Қан майданның қаһарманы

109

0

Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл – 79 жыл. Жер шарына үлкен қайғы-қасірет алып келген соғыс 40 мемлекеттің аумағын қамтыды. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен сол сұрапыл майданға қаншама қазақ азаматы да аттанды.  Солардың бірі сырдариялық Орынбай Жолмаханұлы 1943 жылы ақпан айында  соғысқа барды.

Ол 1924 жылы 22 сәуірде Сырдария ауданы «Кооператор» колхозында дүниеге келген. Соғыс басталғанда кәмелет жасына толмаған бозбала болатын. Жастығына қарамастан Орынбай Жолмаханұлы Отанын жаудан қорғауға аттануға біржола бел байлайды. 1942 жылы кеңес әскері қатарына алынып, Өзбекстанның Шыршық қаласында ауыр артиллерия сержанттарын даярлайтын курста оқыды. Қан майданға араласқанда небәрі 19 жаста болатын. Алғашқы соғыс қимылын Полтава қаласында ауыр артиллерия құрамында бастады. Одан кейін 67 арнаулы әуе шабуылына қарсы ауыр зениттік артиллерия құрамында жүріп, немісұшақтарын атып түсірді. Бұл майдан даласында жасаған үлкен ерлігінің бірі еді. Еңбек ескерусіз қалмады. Жауға қарсы шабуылда ерліктің ерекше үлгісін көрсеткен оған   «Ерлігі үшін» медалі табысталды.

1944 жылы Румыния жерінде 582-зениттік-ракеталық корпусы құрамына кіреді. Онда кіші командир болған ол  одақтас елдердің аэродромын жау ұшақтарынан қорғады. 1945 жылы ақпан айында Қырымдағы «Үлкен үштік» одағы үкімет басшыларының «Ялта» конференциясы кезінде зениттік ауыр артиллерия құрамында командир ретінде кенеттен шабуылдарды тойтару бұйрығын орындады. Осындай абыройлы қызметіне орай «Ялтаны қорғағаны үшін» медалімен марапатталды.

Орынбай Жолмаханұлы мұнан соң  бірнеше қаланы жау қолынан азат ету ұрыстарына қатысты. Бұл ұрыста да ерлік көрсетіп, Днепр ГЭС-ін қорғағаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін иеленді. Бұл орден екінің біріне бұйырмайтынын ескерсек, майдангер үшін орны бөлек болатын.

1945 жылы Жеңіс туы желбіреді. Бірақ майдангер соғыс аяқталса да елге оралмай, 1948 жылға дейін Кавказ өңірінде әскерге жаңадан келген жауынгерлерге зениттік ауыр артиллерия техникасын үйрету жұмыстарымен айналысты.

Елге 1948 жылдың наурыз айында  оралды.  Соғыстан кейінгі уақыт тұралап қалған ел үшін ең ауыр жылдар болды. Жоқтан бар жасап күн кешкен халықтың тұрмысы да нашар болғаны белгілі. Ауылға келісімен ел әлеуетін көтеруге атсалысты.  Әуелі ІІІ бесжылдық артелінде полуторка көлігін жүргізді. Одан соң плотина құрылысында, «Ленинград іздестіру экспедициясы» мекемесінде бұрғылау шебері қызметін атқарды. Еңбек жолындағы қызметінде Тасбөгет автобазасында механик, «Риссовхозстрой» тресінің №2 автобазасында колонна бастығы қызметіне дейін көтерілді. Мұнда да майдангер абыройлы қызмет атқарды. Осылайша 50 жыл елге қызмет етіп, бейнеттің зейнетін көрді.

Соғыс ардагері О.Жолмаханұлының соғыстағы және бейбіт өмірдегі еңбегін елі еледі, халқы әрдайым жоғары бағалады. Ерен еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен, Жеңістің мерекелік медальдарымен және «Еңбек ардагері», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілерімен марапатталды.

Саналы ғұмырында майдангер Орал қаласының тумасы Әсия Ізмаханқызымен бас қосып, 5 ұл, 3 қыз тәрбиеледі. Зайыбы сауда саласының үздігі. Еліне сыйлы қария  2003 жылы өмірден озса, жары 2006 жылы дүниеден қайтты. Бұл кісіден тараған ұрпақ бүгінде бір-бір отау иесі, әр салада қызмет етуде.

Міне, бұл – майдангер өмірінің бір парасы ғана. Ержүрек жауынгер, еңбеккер, адал жолдас, қамқор әке бола білген ардагердің ғұмыры кейінгі жас ұрпаққа үлгі. Өзі өмірден өтсе де, оның жасаған ерлігі елдің есінде мәңгі сақталады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<