Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен кетті

95

0

Фото: ашық дереккөз

Жандос Бүркітбаев денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды.

Премьер-министрдің баспасөз қызметі денсаулық сақтау вице-министрінің қызметінен кеткенін мәлімдеді.

«Үкімет қаулысымен Жандос Қонысұлы Бүркітбаев берген өтінішіне сәйкес денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды», – делінген хабарламада.

Жандос Бүркітбаев 1971 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.

1996 жылы Асфендияров атындағы Алматы ұлттық медицина университетін жалпы медицина мамандығы бойынша, 2003 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша, 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «Жалпы медицина» мамандығы бойынша, 2018 жылы ВШОЗ Қазақстан медицина университетін бітірген. 

Жандос Бүркітбаев еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық клиникалық жедел жәрдем ауруханасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып бастады.

Осы жылдар ішінде Алматы қаласындағы республикалық апаттар медицинасы орталығында дәрігер, денсаулық сақтау министрлігінде бас маман, бөлім бастығы, әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеттің қызметін қамтамасыз ету басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.

2008 жылы Астанадағы қан орталығын басқарды. 2011-2019 жылдары Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының директоры болды.

2019 жылдың 23 қаңтарынан бастап Жандос Бүркітбаев «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқарды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<