Жарты жыл комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі: ІІМ жағдайды өз бақылауына алды

133

0

Фото: ашық дереккөз

6 айдан астам комада ес-түссіз жатқан Алматыдағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар ата-анасының талабымен үйіне шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, әскери қызметшілер арасындағы қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Қазіргі уақытта барлық қажетті сараптамалар тағайындалды, тергеу барысы ІІМ әскери тергеу департаменті басшылығының бақылауында”, – деп мәлімдеді ұлттық ұлан.

Сарбаздың мүддесін қорғайтын адвокат Инга Иманбай Ербаянға әлі мүгедек мәртебесі берілмеген, яғни оның отбасы мемлекеттен ешқандай өтемақы немесе жәрдемақы алмайтыны туралы бірнеше жазба жариялады.

«Ол комадан өзін жақсы сезінгені үшін емес, дәрігерлер оған тек қосымша күтім қажет, енді емделу қажет емес деген сылтаумен шығарды», – деп жазды Инга Иманбай.

Адвокат сарбаздың отбасына көмек қажет екенін айтты. Әлеуметтік желіде Ербаянның анасы ұлының шетелде емделуіне ақша жинау акциясын ашқан парақша да пайда болды.

Ұлттық ұлан әскери қызметкердің ата-анасының талабы бойынша оңалту емі аяқталған соң үйіне шығарылғанын хабарлады.

«Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу мекемесі ІІМ ұлттық ұланның әскери-медициналық басқармасымен бірлесіп, оның мүгедектігін тіркеуге көмек көрсетіп жатыр. Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан қолбасшылығы Бехтерев атындағы психиатрия және неврология ұлттық медициналық ғылыми орталығына, Киров әскери-медициналық академиясына және Ресей Федерациясының Поленов атындағы Ресей ғылыми-зерттеу нейрохирургиялық институтына, сондай-ақ кеңес беру және госпитализация мәселесін қарастыру үшін Түркия елшілігіне хат жолдады», – делінген ІІМ хабарламасында.

Бұған дейін Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап еткен. Содан кейін бас әскери прокуратура Ербаян Мұхтардың ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Жақында ол ауруханадан шығарылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<