Аудан жаңалықтары

195

0

Комиссияның кезекті отырысы

ҚЫЗЫЛОРДА. Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың төрағалығымен  кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссияның күн тәртібінде  кәмелетке толмаған оқушылар арасында орын алған қылмыстар, сондай-ақ, балалардың білімі және тәрбиесімен айналыспаған ата-аналардың мәселелері талқыланды.

Әлем чемпионатының жүлдегерін күтіп алды

АРАЛ. Осы жылдың 17-22 тамыз күндері  Иордания мемлекетінің астанасы Амман қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U17 жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында аралдық жас спортшы Алпамыс Болатұлы жеңіс тұғырынан көрініп, күміс жүлдегер атанды.

Байрақты бәсекеде топ жарған  спортшыны аралдықтар ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Орталық алаңда жас өренді арнайы күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов  балуанға ізгі лебізін білдірді.

Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы

ҚАЗАЛЫ. Аудандық мәслихаттың кезекті ХХVІ сессиясы өтті.

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет алғашқы жартыжылдықтағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп беріп, алдағы міндеттер мен жоспарлар жөнінде баяндады.

Жыл басынан 11 млрд  теңге болып бекітілген аудан бюджеті 16,9 млрд теңгеге жеткен. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы, өнімнің жалпы көлемі 5,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық орындалған.

Ән байқауында бағы жанды

ҚАРМАҚШЫ. Ақтөбеде қаланың 155, Қазақстан композиторлар одағының 85 жылдығына орай мерекелік шаралар өтуде.

Соның бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі, «Дала дауысы» республикалық байқауының жеңімпазы Орал-Қосай Байсеңгір шығармаларын орындаушылардың «Жем – Сағыздың ән самалы» атты II аймақтық дәстүрлі ән байқауы. Байқауға ауданға қарасты «Ақтөбе» ауылдық округі клубының көркемдік жетекшісі Наргиз Ерлан қатысып, дипломант атанды.

Еңбек ерін құттықтады

ЖАЛАҒАШ. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов Қазақстанның Еңбек ері, «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Қуанышбайұлын қабылдап, 55 жасқа  толған мерейтойына орай облыс әкімінің  құттықтауын табыстады.

Салтанатты қабылдауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудан ардагерлері, «Ер-Әлі» ШҚ төрағасы, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Әліби Бекжанов қатысты.

Тұрғындарды қабылдады

СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға алдын ала жазылған тұрғындар өздерін толғандырып жүрген тұрғын үй, жұмыссыздық мәселелеріне қатысты жеке өтініш-тілектерін жеткізді. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріліп, бақылауға алынды.

Түлектерге мүмкіндік

ШИЕЛІ. Өңірге қажетті мамандықтар бойынша 2024-2025 оқу жылына аудан бойынша облыс әкімі грантының бөлінісі негізінде үміткерлердің құжаттары қаралды.

Әлеуметтік көмек тағайындауға студенттерді іріктеу жөніндегі  конкурстық комиссия хаттамасының шешіміне сәйкес  7 үміткер грант иегері атанды. Түлектер  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жаратылыстану және гуманитарлық бағыттар бойынша білім алады.

Мектептердің  дайындығы пысықталды

 ЖАҢАҚОРҒАН. Аудан әкімі Мажит Самитов кент орталығындағы  білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.

Аралау барысында аудан басшысы сыныптардың, асханалар мен спорт залдардың жағдайын қарады. Мұнан бөлек, сыныптардың керекті жабдықтармен қамтылуын, мектеп асханаларының санитарлық тазалығын, білім ошақтарының ауласын көркейту-көгалдандыру жұмыстарын көріп, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Дайындаған  Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<