Биыл қазан айынан бастап бірнеше жол ақылы болады

74

0

Фото: ашық дереккөз

ҚР Көлік министрлігі биыл 11 жол учаскесі ақылы болатынын және бұл жолдарда ақы алу жүйесі қашаннан бастап енгізілетінін мәлім етті.

«Қазір Қазақстан Республикасы аумағында жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырым болатын 17 ақылы автожол учаскесі бар. Бұл учаскелер 2013-2023 жылдар аралығында кезең-кезеңімен пайдалануға берілді. Олардың ішінде «Астана-Щучинск» (211 км), «Астана-Теміртау» (134 км), «Алматы-Қонаев» (42 км), «Алматы-Қорғас» (295 км), «Астана-Павлодар» (375 км), «Қонаев-Талдықорған» (186 км), «Тараз-Қайнар» (238 км), «Шымкент-Қызылорда» (447 км), «Шымкент-Тараз» (90 км), «Шымкент-Ташкент» (84 км), «Щучинск-Көкшетау» (61 км), «Павлодар-Қалбатау» (453 км), «Бейнеу-Ақжігіт» (85 км), «Орал-Самара» (56 км), «Павлодар-Омбы» (198 км), «Көкшетау-Петропавл» (169 км) және «Орал-Саратов» (99 км) сияқты маңызды магистральдар қамтылды. Атап айтқанда, биыл жол-жөндеу жұмыстарының аяқталуына қарай жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырым болатын автожолдың 11 қосымша учаскесінде ақылы жүйені енгізу жоспарланған», – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Осы учаскелердің ішінде мына жолдар қамтылған: «Қызылорда-Арал» (455 км), «Ақтөбе-Мәртөк» (92 км), «Қостанай-Троицк» (163 км), «Ақтау-Бейнеу» (454 км), «Қостанай-Денисовка» (169 км), «Шу-Бурылбайтал» (184 км), «Үшарал-Достық» (180 км), «Балқаш-Бурылбайтал» (91 км), «Қандыағаш-Мақат» (332 км), Тараз қаласын айналып өту (57 км) және Қарағанды қаласын айналып өту (48 км) жолы.

«Бұл жолдарда ақылы жүйені енгізу олардың жағдайы мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қазіргі кезде жалпы ұзындығы 710 шақырым, яғни «Қызылорда-Арал» (455 шақырым), «Ақтөбе-Мәртөк» (92 шақырым) және «Қостанай-Троицк» (163 шақырым) автожолдардың үш учаскесінде ақы алу жүйесін (ААЖ) енгізу бойынша нормативтік-құқықтық актілердің (НҚА) жобалары әзірленді. Осы учаскелерде ААЖ енгізу биылдың 1 қазанынан басталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырым болатын қалған 8 жол учаскесі ақылы жүйені қосу үшін НҚА жобаларын келісу және талқылау сатысында тұр», – деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Бұған дейін ақылы жолдарда кім тегін жүре алатынын жазған едік.

Көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдың ақшасын төлемегендерге автоматты түрде айыппұл тағайындау қалай іске асатынын айтты. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<