Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайға жерлестері көлік сыйлады

72

0

Фото: ашық дереккөз

Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында күміс медаль иеленген былғары қолғап шебері Нұрбек Оралбай туған жеріне табан тіреді. 80 келі салмақта өнер көрсететін спортшы Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айша бибі ауылының тумасы.

Бокстан жалғыз финалист атанған Нұрбекті қарсы алу шарасына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, жамбылдық спортшылар мен қала тұрғындары қатысты. Салтанатты шарада облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы ел сенімін ақтаған Нұрбек бүгінде қазақ боксының мақтанышына айналғанын атап өтті. 

Жамбыл облысы әкімдігі
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

«Шын мәнінде, төртжылдықтың басты бәсекесі саналатын Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілу оңай емес. Оның бұл жетістігінің артында талай жылдар бойы жаттығу залы мен шаршы алаңда төккен тері, ата-анасының, туған-туысы мен спорт жанкүйерлерінің қолдауы және өзіне деген сенімі жатыр. Осы ретте оған дұрыс бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау көрсеткен жандарға алғыс айтқым келеді. Алдына биік мақсат қойып, ел абыройын асқақтатқан Нұрбек болашақта да жарқын жеңістерімен қуантады деген сенім мол», – дей келе, облыс әкімі спортшыға демеушілер есебінен алынған «Huyndai Sonata» автокөлігінің кілтін табыс етті.

Мұнан соң боксшы ыстық ықыласпен күтіп алған жерлестеріне ризашылығын жеткізді. 

Жамбыл облысы әкімдігі
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

«Бұйырса төрт жылдан кейін Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпия ойындарына қатыссам деген ниетім бар. Оған дейін бапкерлеріммен ақылдасып, дұрыс тактика құратын боламыз. Осы жолы тәжірибенің аздығынан алтын жүлде алу бақыты бұйырмады. Мұхиттың арғы жағында өтетін дүбірлі дүрмекте осынау олқылықтың орнын толтырып, жеңімпаз атанамын деп ойлаймын», – деді Нұрбек Оралбай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<