Қалалық кезең қорытындыланды

72

0

Фото: автордан

Қазақ ұғымында отбасы – өзара сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни, қоғамның діңгегі. Олай болса, отбасының аман-саулығы, татулығы – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен  кемел келешегінің өлшемі. Ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық құн­дылықтар мен салт-дәстүр сабақтастығын терең насихаттау арқылы жас ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңей­туге ықпал еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытындыланды.

Қаладағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған  салтанатты жиын өтті. Байқау жеңімпаздарын қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев құттықтап, қала әкімінің «Құттықтауы» мен бағалы сыйлықтар табыстады.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бақытты және мықты отбасы – елдің амандығы мен өркендеуінің кепілі. Мемлекет алдағы уақытта отбасы институтын қолдап, бұл салада кешенді саясат жүргізеді» деген болатын. Отбасы тұрақтылығы – демографиялық өсімнің бірден-бір қағидасы десек, тұрақты отбасын қалыптастыру әрбір азаматтың міндеті. Халқымызға тән қарашаңырақ ұғымының қадір-қасиетін арттыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақ бойына сіңіру бүгінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының негізіне айналып отыр. Биыл байқаудың қалалық кезеңіне 36 отбасы қатысып, комиссия шешімімен 6 отбасы іріктеу кезеңіне өтті,–деді А.Қайруллаев.

Байқаудың қалалық кезеңінде «Өнегелі отбасы» аталымымен Қызылөзек ауылының Досановтар отбасы, «Өнерлі отбасы» аталымымен Тасбөгет кентінің Ұлықпановтар отбасы, ал «Теміржол династиясы» аталымымен Қызылорда қаласының тұрғындары Байсұғұловтар отбасы марапатталды.

Қызылорда қаласының тұрғындары, Қошқаровтар отбасы байқаудың ІІІ дәрежелі дипломын иеленді. Бұл – 9 бала өсіріп-тәрбиелеп, 20-дан астам немере, 5-6 шөбере сүйіп отырған бақытты отбасы. Отағасы Төлтай Қошқаров 30 жыл №6 кәсіптік-техникалық училищеде шебер болып еңбек еткен, №1 кәсіптік техникалық училищесінде директордың орынбасары болып қызмет атқара жүріп, науқастанып зейнеткерлікке шыққан. Қазір татулығы мен жарастығы мол отбасының абыз атасы.

 ІІ дәрежелі дипломмен Қарауылтөбе ауылынан Жайсаңбаевтар отбасы марапатталды. Отағасы Мақаш Жайсаңбаев (қайтыс болған), жұбайы Күсұлу Жайсаңбаева – еңбек және тыл ардагерлері. Отбасында 7 бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі әулет. Бүгінде жасы 94-ке келген Күнсұлу әже  бақуатты, немере-шөбере, шөпшектің қызығын көріп, әулеттің ұйытқысы болып отырған абыз қария, «Алтын алқа» иегері.

Ал байқаудың І дәрежелі дипломын Қызылжарма ауылының тұрғындары, Жарқынбековтер отбасы иеленді. Отағасы Жарқынбек Әбілпейізов 40 жылдан астам егін шаруашылығымен айналысып, қазір зейнет демалысында. Отбасында 11 бала дүниеге келіп, 50-ден аса немере, 14 шақты шөбере сүйіп, шаңырақ шаттығына бөленіп отырған бақытты ата- әже.

«Мерейлі отбасы» байқауының марапаттау салтанаты қала өнерпаздарының  концертіне ұласты. Жас жыршылар Қуаныш Алғазиев, Нұрболат Темірбай, Жұмаш Жансая Сыр сүлейлерінен жыр толғаса, әншілер Елжан Берістенбаев, Мөлдір Құлахметова, Тоғжан Өтенова, Самал Жұбандықова және «Арайлы» би тобы өз өнерлерімен көрермен көңіліне қуаныш ұялатты.

Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<