Жақсының өнегесі өшпейді

108

0

Шежірелі Шиеліден абыз тарих қатпарына атын алтын әріппен жазып қалдырған қаншама тұлғалар түледі. Қазыналы қойнауына құт байланған мекеннің айтулы перзенттерінің бірі – Ермахан Қасымов.

Оның өнегелі өмір жолы ұрпаққа ұлағат. Атқарған жұмыстары әлі күнге дейін ел есінде ескірмей, жақсының ізіндей әдіптеліп келеді.

Е.Қасымов 1915 жылы Шиелі қыстағында дүниеге келген. Мектеп бітірген бойда астық қабылдау мекемесінде лаборант болып еңбек жолын бастаған. Кейіннен Семей қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Шымкент облысы Шәуілдір ауданындағы астық дайындайтын мекеме бастығы қызметін атқарды.

1938-1946 жылдары соғысқа қатысып, ел қорғады. Карело-фин шығанағында орналасқан барлаушылар отрядында аэро-фото қызмет көрсетуші бөлім бастығының орынбасары болып әскери қызметін өтейді. Олар түн мезгілінде ұшып шығып, жау тылын суретке түсіріп келеді екен. Ержүректігі даналықпен үндескен жанның бойындағы байыптылығы сын сағаттарда әрдайым алға жетеледі.

Сұрапыл соғыс енді-енді басталған жылдары барлаушылар отрядындағы медбике Мария Павелқызымен танысты. Сөйтіп жүргенде майдан даласында барлау тобында қызмет ету ісі тапсырылды. Өзіне берілген істі тиянақты орындайтын әдепкі ұстанымы бойынша жұмысын зор жауапкершілікпен атқарды.

Ұрпақтарына сол кездегі басынан өткерген қиыншылықтарын айтып беретін. Әскерде ең бірінші орында қатаң тәртіп талап етілетінін, атқарған жұмысқа адал болу керектігін үнемі ескертетін.

Жұбайы Мария өз естеліктерінде «Күнде таңертең госпитальға бара жатқанымда, аэродромнан келетін кішкене көпір үстінде көретінмін. Сосын «е-е бүгін де аман екен ғой» деп, шүкіршілік ететінмін. Қасымнан өткен сайын ол маған қарай беретін, біз бір-бірімізді көзқарасымыздан, қабағымыздан түсінетінбіз» дейді.

1945 жылы соғыс аяқталып, ел мамыражай күнге жетті. Жұрт қатарлы екеуі де бұрынғы тіршіліктеріне қайта оралып, Жеңіс тойымен қатар өз тойларын өткізді. Сөйтіп екеуі қол ұстасып туған елге оралып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Олар қиян-кескі ұрыстан аман-есен қалғанын бір-біріне деген боямасыз сезімнің күші деп білетін еді.

Ермахан Қасымовтың майдан даласында, бейбіт күнде көрсеткен ерен ерлігі ескеріліп, «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков», «Еңбек ардагері», Жеңістің мерейтойлық медальдарына, бірнеше мәрте Құрмет грамоталарына, басқа да марапаттарға ие болды. Мемлекет басшысының құттықтау хаттарын алды.

Соғыстан кейінгі жылдары туған өлкенің өсіп-өркендеуі жолында өз қолтаңбасын қалдырып, абыройлы қызмет атқарды. Шиелі аудандық тұтынушылар одағының төрағасы, астық қабылдау мекемесінің бастығы болды. Әскер қатарына қайта шақырылып, әуе-қорғаныс саласында қызметін өтеді. Одан кейін Шиелі, Жалағаш ауданында астық қабылдау мекемесінің басшысы болды. Сол кездің талабына сай мекеме ауқымын кеңейтуге, көптеген құрылыстың салынуына жұмыс жасады. Колхозаралық құрылыс мекемесін құруға, малшылардың әлеуметтік жағдайын көтеруге, мал шаруашылығы өнімін арттыруға   үлес қосты. Ізгі мұратына жету жолында аянбай тер төкті. Бұл ел үшін туған азаматтың асқар биігі болатын. ПМК-05 мекемесін басқарған жылдары ауданда жаңа үйлер салына бастады. Сондай-ақ кеңсе, мәдениет үйі, аурухана секілді әлеуметтік нысандар бой көтерді. Аудандағы мұнай мекемесін, ПМК-14, ПМК-17 мекемелерін басқарды. Ол қандай қызмет атқарса да, адал еңбек етудің өнегесін көрсетті.

Ермахан Қасымовтың тұлғалық қасиетін айғақтап тұратын өнегелі өмір жолы. Отанды қалай сүю керектігін, ешбір кітаптан оқымай жүрегімен сезініп, жан дүниесімен ұғынды. Соның арқасына салған сүрлеу жолы самаладай жарқырап тұр. Естен кетпес сәттері ұрпақ жадында әлі күнге дейін жаңғырып келеді. «Жақсының аты өшпейді» деп осындайда айтылса керек-ті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<