Көпжақты байланыстар одан әрі нығаяды

132

0

Душанбеге мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты «Қасри Миллат» сарайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қарсы алды.

Ресми шара кезінде Мемлекет басшысының құрметіне зеңбіректен 21 рет оқ атылды. Мұнан соң Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды.

Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Ақ залға өтіп, шағын құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары салаларындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Тәжікстан экономикасын дамытуға тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға Электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық туралы есеп берілді. Президенттерге биыл екі елдің мамандары Интернет-ресурстардың бірыңғай платформасы мен SmartBridge жүйелерінің негізгі компоненттерін Тәжікстан серверлерінде сәтті орналастырғаны жөнінде баяндалды.

Мемлекеттер басшыларының шағын құрамдағы кездесуінен кейін ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мемлекеттік сапардың басты мақсаты достыққа және өзара қолдауға негізделген қазақ-тәжік қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеруді көздейтін ортақ мұратқа сай келетінін айтты. Осы орайда Мемлекет басшысы бүгін қол қойылатын Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шарттың айрықша маңызына назар аударды.

– Аталған тарихи құжат көкжиегімізді кеңейтіп, көпжақты байланыстарымызды одан әрі нығайтудың негізін қалайды. Одақтастық қатынастарды дамыту жолындағы бірлескен әрекетіміз тұтас Орталық Азия өңірінің орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрметті Эмомали Шарипович, қазақ-тәжік ықпалдастығын кеңейтуге елеулі үлес қосқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Шуақты Душанбе қаласына келген сайын зор қуанышқа бөленемін. Әрдайым оң өзгерістерге куә боламын. Сіздің еліңізде жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларды ерекше ықыласпен бақылаймыз, жетістіктеріңізге куә болып отырмыз. Достас әрі одақтас ел ретінде бұған шын ниетімізбен қуанамыз,– деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақ-тәжік ынтымақтастығы барлық бағытта қарыштап дамып келе жатқанын айтты.

– Шын мәнінде, алдыңғы кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың бәрі дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр және екі ел үкіметтерінің бақылауында тұр. Мұны өзім де қадағалап отырмын. Өткен айда премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қатысушылар екіжақты ықпалдастық тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Мақсатымыз – өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Менің ойымша, бұған елдеріміздің әлеуеті жетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мәдениет күндерін ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы, атап айтқанда Душанбенің орталығында қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының ескерткіш-бюстін орнатқаны үшін тәжік тарапына алғыс айтып, мұндай іс-шаралар ортақ рухани-мәдени құндылықтарымызды байыта түсетініне назар аударды.

Өз кезегінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қою ұзақмерзімді перспективада мемлекетаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

– Бұл халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай келеді деп сенемін. Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазақстанның мәдениет күндері, Қазақ киносының күндері өтеді. Екі елдің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, әйелдер мен жастар, кәсіпкерлер бас қосады. Мұның бәрі қос мемлекет пен халықтың достығы берік, бір-біріне жақын екенін әрі ынтымақтастығымыз нығайып келе жатқанын көрсетеді, – деді Эмомали Рахмон.

Кездесу барысында агроөнеркәсіп, су-энергетика, көлік-транзит салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың негізгі басымдықтары мен міндеттері айқындалды. Тараптар бірлескен жобаларды іске қосуға, сондай-ақ бизнеске қолайлы жағдай жасауға баса мән беруге уағдаласты.

Сонымен қатар келіссөздер кезінде цифрландыру, білім беру және ғарыш технологияларын пайдалану бағыттары бойынша өзара тиімді серіктестік аясын кеңейтудің мүмкіндіктері қарастырылды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа салтанатты түрде қол қойды. Екіжақты келіссөздер аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндеріне арналған салтанатты концертті тамашалады.  «Кохи Борбад» сарайында өткен гала-концертте Қазақстан мен Тәжікстанның өнер майталмандары, соның ішінде Astana ballet балет труппасы мен симфониялық оркестрі, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының хоры, Hassak этно-фольк тобы және тағы да басқа шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапарының екінші күні Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті.

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға көрмеде көкөністер мен жемістер таныстырылды. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшыларына ұлттық тағамдар, соның ішінде аспаздар ерекше талғаммен әзірлеген палау түрлері, таба нандар мен күлшелер көрсетілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<