Маймыл шешегіне қарсы вакцина жүргізілмейді

71

0

Фото: ашық дереккөз

Еуропалық денсаулық сақтау органдары маймыл шешегі вирусының жаңа нұсқасымен күресуде қосымша шаралар қабылдаудан бас тартып отыр.

Euronews хабарлағандай, Еуропадағы қалың жұртшылық үшін аурудың қаупі төмен деп бағаланып отыр. Еуропалық Одақ шекаралық бақылауда немесе қауымдастық деңгейінде вакциналау сияқты қосымша шаралар қажет деп санамайды. 

Еурокомиссияның денсаулық сақтау қауіпсіздігі жөніндегі комитеті Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы мен Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің сарапшыларымен кездесуден кейін осындай қорытындыға келді. 

Кездесу бейнеконференция түрінде және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Африканың ауруларды бақылау орталығы өкілдерінің қатысуымен өтті.

Еурокомиссия өкілінің Euronews-ке хабарлауынша, қоғамдық денсаулық жағдайы қазіргі уақытта шұғыл шараларды қажет етпейді. Дегенмен, Комитет үйлестірілген тәсілдің маңыздылығын және жағдайды мұқият бақылауды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасы мен көршілес Африка елдеріндегі індетке байланысты маймыл шешегі (mpox) ауруын халықаралық деңгейдегі денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялады.

Аурулардың алдын алу және бақылаудың Еуропалық орталығы сонымен қатар вирустың Африкада таралуына байланысты маймыл шешегін сырттан әкелу жағдайларының жоғарылау қаупі бар екенін ескертті. Сарапшылар Еуропада вирустың әсері әлі де аз деп санайды, бірақ халықтың хабардар болуын арттыруды, тестілеу жүргізу және науқастардың байланыста болған адамдарды анықтауды ұсынады.

Мамандар маймыл шешегі вирусы тек ауру жануарлардан ғана емес, адамнан адамға жыныстық қатынас немесе ауа-тамшылы жолмен жұғуы мүмкін екенін ескертеді. Орамал немесе төсек-орын сияқты вируспен ластанған заттар да қауіпті cаналады. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<