«Әртістердің реніші түсінікті»: Аида Балаева домбыраны ұшақта тасымалдауға қатысты пікір білдірді

12

0

Фото: ашық дереккөз

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұшақта музыкалық аспапта алып жүруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ министрдің Facebook-тегі ресми парақшасына сілтеме жасап.

Аида Балаеваның айтуынша, әлеуметтік желілерде бірқатар музыканттар әуе рейсіне жүк ретінде ұлттық музыкалық аспап – домбыраның қабылданбағанына реніш білдіріп жатады.

«Әрине, домбыра әр шаңырақтың төрінде тұратын киелі аспабымыз, ұлтымыздың қастерлі мұрасы. Сол себепті, әртістеріміздің реніші түсінікті. Осыған орай, біз жағдайды жан-жақты қарастырдық. ҚР Көлік министрлігінің мамандары анықтағандай, жүк бөліміне көлемі ауқымды емес затты қабылдаудан бас тарту – әуе тасымалдаушысы шығарған ереже емес, тасымалданатын жүктің өлшемдері белгіленген халықаралық стандартты қағида. Әуе кемелерінің барлығының бірдей жүк бөлімінде ауқымды затты салуға мүмкіндік бола бермейді», – деп пікір білдірді министр.

Сондықтан жолаушылар әуе компаниясын тасымалданатын жүк туралы алдын ала хабардар ету керек. Тек содан кейін ғана тасымалдаушыға жауапкершілікті артпай, жүк тасымалдау ережелерін нақтылауға тиіс, дейді Аида Балаева.

«Өкінішке қарай, азаматтар авиакомпаниялар ұсынған шарттармен және ережелермен үнемі таныса бермейді, сондықтан осындай жағымсыз жағдайлар туындайды. Әріптестер, сіздерді өзара сыйластық сақтап, осындай жағдайларды болдырмауға тырысуды, тиісті ережені сақтауға шақырамын. Бұл шаралар жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін қабылданған», – деп қорытындылады сөзін мәдениет және ақпарат министрі.

Еске сала кетейік, бұған дейін домбыраны ұшақта тасымалдауға қатысты дау туындаған еді. Домбырасын ұшаққа алып кіре алмаған айтыскерге қатысты дауға әуе компаниясы пікір білдірген болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<