша…

– Мүлде, мүлде.. Ығызбай ау жүргізу соншалықты күрделі ме?

– Аса күрделі, шырағым, – деді Мәкең баяу тіл қатып, – Мана Досекең дарияға ау төгіп бара жатқанда, ауды дайындаған Нұрман мен Ршымбетке көз салсаң етті. Сонда ол екеуінің жүрек соғысын арнайы аппаратпен өлшер болсаң шошыр едің. Неге? Иә, неге? Ығызбай ау көбіне жаз айларында пайдаланылады. Онда да құрымы келіссе, балық түседі. Мұнда қыс. Сең тоқтағанмен қиынды-қиынды күр толастамайды. Сенің қойған «диагнозыңды» бек бүлдіруі мүмкін. Сосын да су астында кездесетін кесірлікті де алдын ала бағдарлау керек. Мәселен, су астына түскен ығызбай аудың ені (кең көзді) 1,5 (бір жарым) метр дейік. Арқалық арқандағы қалқы мен табандықтағы қорғасын аудың су астындағы тепе-теңдігін бірқалып ұстап, тік баяу ығуы тиіс. Сонда балық ұстайды. Ал олай болмаса ау шалқаяды не етпеттей құлайды. Су астында қалқып жүреді. Оған балық түспейді. Досекең ау дайындаған екеуге: «Арынды ағыстың ауанын (диагнозын) дәл қойыпсыңдар» дегенде мақтан сөзді босқа айтқан жоқ-ты.

– Ал қазанға су ысытыңдар деуі ше?

– Жаз емес, қыс айы ғой. Ауды шау басады. Балық ұстайтын көзін бітеп тастайды. Судан шыққан ауды ыссы сумен шайқап алмасаң-ау суға батпайды. Су үстінде қалқиды. Оған балық қайдан түссін?!

– Шау деген не?

– Күр десек те болады. Майда-майда мұз ғой. Су беті тына қалса, кілегей мұзға айналады. Сосын да ауды үш маусым, яғни тәулік бойы жүргізуге ұйғардық. Әр аусымға (сменге) үш балықшыдан. Екеуі ау төгеді. Үшіншісі қазанға су қайнатады. Қайықты қатқан мұздан тазартады. Өзге звенолар да осылай қам жасады. Екінші тәулікте-ақ Ленин патшаның өкілдері түйе керуенімен жетті. Ұмытқан жоқпын. Төрт шана екен. Екі тәулікте ықпанаға төккен балығымыздың жарысын ғана алып үлгірді. Әне екі ай бойғы табысты «Қамыстыбас» стансасына жөнелттік. Ара-тұра егінші жақтан келген сыралғышы нағашыларыңның да (Асан ағайындарды) көлігін жүктеп жіберген кезіміз де болды.

Сыралғышы дегенмен нағашыларым қалта-дорбасыз болмаушы еді ғой, Мәке!

– Иә-ә, тары-сөгін дерменге тартып, ұн етіп балық қармасына араластырған да тәтті-ақ екен. Таңдайыңда қалады, – деді құдаларына қалжыңдап.

***

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – Ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп атап өткеніндей, бұл эссені сол қиын-қыстау кезде ата-бабаларымыздың ұйымдасып жол тапқан ғажайып ерлік үлгісі деп бағалағанымыз жөн-ау!

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТОВ,

тыл ардагері.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<