Күріш орағы қарқын ала бастады

103

0

Суретті түсірген Бағдат Есжанов

Облыста егін орағы қарқын ала бастады. Қазірге дейін 290 гектар күріш орылып, 56,5 мың гектар (67 пайыз) алқаптың суы байланды. Күрішті ору мен бастыру жұмыстары қазан айының алғашқы онкүндігінде толық аяқталады деп күтілуде.

Бүгінде «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 117 текше метр су түсіп жатыр. Қоймадағы су көлемі – 1,2 млрд текше метр. Төменгі бөлікке секундына 200 текше метр су тасталуда. Облыс шекарасына 474 текше метр су кіруде. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 3,7 млрд текше метр су лимиті белгіленген еді.

Жергілікті диқандардың қолындағы 4440 ауыл шаруашылығы техникасы толығымен жөндеуден өткізіліп, күзгі егін жинау науқанына қатысуда. Оның ішінде 1890 трактор, 892 комбайн, 498 жатка, 338 жүк көлігі, 822 тіркеме бар.

Биыл 192,7 мың гектарға егiн егілді. Күрiштің көлемі – 84,3 мың гектар. Ал дәндi дақылдар 96,3,  малазықтық дақылдар 71,6, картоп, көкөнiс, бақша 19,8 мың гектарды шамалайды.

Жалпы егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 646 гектарға кеміді. Ал күріш 4,8 мың гектарға қысқарған. Оның орнына суды аз қажет ететін дәнді дақылдар 1280 гектарға, майлы дақылдар 506 гектарға, малазықтық дақылдар 2391 гектарға артық егілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<