Теңізді өлкенің тынысы

84

0

Арал теңізінің су деңгейі құбылғалы тоғанға балық өсіру идеясы айтыла бастаған. Себебі жылдан-жылға су мөлшерінің азаюы балық санына әсер етіп, күнкөрісін теңізден тапқан ағайынға қиын соғуда. Экологиялық ахуалды есепке алсақ, мәселе кезек күттірмей тұр. Сондықтан қазірдің өзінде ауданда балықты қолдан өсіруге бағытталған 10 жоба қолға алынып, оның 5-уі іске қосылған. Бұл туралы Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтты.

Тоғаннан тоқшылық күтеміз

Аталған жобаның бірі «АралРыбторг» ЖШС-ға тиесілі. Мекеме тұқы балығын өсіретін тоған шаруашылығын құрған. Ол үшін 15 гектар жер алып, аталған аумаққа 4 тоған әзірлепті. Мұнда биыл маусым айында 7,7 млн тұқы тұқымы тоғанға жіберілген. Күзге дейін тоған ауданын 25 гектарға дейін ұлғайтып, кейін қуаттылығы 15-20 млн шабаққа арналған инкубациялық цех ашпақ. Егер жоба соңына жетсе, серіктестік тауарлы балықтың алғашқы партиясын 2025 жылы аулауды жоспарлауда.

Жалпы Арал өңірінде тоған шаруашылығын құруға мүмкіндік мол. Олай дейтініміз, теңізді өлкенің халқы балықтың жайын бес саусақтай біледі. Тәжірибелі маман жеткілікті әрі балық зауыттарында жұмыс істейтін мамандардың білімі кәдеге асары сөзсіз. Оның үстіне кейінгі жылдары мемлекеттің трансшекаралық өзендер туралы саясаты Арал теңізіне құятын суды көбейтуге ықпал етті.

– Кіші Арал теңізіне өткен жылдың осы кезеңінде секундына 6 текше метр су келсе, бүгінде 70 текше метрге жеткен. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10 есеге артып отыр. Мұндай нәтиже жылда бола бермейді. Кейінгі жылдары теңіз деңгейі айтарлықтай төмендеді. Балықшылар ауын жиып, ертеңгі күнге алаңдап отыр.   Дегенмен  атакәсіпті үзбей, саланы әртараптандыру арқылы балық шаруашылығын дамытудың өзге жолын қарастырудамыз. Соның бірі – тоған шаруашылығын дамыту, – деді аудан әкімі.

Инфрақұрылым игіліктері

Жалпы Аралдағы жаңалық жалғыз теңіз төңірегінде емес. Білім беру саласында да салмақты бастама бар. Мысалы, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асуда. Бағдарлама шеңберінде ауданда 300 орындық 4 мектеп бой көтермек. Соның ішінде Арал қаласындағы «Арай» ықшам ауданы мен Сексеуіл кентінде салынып жатқан білім ұялары биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі.

– Жыл басынан бері 240 орындық 2 жеке балабақша пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Арал қаласынан 115 орындық, Ақбай ауылынан 100 орындық және «Қаратерең» ауылынан 75 орындық балабақша ашылмақ.

Ауданда 2023-2025 жылдары аралығында  10 мектептің құрылысы жоспарланған. Қазір жоба-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өткізілген Сапақ, «Жалаңаш» елді мекендеріндегі 2 мектептің мәселесі шешілуде, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Аудан әкімінің сөзінше, инфрақұрылымды дамыту бағытында да оң өзгеріс байқалады. Мысалы, биыл «Сексеуіл» кенті «көгілдір отынға» қосылмақ. Құны 3,5 млрд теңгені құрайтын жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Бұған қоса «Шижаға» елді мекенін де газдандыру қолға алынады.

Сонымен қатар биыл Арал қаласында кәріз желісінің құрылысы жүргізілмек. Жалпы ұзындығы 12 шақырым болатын кәріз желісіне алдымен 15 әлеуметтік нысан қосылады. Ал «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында Арал қаласындағы №4, №5 және №6 шағын аудандарда газ желісінің, ал №1 шағын ауданда электр желісінің құрылысы жүруде. Жиында Арал қаласында 45 шақырым болатын 0,4 және 10 кВа әуе желілерін жаңғырту басталғаны туралы жағымды жаңалық та айтылды. Сондай-ақ биыл «Ақбасты» елді мекенін ауызсумен қамтылса, Тоқабай, Абай ауылдарын сумен қамтамасыз ету жобасы жалғасады.

Арал ауданындағы ауылдар бір-бірінен шалғай орналасқан. Жол салу ісінің тиісті деңгейде жүзеге аспауына да сол себеп. Алайда әкімдік қолдан келгенді жасап, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде шешуге құлықты. Мәселен, қазіргі таңда «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» және «Аққұлақ» елді мекеніне кіреберіс жолдың құрылысы біткен. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жақсықылыш кентіндегі 12 көшенің құрылыс жұмысы  басталса, «Моно және шағын қалаларды дамыту» жобасы аясында Арал қаласындағы 7 көше мен Бақтыбай батыр көшесінің автожолы жөнделуде.

Бұдан өзге Арал қаласындағы 9 көшеге қиыршық тас төсеу жұмысы қолға алынып, Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді қайта жаңғырту жүзеге асуда.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<