Бала тәрбиесінде бәрі маңызды

138

0

Бүгінде өңірде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Нарық заманында кәсіппен шұғылданудың ұтымды тұсы көп. Күнкөріс деңгейін жақсартудың бірден-бір жолы – қолынан келген істі табыс көзіне айналдыру. Өзінің қызығушылығын кәсіпке айналдырып, қарым-қабілетін осы салада сынап жүрген жандардың бірі –  жаңақорғандық Рысжан Төлепбергенова.

Рысжан апа отыз жыл бойы Жаңақорған ауданы Жаманбай батыр ауылында дәрігер болған. Зейнетке шыққан соң еңбектен қол үзбей, 2012 жылы  ауылда алғашқылардың бірі болып «Ақ балапан» бөбекжай-бақшасын ашты. Кәсіпкердің мұндай қадамға баруына мемлекеттік бағдарламалардың бірі ықпал етсе керек.

− Мектепке дейінгі білімді қолжетімді ету – біздің еліміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осы ретте естеріңізде болса, 2010-2014 жылдары «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Басты мақсат балабақшалар желісінің жетіспеуіне байланысты жалпы білім беретін мектептер жанында шағын орталықтар ұйымдастыру болатын. Осы бағдарламаны естіген  кезде өз  кәсібімді бастағым келді. Отбасыммен ойласа келе үйімді балабақшаға айналдырдым. Бастапқы уақытта 25 бала қабылдадық. Кейін екінші топты қосып, балалар саны 50-ге жетті, − дейді кәсіпкер.

Жаманбай батыр ауылында бес балабақша бар. Рысжан апа соған қарамастан кәсібін жандандырып келеді. Қазір жаңа ғимарат салып, балалардың жағдайына ерекше көңіл бөлуде.

− Кәсіп жасау оңай емес. Көп ізденіс, білім керек. Бәселекестікке төтеп бере білуіміз қажет. Осының барлығының артында таудай еңбек тұр. Отбасылық кәсіп болғандықтан барлық жұмысқа өзім бағыт-бағдар беремін, қалғанын балам мен келінім үйлестіреді. Жаңа ғимаратымыз балаларға үлкен қуаныш сыйлауда. Жуырда аттестациядан өттік. Бұл да  − еңбегіміздің жемісі, − дейді ол.

Бүгінде балабақшада 16 адам жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан субсидия алуда. Кәсіпкер жұмысқа  ауылда жұмыссыз жүргендерді алған.

− Кадр таңдауда қателесуге болмайды. Себебі бала тәрбиесі атүсті қарайтын дүние емес. Әрбір тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және  ең бастысы, баланы жақсы көруі тиіс. Сонда ғана жан-жақты балалар тәрбиеленіп шығары сөзсіз. Осы ретте мамандарды ауыл тұрғындарының арасынан алдым. Барлығының біліктілігі жоғары. Бұдан бөлек, қазір балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ән-би үйірмесін аштым. Жүзден аса бала үйірмеге қатысады. Алды жүлделі орындарға ие болды, − дейді кәсіпкер.

Балабақшаның басты ерекшелігі,  мұнда бал тілді балғындарды қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа баулу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау көзделген. Сонымен қатар кішкентайлардың денсаулығы басты назарда. Дәрігерлер бөбектерді күн сайын тексеріп отырады. Ал ата-аналар бұл балабақшада білімді әрі саналы ұрпақ өсіп шығатынына сенімді.

Осындай өте күрделі де жауапты істі қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта жұмыс аясын кеңейтуді көздеп отыр. Адал еңбегімен өз замандастарына үлгі болып жүрген Рысжан апаның идеясы ауыл тұрғындарының көңілінен шығуда. Жақсы бастама тек қана биіктерге жетелейтінін ешқашан есінен шығармайды. Мұндай істе әлбетте, береке болатыны анық.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<